Қырмызы Еуропадағы 50 жылдық тарихы бар Zuhlke компаниясында бағдарламалаушы қызметін атқарады. Сонымен бірге Google Developer Expert in Kotlin атанды. Біз Қырмызымен IT саласындағы қызметі, жетістігі және ірі компаниялар мәдениеті туралы әңгімелестік. Ол жас бағдарламалаушылырға көп кеңесін айтты.
— Компьютерді қолдануды білмей, IT мамандықта оқу мүмкін бе?
— 11-сыныпта оқып жүргенімде ХАТУ жаңадан ашылғалы жатты. Мектебімізге сол университеттің өкілдері келіп таныстырды, бір сөзбен айтқанда, жарнамасын жасады, маркетингі мықты болды. Маған бірден логотипі ұнады, сыртында «Қазақстанның интеллектуал элитасы» деп жазылып тұрды. Сөйтіп, 2009 жылы ХАТУ-ға «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына оқуға түстім. Өзім компьютерді сөндіріп, қосудан басқа ештеңе білмеймін. 1-курста компьютер бойынша тест аламыз деді. Соған дайындалу үшін кітап сатып алдым. Кітапта компьютерді қалай қосудан бастап, Delete деген не, оң жақтан солға қарай қалай өшіреді – бәрі жазылған. Тесттен сүрінбей өту үшін бәрін жаттадым. Тіпті, антивирустың не екенін білмедім. Компьютерге керек деген соң екеуін бірдей орнаттым. Сөйтсем, тек біреу орнату керек екен. 3-4 курсқа келгенде Android әзірлеуші болғым келетінін түсіндім.
Ал iOS әзірлеуші болу үшін MacBook қолдану керек. Ол кезде қымбат тұрды, қолжетімсіз болды. Android тегін болды, сосын кез келген құрылғыға көшіріп, жұмыс істеуге болады.
Университетті бітірген соң 1,5 жылдай Алматыда Android әзірлеуші болып жұмыс істедім. Онда VoxPopuli, Chocolife.me сияқты компанияларға Android нұсқасын жасадық. Кейін Малайзияға оқуға кеттім.
— Еуропадағы ең ірі компанияға қалай жұмысқа тұрдыңыз?
— «Оқу керек, ел көру керек» деген мақсатпен бірнеше елдің университетіне магистратураға құжат тапсырдым. Сөйтіп, Малайзияға оқуға түстім. Бірақ магистратураны бакалаврды бітіре сала оқымау керек екенін түсіндім, біраз тәжірибе жинау қажет. Малайзияда Post-Graduate дипломын алып, жұмысқа тұрдым. Кейін Сингапурге көшкім келді. Өйткені онда Google, Facebook, Microsoft сияқты ірі IT компаниядар көп. Малайзияда 4-5 жылдай тұрып, Сингапурге көштім. Көшкеннен кейін стартапта бір жылдай жұмыс істедім. Кейін пандемия басталып, стартаптың жағдайы нашарлады. Сосын ірі әрі тұрақты компания іздедім. Таңдауым швейцариялық Zuhlke деген компанияға түсті.
Жұмыс іздегенде компанияларды әбден зерттедім, болашақ әріптестеріңнің қандай екенін LinkedIn-нен білдім. Олардың Zuhlke туралы пікірін білдім, тіпті, кейбірі университетті бітіргеннен, 17-20 жылдан бері сол жерде жұмыс істеп келе жатқан екен. Жұмысқа қабылдау кезінде бірнеше турдан өттім. Алдымен қоңырау шалады. «Қандай жұмыс істегің келеді?», «Бұған дейін немен айналыстың?» деген сұрақтар қойып, сөйлестік. Екінші турда бағдарламалау туралы жеңіл сұрақтар қойды. Сөйтіп, барлығы бес турдан өттім.
