Мадина – Көкшетауда туып өскен. Қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебін 2015 жылы тәмәмдаған соң, Гонконгқа оқуға түскен. Қазіргі уақытта оқуын аяқтап, Big Four-да менеджмент консультант болып істейді.
Камила – Алматының тумасы. О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің түлегі. Қазір AIA Азиядағы ең ірі сақтандыру компаниясында бизнес-аналитик болып қызмет етеді.
Мадия – Ақтөбеде дүниеге келген. Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуы оның өмірінде шешуші роль атқарып, шетелде оқуға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта The Hong Kong Polytechnic University-да дизайн мектебінде Research assistant болып жұмыс істейді.
Неліктен Гонконгта білім алғың келді?
Мадина: Шетелде оқу үшін мектеп бітіретін жылы әр елдегі бірнеше жоғары оқу орындарына құжаттарымды тапсырдым. Бірінші IELTS сертификатын, одан кейін табельдерімді, аттестат, сабақтан тыс уақытта белсенді болғаным үшін алған мақтау қағаздарымды да қостым. Одан кейін мотивациялық хат жаздым. Осы құжаттардың бәрін ағылшын тілінде өткіздім. Өзім тапсырған университеттер жайлы мектеп профориентаторынан біраз ақпараттар алдым, қалғанын интернеттен іздедім.
Гонконг политехникалық университетінен «Толық грантқа ие болдыңыз» деген құттықтау мен шақыру қағазы наурыз айында келді. Жан-жақты ойланып, Гонконгта білім алуды ұйғардым. Hong Kong Polytechnic University-де менеджмент мамандығын алып шықтым.
Бұл оқу орнында мені таңқалдырғаны – өзге елден келген студент 18 жасқа толмаса, оған бірінші жылы жергілікті бір отбасы қамқорлық жасайды. Осы жерге, қоғамға адаптация жасауға көмектесіп, қолдау көрсетеді. Гонконгқа келгенде 17 жаста едім. Содан маған бір жанұя 12 ай қамқоршы болды, қазір сол отбасыма алғысым шексіз.
Камила: Гонконгта оқуды жоспарламадым. Әрдайым Америкада білім алуды көздедім. 2014 жылы біздің валютада девалвация болып, шетелде оқу өте қымбатқа түсті. Сондықтан Алматыға қайтып, QS Ranking арқылы университеттер іздей бастадым. Нәтижесінде Гонконг пен Оңтүстік Кореяда тағы бірқатар елде оқу бағасы (Америкамен салыстырғанда) қолжетімді, тіпті тегін білім алуға болатындығын анықтадым. Содан сол жақтарға жай тапсырып көрейін деп шештім. Басында Америкада оқуды жоспарлағаныммен, АҚШ-та тегін білім алу сол кезде ақылға қонымсыз сияқты болып көрінді.
Мені бірден үш университет қызықтырды. Олар: HKU, CUHK, HKUST. Өйткені бұлар рейтинг бойынша алдыңғы орындарда орналасқан. HKU дың дедлайнын өткізіп алдым. HKUST-ға тапсырдым, олар маған толыққанды offer берді. Бірақ оған қарағанда CUHK маған көп мүмкіндік бергені үшін The Chinese University of Hong Kong-ты таңдадым.
Мадия: 2016 жылы The Hong Kong Polytechnic University -ға Chemical Technology мамандығына түстім. Бірақ оқуды бастағаннан кейін таңдаған мамандығым менікі емес екенін түсіндім. Әрине, 1-курста болашақта қай жерде, кім болып жұмыс істегім келетінін нақты білмедім, бірақ дәл лабораторияда жұмыс істегім келмейтін. PolyU-дың оқыту әдістері ұнамады, факультетімдегі профессорлардың дәрістері де қызықтырмады.
