Пьеса жазу қадамдары
Пьеса жазып бастаған адам ең алдымен “Идеяны қалай ойлап табамын?” деген сұраққа жауап таппай бас қатырады. Идея соңынан жүргенде біршама уақыт кетеді. Бұл сұрақтың жауабы тым қарапайым. Ол – көрерменге қызық болуға тырыспау. Пьесада өзіңіз туралы, толғандыратын ойлар мен алаңдататын мәселелер жайлы бүкпесіз айтыңыз. “Идеяны қайдан табамын” дегеннен гөрі өзіңізге “Мені не толғандырады?” деген сұрақты қоюдан бастаңыз. Иә, бұл тым қарабайыр сұрақ болса да, пьеса жазудың алғашқы қадамы екені рас. Әр адам “жанды тұсын” іздеп таба білу керек.
Бірінші
Өзіңізге шынайы емес көрінетін, жете алмайтын нәрседен қашыңыз. Пьесада сіз туралы ғана айтыңыз. Сізге тікелей қатысы жоқ және өзіңіз жеке танып білмейтін “қосалқы шындықтан” бас тартыңыз. Пьеса жазғысы келетін немесе жазатын адамда өзіндік өмірлік тәжірибе бары анық. Сол себепті пьесаға басқа нәрсені қосудың қажеті жоқ. Бүгінгі таңдағы ақиқатты жазыңыз. Фантазия жанры ұнаса, ойдан шығарылған сюжеттерді пьесаға өз тәжірибеңізбен байланыстырып қоссаңыз болады.
Екінші
Сюжеттерді таба білу дағдыларын қалай дамытуға болады? Оны бұлшықетіміз сияқты жаттықтыра аламыз. Мысалы, бір әдіс – жаңалықтар оқу арқылы. “Жанды тұсыңызды” дөп басатын жаңалықты іздеп тауып, сонымен жұмыс істеңіз. Жаңалықтан сюжет, кейіпкерлерді шығарыңыз.
Тағы бір әдіс — қарама-қайшылықтың бір-бірімен қақтығысын қолдану. Мұндай сюжет ешқашан көнермейді, маңызын жоғалтпайды және тым қарабайыр емес. Белгілі бір қасиеттерге ие кейіпкерді ойдан құрастырып, оны өзі болмауға тиіс жерге қойыңыз. Осыдан максимал конфликт пайда болады. Мұндай қарама-қайшылықтар сюжетті ожан сайын қызық етеді.
1-жаттығу: Өзіңізге бір сағат беріп, қарама-қайшылыққа толы ситуацияларды көбірек ойлап табыңыз. Өзіңіз жақсы білетін оқиғаға басқа қырынан қарауға болады. Барлық мәтін бір-бірімен байланысты, бір-біріне сілтеме береді. Бүгінде бұл қалыпты жайтқа айналды. Басқалардың сюжетін алып, оны төңкеріп тастап басқа қырынан, өз көзқарасыңызбен қарап көріңіз.
2-жаттығу: “Жанды тұсыңызға” дөп түстіңіз дейік. Неге сізді бұл тақырып қызықтырады? Бірінші кезекте қағазға тақырыппен байланысты тармақтарды жазып шығыңыз. Содан соң басқа қағазға тақырыпқа үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын, еш қатысы жоқ тізімді жазыңыз. Бұл сюжетке жаңа ракурстан қарауға, бір-біріне ұйқаспайтын нәрселерді қиыстыруға мүмкіндік береді. Осындай екі бөлек тізімнен шынымен бірегей, шынымен қызықты дүние шығуы әбден мүмкін.
Үшінші
Деректі пьесаны байқап көріңіз. Ойлануға тұрарлық нәрсенің барлығы шынайы өмірден алынады. Кез келген нәрсе – құжат. Жақсы пьеса шығатындай құжаттың бірі сөмкеңізде жатқан болар. Әр қағаздың артында өзіне ғана тән оқиға жатыр. Оған басқа көзқараспен қараса, құжатты сөйлетсе қайталанбас шығарма өмірге келуі мүмкін.