Әр турдан байқағаным – қызметкерлерінің кішіпейілдігі, адамгершілігі, адамдарға қарым-қатынасы қатты ұнады. Сосын компанияның тарихы көңіліме жақты. Осындай белгілері оны жақсы жағынан көрсетті.
1-2 жылдан соң Қазақстанға қайтамын деген жоспарым болды, бірақ әлі де кәсбіи болғым келеді. Қазір көп нәрсе үйреніп жүрмін, әлі үйренетінім де көп.
— Google-де жұмыс істеймін деген арманыңыздан неге бас тарттыңыз? Zuhlke қандай компания?
— Zuhlke – 53 жылдық тарихы бар технологиялық компания. Аустрия, Болгария, Германия, Гонконг, Португалия, Сербия, Сингапур, Швейцария, Ұлыбритания және Вьетнамда 1300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Клиенттердің бизнес моделіне жаңа технология көмегімен кеңес беріп, түрлі қызмет көрсетеді.
Google, Facebook сияқты ірі компаниялар work-life balance және жоғары жалақысымен танымал. Zuhlke де Еуропада қызметкерлерге жасалатын жағдайы жағынан Google-ден кем емес.
Бізде қызметкер жұмыс уақытының 20%-ін өзін дамытуға жұмсауы керек деген қағиданы қатаң ұстанады. Мысалы, басқа программалау тілі немесе Scrum master сертификатын алу сияқты тағы басқа курстарын тегін оқи аласыз.
Өзіңізді тек атақты компанияларға ғана байлап қоймай, жағдайы жақсы, кәсіби мамандар жұмыс істейтін ортадан да көп нәрсе үйреніп, карьера құра аласыз.
Әріптестерім әрдайым көмектесуге дайын тұрады, сұрасаң, кеңесін аямайды. Компанияда ментор, менти бағдарламасы бар. 20-25 жыл тәжірибесі бар адамдар жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесін бөліседі.
Сингапурде junior бағдарламалаушылардың айлығы 3500-5000 долларға дейін, middle-дердікі 5000-7000 доллар, senior бағдарламалаушылар 7000 -нан бастап 100 мың, миллионнан көп жалақы алады.
— Білікті бағдарламалаушыға шетелде оқу немесе ірі компанияда жұмыс істеу қаншалықты маңызды? Жұмыс іздегенде нені ескеру керек?
— Қазақстанда ақпараттық технологияны шетелдік жоғары оқу орындарынан кем оқытпайды. Отандық университтеде оқып, шетелдік ірі компанияларда жұмыс істеп жүрген талай қазақстандық бар. Сондықтан міндетті түрде шетелде оқу маңызды емес, бірақ оқысаңыз жақсы, ел көріп, жер көріп, басқа мәдениетті танып, тәжірибе жинауға болады. Білмейтін технологияңызды интернеттен-ақ қарап, үйреніп алуға болады.
Мысалы, мен неге шетелде жұмыс істегім келді? Ол жақта көптеген кәсіби маманмен жұмыс істеп, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік бар. Мысалы, қазір Zuhlke-де айналысып жатқан жобамыз 5-6 елді қамтиды.
Әркімнің өз жолы болады. Дегенмен жоғары оқу орнын бітірген соң компанияға қарап емес, ондағы қызметкерлеріне қарап жұмысқа тұрған дұрыс.
Себебі жоғары оқу орнын жаңа бітіріп жұмысқа тұрған жас маманға тәжірибелі senior бағдарламашы бекітіледі. Ол бағыт беріп, білмегенін үйретеді. Менің жолым болды, senior-ым дамуыма көп көмектесті, түрлі кітапты ұсынып, бағыт берді. Сол үшін білікті senior-ге жолығу өте маңызды.
Сосын жұмысқа тұрғанда ондағы қызметкерлерді зерттеу өте маңызды. Себебі сізге қиын тапсырма бергенде көмектесетін де, түскі асқа бірге баратын да, әңгіме айтып, пікір алмасатын да – солар.