Содан Hong Kong Baptist University-ге Business Administration мамандығына қайтадан 1-курсқа түстім. Университетті ауыстыру маған қиын болған жоқ, себебі мен HK PolyU-да ешқандай құжатқа қол қоймадым. Алайда HKBU оқуды бастағаннан кейін факультетті немесе университетті ауыстырған жағдайда толық стипендияны өтеу туралы құжатқа қол қойдым. Бизнес саласы мені бұрынғы мамандығыма қарағанда қызықтырды. Сондай-ақ HKBU-дағы профессорлардың да жасы кіші және ағылшыншасы жақсы болды. Негізі Гонконгтағы бизнес мектептер мен профессорлық құрам жақсы репутацияға ие.
Гонконгта оқу қиын ба?
Мадина: Мұндағы білім жүйесі британдық жүйеге негізделген. Гонконгта оқу – әлемдік стандарттарға сай, талаптары өте жоғары, жан-жақты терең білім алуға барлық мүмкіндік жасалған.
Жақсы оқитын, белсенді білім алушыларға Exchange бағдарламасымен бір семестр кез келген шет елдің университеттерінде оқуға мүмкіндік береді. Осы бағдарлама бойынша Англиядағы University of Cambridge пен Канададағы University of Alberta оқу орындарында бір-бір семестрден білім алып келдім.
Камила: Гонконгта оқу қиын деп айтар едім. Бірақ ол қандай мамандықта оқитыныңа байланысты. Инженерияны оқу өте қиын, себебі теориясының ауырлығы өз алдына, оны іс жүзінде іске асыру тіпті қиын. Гонконг білім беру жүйесінің артықшылығы – оқу ағылшын тілінде өтеді. Білікті профессорлар лекцияны тамаша түсіндіреді. Мұндағы халықаралық атмосфераның өзі ерекше.
Бұл жерде жемқорлықты кездестіру мүмкін емес. Анда-санда студенттер көшіруі мүмкін. Бірақ оған Қазақстанмен салыстырғанда өте қатаң қарайды. Шетелде оқудың бір артықшылығы өз бетіңше өмір сүре бастайсың. Есейесің. Егер сіздің қандайда бір жетістіктеріңіз, мақтау қағаздарыңыз болса, бұл – артықшылық. Гонконг стипендия жағынан жомарт.
Мадия: Егер шыныменде сабаққа көңіл бөлетін болсаң, ешқандай жерде оқу қиын емес. Иә, сенен төзімділікті, жақсы тайм менеджментті талап етеді, бірақ оның бәрін бірте-бірте үйренесің.
НЗМ, БИЛ, РФММ (РФМШ) және сол сияқты өзге интенсив білім беретін мектептерді бітіріп шыққаннан кейін үлгерім жағынан қиындықтар туындамауы мүмкін. Бірақ, әрине шетелде оқыған кезде GPA балыңды ұстап тұру қажет. Себебі GPA стипендиядан айырылмау үшін өте маңызды, сондықтан сабақты жақсы оқуға бұл да кәдімгідей мотивация береді.
Гонконгта жұмысқа қалай орналастың?
Мадина: Мұндағы соңғы курстағы студенттер алдын ала жұмысқа орналасуға тырысады. Сол үшін әртүрлі компанияға резюме жібереді. Мен де 4-курстың аяғында солай жасадым. Бірнеше мекемеге түйіндеме тапсырдым.
Егер резюмең жұмыс берушілердің көңілінен шықса, бірінші іріктеуден өтесің. Екінші этапта үміткерлер онлайн тест тапсырады. Тестте жақсы нәтиже көрсетсең, бетпе-бет әңгімелесуге шақырады. Барлық критерийге сәйкес болған жағдайда жұмысқа қабылданады. Жұмысқа орналасу үшін мен де осы кезеңдерден өттім.
Камила: Қазіргі уақытта AIA Азиядағы ең ірі сақтандыру компаниясында бизнес-аналитик болып жұмыс істеймін. Жалақысы да, менеджерлер да керемет, маған бәрі ұнайды.
