ГлавнаяБлог

«Бүкіл қазақтың трагедиясы». «Қарагөз» жаңарған нұсқада көрерменге жол тартты

Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында «Қарагөз» спектаклі көрерменге жол тартты. «Қарагөз» - жазушы Мұхтар Әуезовтің 1926 жылы жазған трагедиясы. Пьесада бір туысқан әкелердің балалары Қарагөз бен Сырымның сезімі, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрге қарсы келуі айтылады. Екі жастың ғашықтығына кедергі – екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпегені. Оның үстіне Қарагөз басқа рудың беделді жігіті – Наршаға айттырылған. Нарша қыздың көңілін өзгерте алмайтын дәрменсіздігінен жүдеген.

Қойылым режиссеры — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали. Хореограф Шырын Мұстафина. Композитор — Олжас Жақыпбек, ал саунд-дизайнер — Рахат Төрежан.

Қарагөз спектаклі Фархад Молдағалидің режиссерлығымен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында бірнеше жыл бұрын қойылған. Режиссер мен басты рольдегі актерлар Алматыға көшкен соң спектакльдің де ғұмырын үзіп алғысы келмепті. Ол үшін «Қарагөз» — ең ұлы пьесаның бірі. Ал спектакль — режиссердың айтуынша, қойылған емес, жан дүниеден шыққан туынды.

Көрермен ерекше жылы қабылдаған туынды еді. Нарша мен Қарагөзді сақтап қалдық та, басқаларын осы театр ұжымымен сахналадық, — деді режиссер.

Премьераға келген халық артисі Роза Рымбаева «Қарагөзді» Әзірбайжан Мәмбетов қойған нұсқада көргенін, қазіргісі жастарға ұнайтындай жаңаша екенін айтты. Ал режиссер Фархад Молдағали қойылымды жаңашаламай, тек классик Мұхтар Әуезовтың шығарма астарына жасырып қойған мәнін түсініп, соны жетелегенін айтып отыр.

«Мұхтар Әуезовтің ұлылығы сондай, кеңес үкіметі дін мен дәстүрге балта шауып жатқан кезде ол бүкіл мағынаны туындыдағы сөздердің астарына салып кеткен. Біз бүгінге дейін пьесаны жете түсінбей, дұрыс емес бағытты ұстаныппыз. Көп жыл Сырымды жақтап келдік. Шынына келгенде ол әкесінің көзі тірісінде туысын сүйіп, дәстүрге қайшы келді. Қазақ жеті атаға жетпей қыз алыспай, қан тазалығын сақтаған. Ұлттық код деген осы емес пе? Шығармада жастарға Мөржан тоқтау сөз айтады. «Жеті атадан бері қай қазақ қыз алысып еді?» деген сөзді автор соның аузына салып қойған. Мұның бәрін мен емес, Мұхтар Әуезов жазып, дайындап кеткен. Тек ол айғайлап айта алмады, туындының ғұмыры қысқа болмауы үшін тепе-теңдікті ұстанды. Біз тек тәуелсіздікке жетіп, автор айта алмағанды ұсынып отырмыз. Бұл жолғы «Қарагөз» спектакльінің ерекшелігі де – осы», — дейді режиссер.

Фархад Молдағалидің сөзінше, бүгінгі буын бұрынғы шығармаларды қайта оқып, астарын түсінуі керек. Ол авторлардың сол кездегі саясаттың кесірінен айғайлап айта алмаған дүниесін көре алсақ, бізге жасырын карталар өзінен өзі ашылады деп есептейді.

Қарагөз пьесасының екі нұсқасы бар. Бірінші нұсқада «Құдай» сөзі анық жазылса, кейінгісінде автор оны «Құда, алға» деген сөздермен алмастырған. Режиссер спектакльді екі нұсқасын да оқып отырып, құрастырыпты.