Жұмыс табу үшін ағылшын тілін жақсы біліп, сауатты түйіндеме құру қажет. Сосын сол қызметке сізді ұсына алатын адам тапсаңыз, тіпті жақсы. Себебі ұсынылған адамның түйіндемесін бірінші кезекте қарайды. Егер бір танысыңыз істейтін компанияға жұмысқа тұрғыңыз келсе, оған «Мен осындай жұмыстарды істей аламын, мені осы лауазымға ұсына аласыз ба?», деп өтініш жасасаңыз, 100%-дан 99% адам сізді қуана-қуана ұсынады. Сол кезде сізді жұмысқа алса, компания оған жақсы қызметкер тауып бергеніне рақмет айтып, сыйақы тағайындауы да мүмкін. Компаниялар мұндайды жақсы бағалайды. Сондықтан шетелдік компанияда жұмыс істейтін жерлестеріңізге өтініш жасаудан қорықпаңыз.
— Google Developer Expert in Kotlin атандыңыз, құттықтаймыз! Мұндағы қызметіңіз қандай?
— Google Developers Expert (GDE) – Google-дің 20-ға жуық өнімінің біріне немесе бірнешеуіне маманданған сарапшы. Ол – бірнеше сынақтан өткен және Google Inc.мойындаған тұлға. Бұл оны Google-де жұмыс істейді немесе жалақы алады дегенді білдірмейді. Қазір әлем бойынша 800-ден астам GDE бар. Олар мындай артықшылыққа ие болады:
- Google-ді мойындату;
- Google-дің командасымен және өнімді әзірлеушілермен байланысу мүмкіндігі;
- GDE сарапшыларының жабық тобына қосылу;
- Google-дің іс-шараларына шақырту алу.”
Google-дің неше түрлі технологиясы бар. Оны қолданатын адам көп. Олар Google-де жұмыс істемеуі мүмкін, бірақ технологиясын жиі қолданады. Мысалы, Android жыл сайын 12, 13 болып жаңарып отырады. Оған жарнама жасайды, қалай қолдану керек екенін түсіндіреді.
Ал мен Kotlin жайлы контент дайындаймын, айтамын, басқаларға түсіндіремін. Kotlin-де жаңалық болып жатса, соны басқаларға хабарлаймын. Жаңа қосымшасы шықса, жарияланбай тұрып, алдын ала альфа, бета тестерінен өтемін, артық, кем жері болса, пікірімді айтамын.
Google Developer Expert болу үшін әуелі тақырып береді. Менің тақырыбым Kotlin жайлы болды. Kotlin 2017 жылдан бері танылып келеді. Өйткені сол жылдан бастап ол Android-тің ресми бағдарламалау тілі болды. Оған дейін Java-ны қолдандық. Мысалы, бір технологияны қолданасыз, кейін оның кемшіліктерін көресіз. Ал Kotlin сол проблемаларды оңай шеше алатын бағдарламалау тілі болды. Сондықтан Android құрастырушыға оны білу міндетті.
Expert болу үшін сол тақырыпты жыл сайын қорғау қажет, желіде түрлі жазба жазып, видео түсіріп, сұхбаттасудан өту керек. Сұхбатта өзіңіздің нағыз сол саланың кәсіби маманы екеніңізді дәлелдеу қажет. Expert атағын алғандар Google-дің түрлі конференциясына тегін қатысады. Онда тек таңдаулы мамандар шақырылады, билет та сатылмайды. Конференцияда kotlin еxpert ретінде пікір білдіріп, тәжірибе алмасуға болады.
Қазақстанда мұндай эксперт жоқ. Бірақ мен еxpert атағын Сингапурде алғандықтан, мекенжайымды Сингапур деп көрсетеді. Дегенмен Google Developer Expert атағын алатын кезде сұхбаттан өткенде Қазақстан туралы айттым. Кей жазбаны, видеоны қазақша дайындайтынымды, Қазақстанда мұндай әлі дамымағанан айттым. Сөйтіп, қазірге дейін Қазақстанда, Қырғызстанда, Түркіменстандағы комьюнитилерде Kotlin жайлы қазақша, орысша дәріс оқыдым. Kotlin жайлы қазақша видеолар түсірдім, желіде жазбалар шығарып жүрмін.
