Төтенше жағдай кезінде суретшінің студиясы толық, бір де бір заты қалмай өртеніп кеткен. Мария 4 қаңтар күні ғана студиясында жаңа жылға жоспар жазып отырған еді. Ал 11 қаңтар жұмысқа барғанда бәрі басқаша болған. Марияның шеберханасында салынған картиналармен қоса, қолөнер бұйымдары, суреттері бар киім-кешек, гаджеттер және жиһаздар бар еді.

Қалай болды? Суреттердің бәрі өртеніп кеткені қалай?

— 11 қаңтар күні студиям орналасқан ғимараттағылар хабарласып, жұмыс орнын көруге болатынын айтты. Республика алаңына кетіп бара жатып, жолдан бес аладорба сатып алатын болдым. Шынымды айтсам, «Қайдағы аладорба?» деп оларды алғым келген жоқ. Бірақ «Күйе болып қалса, керек» деп аладорбамен қоса қолғап пен майлықтар сатып алдым. Негізінен студиямнан әзірше үш паспортты, хард дискімді және гаджетімді алып кетуім керек.

Жұмыс орныма жақындадым. Ғимарат терезелері сынған, өртенген. Тура бәріміз теледидардан көргендегідей. Сондықтан мұндай көрініске дайын болдым. Елмен бірге екінші қабатқа көтеріліп, ғимараттың жағдайын смартфоныма түсіріп келемін. Одан әрі көтерілдік. Іштей қатты үміттеніп келемін. Бір кезде қолымда студиямның кілті жоқ екені есіме түсті. Көшірмесін жасатпағанмын, әрдайым төмендегі күзетшіге тастап кететінмін. Кілтті ала қоятын күзетші де орнында жоқ. «Сонда мен не үшін келе жатырмын? Жаңағы 2-3 затты алуға өз студияма ұрланып кірмейтін шығармын?» деп ойлап қоямын.

Бір кезде менің студиям жақ қап-қара дақ болып тұрғанын байқадым. Түк түсінбедім. Жарық қостық, мен бірінші келе жатырмын. Тезірек жетіп, бір аптада студиямның жағдайы қандай болғанын көруге асықтым. Барсам, студиямның күл болған қабырғалары мен төбесі, үзіліп-үзіліп қалған сымдары салбырап тұр. Бұрыштағы қазынамның түрі осындай. Жақындай бере есігімнің жоқ екенін көрдім. «Маған кілт не үшін керек болды?». Тек есік емес, қабырғалар, терезелер, салған суреттерім мен бүкіл жұмысым, жиһаздар – бәрі-бәрі өртеніп кеткен.

Үйілген күлдің ортасында ештеңені түсінбей тұрмын. Артымнан ерген үш адамнан қайта-қайта «Мынау менің тоңазытқышым ба? Мынау менің жұмыс үстелім бе?» деп сұрай бердім. 4 қаңтарда ғана сол үстелде жоспар құрып отырған едім. Салған суреттерім, жасаған бұйымдарым, компьютерім – бәрі буға айналып кеткендей. Жылай бердім, нені жоғалтқанымды ойлап, қатты мұңайдым.

Саясатқа жақын, белсенді отбасының қызы емеспін. Әкем – депутат емес, қарапайым құрылысшы. Кезінде қаладағы вокзалдар мен мешіт құрылысына атсалысқан. Өзім Алматыда дүниеге келдім, Ұзынағашта, Ақжар мен Каменкада да тұрдым. Одан кейін Астана, Қарағанды, Ақтауда қалаларында да болдым.

Мен – салықты тұрақты төлейтін қарапайым азаматпын. Бұл жағдай үшін ешкімді кінәлай алмаймын. Бұл біреудің соқпақ жолы еді. Енді сол өнер жолы шайқалды. Ойланып қарасам, бәрін дұрыс істеген сияқтымын. Қазақстанымды жақсы көремін. 33 жыл өмірімде көп қызықты көрдім. Бірақ мына бір қара дақты не істейтінімді білмеймін.

Сіздің қолмен жасаған өнеріңіз, салған суреттеріңіз және бүкіл студияңыз жанып кетті. Интеллектуал шығын деп алсақ, шамамен бұл залалды қаншаға бағалар едіңіз?

— Бағымызға орай, бұзақылар ғимаратымыздың бәрін түгел өртемеген. Кей кабинетті тонаған, кейбірін терезесінен атып кеткен. Кейбір қабат пен кабинеттер ғана түгі қалмай өртенген. Соның бірі – біздің студия. Интеллектуал құндылық пен төл туындылар жоғалды. Оның құнын есептеу мүмкін емес.

2009 жылдан бері менің барлық жұмысым осы үлкен шеберханада жинақталды. Қазір жұмысқа қажет құрал-жабдықтар мен тапсырыс бойынша жасалған жиһаздың шығынын ғана есептей аламын. Көзге көрінетін шығын ретінде барлығын шамамен 25 миллион теңге деп есептеп отырмыз.

«Атамакен» кәсіпкерлер палатасы келіп, көргенін айттыңыз. Олар қандай шара қабылдап жатыр?

— Дәл қазіргі жағдайда мен кез келген көмекке алғысымды білдіремін. Өйткені бүкіл жұмысымнан, қолдан жасаған өнерімнен айырылып отырмын. Тіпті өзімнің, балаларымның паспорты да жоғалды.