Барлық жерге түйіндеме жіберіп көру керек. GPA балының жоғары болуы да кәдімгідей роль атқарады. Мамандығыңның да сұранысқа ие болуы, дағдылар мен тіл білу де маңызды. Тіпті көп жағдайларда кантондық қытай тілі де қажет деп айтар едім.
Гонконгта оқу бітірген студенттерге айқын артықшылық берілген. Олар оқу орнын тәмәмдаған соң IANG визаға өтініш бере алады. Бұл виза бір жыл бойы Гонконгта жұмыс істеуге рұқсат береді. Мерзімі біткен соң оны жаңартуға болады. Гонконгта 7 жыл тұрсаң, саған бұл қалада тұруға ықтиярхат беріледі.
Мадия: Көп жерге түйіндеме өткіздім, өте көп. Бір айда 132 рет резюме жіберген екенмін. Бұл өте қиын болды, позициялар қысқарғандықтан, бәсекелестік деңгейі де айтарлықтай өсті. Өкінішке қарай, жалақы мөлшері де азайды, бірақ жалақым негізі өзіме жетеді.
Қазір The Hong Kong Polytechnic University -да дизайн мектебінде жұмыс істеймін. 1-курста кетіп қалған оқу орнында қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрмін.
Мұнда шетелдіктерді жұмысқа алатын халықаралық, жергілікті компаниялар жетерлік. Сондықтан ағылшын тілін білсеңіз, жұмыс табуға болады. Гонконгта магистратура бітіргендер жоғары бағаланады.
Гонконгтағы өмір жайлы
Мадина: Гонконг – шығыс пен батыстың қосындысы болған халықаралық сипаттағы азиялық мегаполис. Жергілікті мәдениетіне түп тамыры қытай мен британдық менталитет араласқаны байқалады. Бұл сәулет өнерінен, көше атауларынан, түстен кейін шай ішу дәстүрлерінен және екі қабатты трамвайларынан көрініп тұрады.
Сондай-ақ маған бұл жердің табиғаты да ұнайды. Мұнда қаланың шуы мен қарбаласынан тынығуға болатын әдемі жерлер жетерлік. Гонконгтағы адамдар еңбексүйгіш, көп жұмыс істейді. Мұндағы жергілікті тұрғындар өте тәртіпті, еңбекқор және ережелерді қатаң сақтайды.
Камила: Гонконгта өмір сүру өте қымбат. Жалға алу ақысы да тым жоғары. Тамақтану да талғамың мен қалтаңдағы ақшаңа байланысты. Мен бұған көп ақша жұмсамаймын. Өзім дайындауға тырысамын, кейде онша қымбат емес жерлерге барамын. Егер Гонконгта өмір сүргің келсе, қажырлы еңбек етіп үйрену керек. Қанша көп жұмыс істесең де, кеш болып кетсе де, саған жұмыс істеу қажет. Мен өте көп сағат жұмыс істеймін. Қызметке уақытылы келу, тапсырманы орындау, қандай да бір міндеттемеге «жоқ» деп айтпау керек, яғни мұнда жұмыстағы саясат өте қатал.
Мадия: Менің ойымша әркімге әрқалай. Артықшылықтары көп. Көзтартарлық табиғаты, таулар, жағажайлар, көк тіреген өте биік ғимараттары мен ауылдары, бір-біріне қарама-қайшы локациялары адамды өзіне баурап алады. Көбі ағылшын тілін біледі. Егде жастағы қарт адамдар сені түсінбеген күннің өзінде олар саған мимикамен болсын көрсетіп көмектесуге дайын тұрады. Жазда, сәуір, мамыр айларына қарай мұнда өте ылғал болады. Ол қыркүйектің соңына дейін жоғары деңгейде тұрады. Бірақ барлық жерде кондиционерлер орнатылған. Бұл да – Гонконгтың артықшылығы әрі кемшін тұсы.
Add comment