Google-дің өніміне қызығатын кез келген адам GDE бола алатынын айта кеткім келеді. Ол үшін түрлі контент дайындап, бір өнім бойынша білікті маман болса, жеткілікті. Бұл туралы толық білгісі келетіндер маған LinkedIn-де немесе Instagram-да жазса, түсіндіруге әрқашан дайынмын.
— Интернетті қазақша контентке толтыру неліктен маңызды?
— Интернет көптеген тегін курс пен мақалаға толы. Бұл контенттің барлығын біз адамзат болып толтырамыз. Осы контенттің мазмұнына, санына байланысты неше түрлі бизнес идеялар мен жобалар пайда болады. Мысалы, барлығымыз қолданатын Google Translator жобасы тікелей контент көлеміне байланысты. Жер жүзінде мыңдаған диалект пен тіл болғанымен, байқасаңыз, Google Translator 100-150 тілді ғана аудара алады.
Қазақ тілі де осыдан 5-7 жыл бұрын Google Translator-да болмады. Оның болмаған себебі – қазақша контенттің аз болуы. Ал қалайша контент көбейіп қазақ тілі Google Translator аударатын тілдердің бірі атанды десеңіз?! Бұл мәселені Қазақстанда алғаш Wikipedia сайты мен WikiBilim қоғамдық қоры көтерді. 2011 жылы студент кезімде WikiBilim қоғамдық қоры интернеттегі қазақша контентті көбейту үшін жоба құрды. Жобаға 100 шақты адам қатысып, Wikipedia сайтын қазақша ақпаратпен толдырды. Мен ол жобаға жазғы демалыс бойы қатыстым. Бос уақытымда, мақалаларды ағылшын тілінен аударып жүрдім.
— Қазақ қыздары неге гендерлік теңсіздікке ұшырайды?
— Өз ісіңіздің шебері болсаңыз, кәсіби болсаңыз, сіздің жынысыңызда ешкімнің шаруасы болмайды. Декретке шыққан бағдарламашы үйде де жұмыс істей алады. 2013 жылдан бері жалақы бойынша жұмыс істеп келемін, жұмысқа алу кезінде гендерлік теңсіздікті байқамадым.
Қазақ қызын қырық үйден тыйып, тәрбиелеген. Ал жігіттерді керісінше «Сен еркексің, сен бірінші сөйлеуің керек», «Дауысыңды қатты шығарып сөйле» деп өзіне сенімді етіп өсіреді. Сондықтан қазір қазақ қыздары қызметте де сыпайылық сақтауға тырысады, біліп тұрса да, бірінші болып айтуға асықпай жатады. Ал жігіттер бірінші айтып, көзге көрінеді. Мүмкін осы менталитетке байланысты теңсіздік байқалатын шығар. Меніңше, барлық адам тең, егер кәсібіңізде нағыз мықты болсаңыз, ешқашан ұялмай, білгеніңізді дауыстап айтыңыз, сонда сізді бәрі естейтін болады.
— Жас программистерге қандай кеңес бересіз?
— 1-курс оқып жатқанда компьютер қолдануды білмедім. Ақбота Сенкебаева деген күшті мұғалімім болды, сол кісіге «Бағдарламалау менің қолымнан келмейді, не істейтініміді білмеймін» деп жылап бардым. Сол кезде «Бағдарламашы болу дүниеге келгенде бірге туатын талант емес, ол – еңбек» дегені есімнен кетпейді. Сондықтан еңбекқор болсаңыз, бар ынтаңызбен білім алсаңыз, онда міндетті түрде жемісін көресіз.
Add comment