«Атамекен» палатасы мамандарын жіберді. Олар келіп, не істеу керек, қандай өтініш жазу қажет деген сияқты бүкіл әрекет алгоритмін түсіндіріп берді. Әзірше олар ешқандай пікір айта қоймады. Меніңше, оларға жағдайды бағалауға уақыт беру керек.

Студияңызда шамамен қандай заттар болды? Жалпы санын есептеп көрдіңіз бе?

— Сурет салатын үлкен төсемдерді (габаритные полотна) ғана санай алдым. Сол үлкен картиналардың арасында «pop-art стиліндегі кеселер», «Медовый месяц» және Фрида Калоның екі картинасы, балаклавадағы қыздардың картиналар сериясы, көптеген түпнұсқа акварель суреттері мен эскиздер болды. Жалпы оқып жүрген кезімнен кәсіби иллюстратор болғанға дейін жинаған суреттер жоғалды немесе өртеніп кетті.

Суретшіге керек құралдар, сирек бояулар, коллекциялық акварель, қылқаламдар, сонымен бірге планшет түгі қалмай жойылған. Студияда қандай заттар болғанын есіме түсіре бастасам, өзімді нашар сезінемін. Мен сурет салуға ылғи тек сапалы құралдарды алатынмын. Оларға қаражатты аямадым.

Мародерлар суреттер мен қолөнер бұйымдарын ұрлап кетті ме? Қалай ойлайсыз?

— Кейіннен салған суреттерімнің бәрін қазақ мәдениеті мен дәстүріне, тіпті бүкіл еуразиялық мәдениетке деген құрметпен жасаған едім. Артық мақтанғаным емес, шынымен солай. Бұл туындылар көптің жүрегін елжіреткен еді. Суреттер тонаушылардың да жүрегін елжіреткеніне сенгім келеді.

Бүлікшілердің кем дегенде бір секунд суреттерге қарағанын, оларға қарап отырып бірдеңені сезінгенін елестеттім. Әрине, бағасы 4 мың доллар тұратын суреттерді бүлдіре алады деген ой менің де басыма келді. Бірақ сол суреттердің тағдыры не болғанын білмеймін. Бақылау камералары арқылы да қарай алмай отырмын.

Полицияға өтініш жаздым. Олардан қандай да болсын хабар күтіп отырмын. Бір қызығы – шеберханамда өзіме тиесілі емес заттар сақталып қалған. Ғимараттың ішіне де, сыртына да камера қойылған. Не болғанын көргім-ақ келіп отыр. Әзірше жазбаларды алмадым.

Шеберханаңызды кімдер қалпына келтіргелі жатыр?

— Әзірше «Атамекен» ұйымының барлық ұсынысын орындап, өтініштер жазып, растайтын құжаттарды тапсырып жатырмын. Мен ең болмағанда бірнәрсені қаржы жағынан өтеуге болады деп үміттенемін.

Жанкүйерлеріңіз әлеуметтік желі арқылы қолдап, көмектесуге әзір екенін айтып жатыр. Тіпті қаражатын да аямапты. Краудфандиң ұйымдастыру ойыңызда бар ма?

— Пікір жазып, қолдау білдіріп жатқан адамдардың бәріне шексіз алғысымды білдіремін. Біразы жылы сөздер жазып, мені қолдап, менімен бірге жылап жатыр. Менімен бірге уайымдаған жандардың адамгершілігіне ризамын. Депрессияға түспеуіме сол жақсы жандар көмектесіп жатыр. Мұңаймауға стимул болды.

Қаржылай жағынан қолдау – мен үшін тіпті күтпеген нәрсе. Өзім номерімді жариялаған емеспін, қаражат туралы да ештеңе демедім. Бірақ адамдар қалай да номерімді тауып, қаражат жіберіп жатты. Сосын жанкүйерлеріме рақмет айтып, жиналған қаражатты бөлек депозитке салып қойдым. Есімді жиған кезде қолдаушыларым берген қаражатты қай өнерге жұмсауға болатынын ойластырамын.

Ресейдегі достарым – әйгілі аспаз Александр Прошенков пен Қазақстандағы сомелье қауымдастығының директоры Артём Лебедев өнерімнің құрметіне қайырымдылық кешін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Достарым мен жақындарымның қолдауы – тағдырдың нағыз сыйы екен.

Осындай өкінішті жағдайдан соң нені өзгертер едіңіз? Жоспарыңыз қандай?

— Иә, бірнәрсе жоспарлаған дұрыс шығар. 2021 жылдың аяғы компаниям үшін өте өнімді әрі көп еңбекті қажет еткен уақыт болды. Жылдың соңында үлкен көлемдегі тапсырыстарды орындадық. Сол себепті 2022 жылдың басында біраз тынығамын деп ойлағанмын.

Өкінішке қарай, қаңтардағы оқиғалар мені одан сайын абдыратып жіберді. Нені жоғалтқанымды есіме түсірмеуге тырысамын. Есіме түссе, өзімді ұстау қиын. Ал менің кішкентай балаларым бар. Сондықтан маған абдырап отыруға болмайды.

Бірнәрсе жоспарлау керек сияқты. Себебі мен тоқтамай жұмыс істей беретін, үнемі ізденістегі адам едім. Болған жағдайдан соң тезірек қалыпқа келуге, күйзелістен арылуға талпынып жатырмын.