ГлавнаяБлог

PMBоK. Әлжан Фазыловтың командасы бизнес тілін қалай қазақшалап жүр?

Волонтерлар дайындаған нұсқаулықты мемлекеттік органдарда да, бизнесте де пайдалануға болады

Әлжан, жоба менеджменті стандарты деген не? Ол кімге, не үшін қажет?

— Бұл — қандайда бір істі, жобаны қалай ұйымдастырып, жоспарлап, қызметкерлерді ынталандырып орындауды сипаттайтын ереже жиынтығы. Әлемде сондай бірнеше стандарт нұсқаулығы бар. PMI институты  деген бар, ол «жоба басқару институты» деп аударылады. Ең танымал нұсқаулықтар – америкалық PMI институты шығарған Project Management Bodу of Knowledge (PMBоK), еуропалық International Project Management Assosiation (IPMA). Бұдан да басқалары бар, мысалы — Prince 2. Біз PMBоK-тің 6 нұсқасын, сондағы ең толық бөлімі – Жобаны басқару бойынша білім жиынтығы нұсқаулығын аударып жатырмыз.

Әлжан Фазылов

Жобаны басқару стандартын аударуды не себепті қолға алдыңыздар?

— Бұған қазақ тілінің елдегі бизнес саласындағы қолданысы тар екені себеп болды. Өз басым, мектепті ғана қазақша бітірдім. Қазір үйде ғана қазақша сөйлесеміз, ал жұмыста орыс және ағылшын тілдерін қолданамыз. Жоғары оқу орнында және жұмыста қазақшаны неге оқымадық екен деп ойлайтынмын. Өйткені ана тілімізде жазылған сала әдебиеті тапшы болды. Қазір біраз тәжірибе жинап, есейдік. Енді әлдекімің бұл жұмысты істегенін күту дұрыс емес. Біреу сырттан келіп сала әдебиеттерін қазақшаға аударып бермейді. Осыны саналы түрде түсінгенде аудармаға кірісіп кеттік.

Одан кейін «Сала мамандары ішінен кім қандай құжатты аудара алады? Бұл аудармамыздың тұтынушысы кім?» деген сұрақтарға жауап іздедім. Көптеген аудармашыға сынақ ретінде стандарттың бір бетін беріп, аударуын сұрадым. Оның нәтижесінде жоба менеджменті стандартын осы сала маманы ғана аудара алатынына көзім жетті.

Мұнда бастысы — сөзді тура мағынасында аударып тастау емес, аударма қазақша дұрыс білмесе де, менеджмент мамандығына ұқсас іспен айналысатын адамның нұсқаулықты түсінуі. Мақсат — маманға басқару процестері мағынасын барынша қарапайым және дәл сөздермен жеткізу.

Біздің бастаманы қаржыландыру мәселесін аса көтергенім жоқ. Өйткені стандарттарды осы саладағы мамандар тегін аударып жатыр.

Аударма 2019 жылдың басында басталды, биыл жыл соңына таман бітіп қалармыз деп отырмыз. Нұсқаулықтың түпнұсқасы 573 беттен тұрады, қазақшасының да көлемі осыған шамалас болады.

Аудармашылар қатарында кімдер бар?

— 2019 жылы желіде 20-30 маманның басын қосып терминдерді талқылайтын чат аштым. Онда жоба жетекшілерінің кәсіби сертифкаты — PMP сертификаттары бар мамандар, бірнеше кәсіби аудармашы және менеджментті, қазақ тілін оқыған адамдар терминдерді қарастырып жатыр. Топта Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті профессоры мен экономика ғылымдары докторы бар.

Нұсқаулықты ағылшын тілінен тікелей аударамыз. Орыс тілінде жасалған стандартқа сирек қараймыз, өйткені онда қате жерлері бар. Негізі бастапқы бөлімді аудармашыларға беріп көрдік. Бірақ үстінен көп түзеген соң, керісінше өзіміз аударып, оларға аудармамызды редакциялауға беруге көштік. Қазір стандарттарды менімен бірге жоба мененджменті мамандары — Толқын Мұқашева, Жасталап Жоламанов, Асқар Есенгелдин аударып жатыр. Бәріміз – волонтермыз. Бұл ісіміз үшін ешкімнен ақша алмаймыз.

Осы орайда, Олег Ким басқаратын CIS GRoup компаниясы кітаптың 7-бөлімін тегін аударып бергенін айта кеткен жөн.

Бір бөлімді аударғаннан кейін оны кәсіби аудармашы Айнұр Байсалбековаға береміз. Ол аударманы қарайды, түзеген нұсқаны 2-4 жоба менеджмент мамандарына оқуға беремін. Соңында бәрін өзім қортындылаймын.

Қандайда бір қазақша сөздікке, оқулыққа сүйенесіздер ме? Аударма барысында қандай қиындық кезігіп жатыр?

— Sozdik.kz платформасына, экономика, IT саласына арналған қазақша-орысша сөздіктерге және мамандардың өз түсінігіне сүйенеміз. Қазір өз глоссариіміз де пайда болды.

Көптеген менеджмент терминінің қазақша баламасы жоқ. Ал бар болған күннің өзінде, ол сөз қолданыстан шығып кеткен, болмаса ресми қолданыстағы сөз терминнің дәл мағынасын бермейді. Басқа да лингвистикалық қиындықтар бар. Техникалық тұрғыдан тура сипатталатын құжатты аударып жатқандықтан, аудармамыздың өз  стратегиясын жасадық. «Мына терминнің бекітілген қазақша аудармасы осындай екен деп» сол сөзге қатып қалмаймыз. Өйткені мамандар терминнің бекітілген қазақша нұсқасын пайдаланбайды. Терминнің қарапайым аудармасын немесе халықаралық терминді қолданады. Біздің мақсатымыз – маманға қазақша стандарт нұсқасының түсінікті болуы. Сол үшін біз де қолданыстағы сөздерді пайдаланып аударамыз.

Мысалы, ағылшынша control мен monitoring сөздерінің қазақша аудармасы біреу – «бақылау». Мектепегі «бақылау жұмысы» немесе сайлаудағы «тәуелсіз бақылаушы» тіркестерін алайық. Екі тіркестегі «бақылау» сөзі екі түрлі мағына береді. Ағылшын тіліндегі бұл екі сөз — менеджемент теориясында бөлек-бөлек процесс. Control – жұмысты қарап, оған әсер етіп, баға беру, monitoring – процеске кіріспей, сырттай баға беру. Осы екі сөздің қазақшасын ажырату үшін көп күш пен уақыт кетті. Қазір control-ді «қадағалау», monitoring-ді «бақылау» деп қалдырдық.

Стандартты аударып біткен соң басып шығарасыздар ма, әлде онлайн қолданыста бола ма?

— Нұсқаулықты басып шығару үшін америкалық PMI институтынан басуға рұқсат беретін лицензия алу керек. Олармен PMI Kazakhstan басшылары Юлия Жевно мен Эрнар Макишев келіссөз жүргізіп жатыр. Менің ойымша, стандарт неғұрлым кең таралуы керек. Одан қаржылық пайданы күтпейміз. Тек халыққа сіңіп кетсе, жақсы болар еді.   

Нұсқаулықты мемлекеттік органдарда да, бизнесте де пайдалануға болады. Стандарттар процестерді рет-ретімен қойып басқаруға арналған салаларға керек.

Меніңше, тіпті болмаған күннің өзінде стандарттың қазақша нұсқасын PMI.org сайтынан жүктеп алып оқуға болады. Ал кітап етіп басуды аударып біткенннен кейін ойластырамыз.