Төртінші
Сіз тыңдайтын немесе айтатын әңгіме сюжет қана емес, жақсы диалог негізі болуы мүмкін. Диалогтарды аудиоға жазып алып, қағаз бетіне түсіріңіз. Дүкен не подъезд алдында айтылатын қарабайыр әңгімеден де тамаша сюжет шығуы мүмкін. Оқиға мен сюжет дереккөзі – айналамыздағы адамдар. Сол себепті олардың сөзіне тыңдай білу керек. Сюжет дереккөзін интернет көмегінсіз өзіңіздің жеке ақпарат алаңыңыздан, айналаңыздан іздеңіз. Жақын жандардың өзі пьесаға кейіпкер бола алады. Өмірден алынған сюжет ойдан құрастырғаннан да әлдеқайда өткір, шынайы шығуы мүмкін. Әңгімеге құлақ түрсеңіз, сөз түрінде қалып қоймай, жақсы тақырыпқа айналуы мүмкін. Мессенджерлердегі чаттан да диалогтар алуға болады. Пьесадағы әрбір диалог әбден екшеліп, електен өтіп барып жазылатынын есте сақтаған жөн.
Бесінші
Жанрлармен ойнау. Мысалы, сот процесінде мюзикл жанрын қолдануға болады. Сондай-ақ, пьесаны өзіңіздің қолыңыздан келетін форматта жазыңыз. Мысалы, чат форматында немесе твит-хабарлама түрінде түрлендіре аласыз.
Алтыншы
Білетін ертегілеріңізді қазіргі заманға лайықтап әңгімелеп көріңіз. Әлі қағазға түспеген оқиғаны іздеп әуре болмаңыз, өйткені жақсы сюжеттің бәрі бүгінде бар.
Пьеса жазуға дәл қазір кірісемін десеңіз, мына тапсырманы орындап көріңіз. Өзіңізге қатты ұнайтын ертегіні алыңыз. Ертегінің не туралы екенін бір минутқа сыйдырып 5-7 сөйлеммен қысқаша айтып беріңіз. Экспозиция, сюжет желісін және басқа да құрылымын сақтаңыз. Содан кейін осы сюжет желісімен оқиғаңызды жазыңыз. “Ерте, ерте, ертеде” деп емес қазіргі заман шындығымен байланыстырыңыз.
Бұдан пьеса шықпаса да, сюжетті қайдан алуға болатынын білесіз. Қарапайым және мәңгі өмір сүретін сюжеттерді іздеңіз. Басқаны қайталаудан қорықпаңыз.
Жетінші
Кейіпкерді қалай ашу керек? Сюжет қанша жерден жақсы болса да, кейіпкер жеткілікті дәрежеде ашылмаса онда бұдан жақсы пьеса шықпайды.
Жаттығу: Интернетте “кейіпкерге 45 сұрақ” деген сияқты сұрақтар тізбегі бар. Кейіпкердің мінезі, болмысы, бітімі, көзқарасы мен қасиеттері қандай екенін анықтау үшін «Кім?», «Қайдан келді?», «Не істейді?», «Ата-анасы кім болып жұмыс істейді?», «Мектепте қандай болды?» деген сияқты сұрақтар қоямыз. Пьеса жазушы өзі қойған сауалдарға жауап беру арқылы кейіпкерін жақсы тани түседі. Адамдарға не айту керек, пьеса мән-мақсатын қалай жеткізу керек екенін біледі.
Пьеса жанрлары әртүрлі. Бірінде адамдардың күйбең тұрмыс-тіршілігі баяндалады. Бірінде қазіргі заманның моральдық және этикалық мәселелері көтеріледі. Драматург кейіпкердің болмыс-бітімін талдау арқылы көптеген сұраққа жауап іздеп, қоғамды толғандыратын дүниелерді жайып салады. Пьеса тақырыбы не сөз санымен емес, көркемдік деңгейі мен айтпақ ойы, мақсаты-міндеті, идеясымен бағаланады. Ал режиссер өз танымы мен талғамына, көзқарасына сай туындыны таңдап, сахналайды. Автордың сөзінен гөрі ең бірінші сол сөздің астарында жатқан ой құнды. Астарлы ой, ұтымды әрекет, идея болмаса, пьесаның пьеса болудан қалғаны.
Add comment