«Қарагөзді басқа жерде қоятын болса, осы нұсқа сақталуы керек деп ойлаймын. Себебі мұнда құпиялар ашылды. Осы күнге дейін бәрі Ақбала мен Дулаттың сахнасын жеңге мен қайынінінің ойыны сияқты қабылдады. Тіпті Дулаттың «Ақбала, қайтейін қабағыңды? Әлі де ұмытқам жоқ баяғыңды» деген сөзін әзіл-күлкіге айналдырып айтатын. Негізі анықтап оқысаңыз, бұл сөйлемде трагедия жатыр. Ақбала мен Дулаттың арасында да бұрын байланыс болған, бірақ Ақбаланы басқаға берген» — деп түсіндірді режиссер.

«Қарагөз» саундрама жанрында болғандықтан қойылымды жетіген мен домбыраның, даңғараның дыбысы сүйемелдеді. Ал спектакльдің лейтмотиві — Мая Исмаилованың орындауындағы ноғайдың «Не қалды?» деген әні.

«Бұл шығарма бүкіл қазақтың трагедиясын ашып тұрғандай. Мұхтар Әуезов бас кейіпкерлерді де өзінше мағына беріп, атаған. Мысалы, Қарагөз бүкіл қарагөз қазақты бейнелеп тұрғандай. Бас кейіпкердің бірін Сырым десек, ол ақырында сырын ашамын деп, арын төгіп алды. Шығармаға Мөржанның сөзі арқау болады. Бірақ жастар оған құлақ асып, мөр басқандай сақтай алмады. Ал бар жүкті, бүкіл трагедияны «нарша» көтеріп жүрген — Наршаның өзі. Қарап отырсаңыз, әр кейіпкер қоғамды бейнелеп тұр. Сәл қиындық көрсе, шыдамай кетіп қалатын жігіттер, сорлап жалғыз қалатын қарагөздер, жастарға ақылын айта алмай қалған қарттар қаншама?», — деп сөзін аяқтады режиссер Фархад Молдағали.
Қарагөз ролінде актриса Мадина Өсербаева, ал Нарша болып Нұржан Асылхан ойнайды. Сырым ролінде Мақсат Рахмет және Әлихан Кәрібаев. Сонымен қатар қойылымда Камалия Байтілеуова, Күлжәмила Белжанова, Әсет Иманғалиев, Гүлбаһрам Байбосынова, Олжас Сақ сияқты актерлар өнер көрсетеді.

«Көрерменге ұсынылған спектакльде қайта ойнау өзім үшін екі есе қиын болды. Қарагөзді есінен адасқан, ауру етіп көрсетпеуге тырыстым. Оның қисалаңдап жүруі Сырыммен соңғы кездесуін есінен шығарғысы келмеуі еді», — деді Қарагөз ролінде ойнаған Мадина Өсербаева.

Нарша болып ойнаған актер Нұржан Асылхан бұл қойылымды жастар көрсе дейді. Актердың сөзінше, шығармада бүгін кездестіре бермейтін махаббатқа адалдық бар.

«Наршаны ойнау психология жағынан ауыр. Ол сүйген адамы үшін бәріне дайын, адамгершіл, ер азамат ретінде біреудің өмірін құртудан қорқады. Нарша сияқты жақсы көріп, адал болатын адамды біздің қоғамда кездестірмедім. Жастар қазір кенже қалған салт-дәстүрімізді, азаматтық деңгейді, борышты және махаббатты осы қойылымнан көрсе деймін. Бұрынырақ сахналанғанда Қарагөз бен Сырымның махаббаты алға шығатын. Ал мұнда режиссер туындының астарын түсіне отырып, Наршаның болмысын ашты. Осы жағынан режиссерлық шешім ұтымды болды деп ойлаймын», — деді актер Нұржан Асылхан.

Трагедияға толы, астарлы «Қарагөз» спектаклін Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында тамашалауға болады. Билетті Ticketon.kz сайтынан ала аласыз.