Жетістікке жету үшін не керек? Әрине, «мотивация», «ізденіс», «сәттілік» деген жауаптар бірден ойға оралады. Дегенмен жетістікке жеткен тұлғалардың бұл тізімде жоқ ортақ құпиясы бар. Ол – кітап оқу. Илон Масктан «Зымыран жасауды қалай үйрендіңіз?» деп сұрағанда «кітап оқу арқылы» деп жауап беріпті. Марк Цукерберг 2 аптада бір кітап оқыса, Билл Гейтс аптасына бір кітап оқуды әдетке айналдырған. АҚШ-тың ең табысты инвесторы Уоррен Баффет күн сайын 500 бет кітап оқуды әдетке айналдырған. «Жетістікке жету үшін күн сайын кітап оқу қиын емес, бірақ бұл әркімнің қолынан келмейді», – дейді ол. Демек, табысты болудың алғышарты – кітап оқу. 

«Ми жылдам оқығанда ақпаратты тез өңдейді» 

Ақпарат ауқымы көбейген сайын адам аз уақытта көп нәрсе оқуға, білуге талпынады. Ал жылдам оқу техникасын меңгерсеңіз, бір күнде бір кітапты оқып, түсіне аласыз. Sana оқу-дамыту орталығының негізін салған Назерке Құлжабайдың айтуынша, жылдам оқу кітаптың мазмұнын түсінуге кедергі келтірмейді екен. 

Адамның миы ақпаратты өте тез өңдеу қабілетіне ие. Сондықтан баяу оқығанда ми жалығып, ұйқымыз келеді. Жылдам оқыған сайын ми оянып, жылдам жұмыс істейді. Мидың мүмкіндігі шексіз, тек оны пайдалана білу керек. Бұл техниканы меңгерген адам тез оқып қана қоймай, жылдам түсініп, шешімді шапшаң қабылдайды, – дейді ол. 

Назерке Құлжабайдың айтуынша, жылдам оқу техникасы арқылы орта есеппен минутына 1000 сөз оқуға болады. Бұл техниканы санға емес, сапаға бағыттап, тұлға ретінде дамуға болады. 

«Табысты адамдар көп кітап оқиды. Бірақ жылдам оқуды меңгергенде 1000 кітап оқысам, қандай жетістікке жетем деген ой болмауы керек. Оқыған ақпаратты өмірде қолданбаса, ми оны ұмытуға тырысады. Себебі қазір ақпарат ауқымы өте үлкен, мидағы ақпарат күн сайын емес, сағат сайын, сәт сайын жаңарып отырады. Сондықтан жылдам оқуды рекорд орнату үшін емес, еңбек өнімділігін арттыру үшін қолдану керек», – дейді маман. 

Бұл техника көздің, мидың, жүйкенің жұмысын да жақсартады екен. Оны үйрену үшін ерекше қабілет пен талант қажет емес. Кез келген жастағы адам меңгере алады. Sana орталығының «Жылдам оқу» курсына 53 жастағы әйел қатысып, минутына 400 сөз оқитын болыпты. Осылайша оқушы кезінде ауыр кітап ретінде көрген «Абай жолын» оқып бітірген.

«Жылдам оқу – ми жұмысын жақсартатын жаттығулар арқылы келетін қарапайым дағды. Оның ешқандай сиқыры жоқ. Кез келген адам кез келген уақытта үйрене алады», – дейді курс авторы. 

Саммари – кітап туралы кітап 

Саммари – шығарманың қысқаша мазмұнын сығымдап беру. Көлемді туындыны мазмұндауды 1978 жылы АҚШ-тағы Soundview компаниясы қолға алған. Кейінгі жылдары әлемдік бестселлердің саммариі қазақ тілінде де жазылып жүр. «Мазмұндама» қоғамдық қоры көшбасшылық пен тұлғалық дамуға арналған үздік кітаптардың қысқаша мазмұнын ұсынса, book-блогер Марфуға Шапиян «Әйел бақытының сыры», «Вавилондағы ең бай адам», «Таңғы уақыттың берекесі», «Күйеуіңді миллионер қыл» сияқты шығармалардың саммари кітабын жазған. 

Дәстүрлі тәсілмен айына 3-4 кітап оқимын

Вook-блогер Назым Сапарова кітап оқудың заманауи трендтерімен таныс. Жоғарыда аталған тәсіл мен техниканы тәжірибеде қолданып көрген. Оның айтуынша, ешқайсысы дәстүрлі оқуды ысырып тастай алмайды екен. 

Назым Сапарова

«Күніне 30 бет кітап оқимын деген меже қойып, соны орындауға тырысамын. Кейде бұл норманы артығымен орындаймын, кейде нормаға жете алмай қаламын. Осы тәсілмен айына 3-4 кітап бітіремін. Жан-жақты даму үшін бір айға бірнеше жанрдағы кітапты таңдап аламын. Жоспарымда – көркем әдебиет, денсаулық, жеке даму мен психологияға қатысты кітаптар. Қазір қатарластарым көркем әдебиетке бойлай бермейді. Меніңше, көркем әдебиет эстетикалық ләззат сыйлайды, сөздік қорыңды көбейтеді», – дейді ол. 

Назым – болашақ ұстаз. Биыл университетті аяқтап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бермек. Сондықтан мектеп бағдарламасында енген шығармаларды оқып бітіру – басты мақсаты. Назым үшін кезек күту, жол жүру, сабақ арасындағы үзіліс – кітап оқуға таптырмас мүмкіндік. 

Назым Сапарова

«Қазір Алматыда тұрамын. Күн сайын 2 сағатым жолға кетеді. Автобуста да, таксиде де, жаяу жүрсем де, кітап оқимын. Аудиокітап тыңдаймын. Бірақ жиі емес. Себебі аудиал емес, визуалмын. Көрген нәрсені оңай есте сақтаймын. Саммари кітаптарды да оқып көрдім. Бұл көп уақыт жоғалтпай, өзіңе керек нәрсені тез тауып алуға қолайлы. Бірақ кей кітаптың мазмұнын саммариге сыйғызу мүмкін емес сияқты көрінеді», – дейді ол. 

Назым Сапарова жылдам оқудың техникасын да қолданып көріпті. Бірақ көп ойланып, әр сөзге назар аударатындықтан бұл тәсіл оған ыңғайсыз болыпты. 

Назымның айтуынша, жылдам оқу техникасы студенттерге тиімді көрінеді. Себебі студенттерге бір аптада бірнеше кітап оқуға тура келеді. Мұндайда саммари, аудиокітап, жылдам оқу арқылы кітапты шолып шығуға болады.

Кітап – баршаға ортақ құндылық 

Кітап оқудағы жаңа трендтер тек өнімділікті арттыру үшін емес, қоғамның барлық мүшесіне қолжетімді ақпарат беру үшін де қажет. Көру қабілеті нашар адамдар қажет ақпаратты аудио арқылы, ал есту қабілеті нашар адамдар оқу арқылы ақпарат алады. 

Джозеф Аддисон айтқандай, «Тән үшін күнделікті жаттығу керек, ал миға оқу керек». Миды жаттықтырудың түрлі тәсілі бар. Өзіңе ыңғайлысын таңдап, жаттығуға қазір кірісіп кетуге болады.

Назым Сапарова