— Робототехника туралы білімді қайдан алдыңыз?
— Ақпараттық жүйелер мамандығын бітірдім. Осы мамандық бойынша Польша елінде Новы-Сонч қаласында National Louis University оқу орнында магистратураның бір семестрін оқыдым. Онда бағдарламалау тілін, авторлық құқық, патенттеу, 3D модельдеу, бизнес саласын жоспарлауды үйрендім.
Бұл саладағы қызметімді STEM академиясында жаттықтырушы болып бастадым. STEM оқыту академиясы туралы диплом алып, жұмыс іздеп жүрген кезде білдім. «Jaspace STEM» жобасы Атырау жастары арасында STEM мен ІТ саласын дамытуға бағытталады. Жалпы, лабораторияның бағыты көп. Дегенмен қазір карантинге байланысты онлайн өткізуге келетін курстар ғана жүріп жатыр. Олардың қатарында диджитал маркетинг, видеография, 3D-модельдеу, кодтау, инженерия негіздері, қолданбалы математика курстары бар. Бағдарламалауға қатысты «Код сағаты» сияқты түрлі уоркшоп, олимпиадалар, тренингтер және басқа да іс-шараларды өткіземіз. Өткізілетін іс-шараларға 5-12 жастағы балалар және ата-аналары қатысады.
Басты мақсаты – балалардың бос уақытын қызық өткізу. Олар мұнда мини-жобалар құрастырады. Атап айтсақ, машина, тікұшақ және гидрафикалық мост, тағы басқалары. Осында жүріп, робототехника олимпиадасына көрермен ретінде қатыстым. Осы сәттен бастап қызығушылығым басталды. Түрлі курсты оқи бастадым. Одан соң Томск техникалық университетін онлайн жүйесінде бітірдім. Әрі қарай өзім көбірек мағлұмат алуға тырысып, интернеттен робототехника жайлы кітапшаларды жүктеп, білімімді жетілдіре түстім. Негізі бірнеше тіл білсеңіз, неше түрлі құнды ақпаратқа қол жеткізуге болады. Сол білімімнің арқасында әртүрлі жобалар жасауға ниеттендім.
— Жобаларыңыз туралы айтып берсеңіз.
— Негізі өте көп жоба жасадым. Оның ішінде балалармен жасаған жобалар да жетерлік. Өзім жасаған Валли роботын айтып берейін. Бұл робот жасау идеясы анимациялық фильм арқылы келді. Атын «Әлемді қоқыстан тазартушы робот» деген мақсатта қойдық. Валли роботы өзінің Ева атты құрбысын іздеп шығады. Оны тапқанша Ева деген атты бірнеше рет айтып жер-жерді аралайды. Егер жолында қандай да бір кедергі кездессе, бұрылып кетеді.
— Қандай зерттеулермен айналысып жүрсіз?
— Роботтарды қандай әдіспен ойлап табуға болады және қандай материалдар арқылы роботтарды құрастыра аламыз деген сұрақтарға жауап іздеп жүрмін.
Біз кейде көп затты қоқысқа тастаймыз. Бірақ олардан робот құрастыруға болады.
Қазіргі уақытта робот құрастырудың пайдалы әдістерін қарастырып жүрмін және Python, Arduino, Lego сияқты жоғары деңгейде бағдарламалау тілдерін меңгеріп жатырмын.
Жекеменшік мектепте makerspace курсын өткіземін. Курс ұзақтығы әртүрлі. Ол балалардың жасына байланысты болады. Оқушы жобасын ойлап тапқанша 6 ай өтуі мүмкін. Ағылшы тілін үйрену деңгейі сияқты бөліне береді. Жалпы курсқа 5 жастан бастап қабылдаймыз.
— Мектеп оқушыларының бұл салаға қызығушылығы қандай деңгейде?
— Оқушылар робототехника саласына аса үлкен қызығушылықпен қарайды. Неге десеңіз, робот құрастыру техникасының сан алуан түрі бар. Жалпы робот деген ұғымды ғылымға алып келген Карел Чапек болатын. Робот – қолдан жасалған, қозғалысқа түсетін жасанды механизм. Бір денені қандайда бір материалдан тірілтіп, қимыл іс-әрекет жасату. Бұл сала барлық елде дамыған.
Балалар өз кейіпкерін ойлап табуға, құрастыруға, алгоритм шешімдерін ойлап табуға қызығушылық танытады. Осы тұрғыда зейін, ұқыптылық, есте сақтау қабілеті, моторика, логикалық ойлау қабілетін дамытады. Робот кез келген салада пайдаланылады. Олар медицинада, кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығында, сауда орталығында, ғарыш кеңістік аймағында (Марста), өрт сөндіру саласында, мейрамханада, өнер және тағы басқа салаларда.
— Алдағы уақытта қандай жобалар жасау ойыңызда бар?
— Робототехника саласында адамның тұрмыстық жұмыстарын тиімді істейтін роботтарды ойлап тапқым келеді. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану мақсатымен ассистент роботтар және адамның көңіл-күйін ажырататын роботтар жасағым келеді.
— Біздің еліміздегі роботехниканың дамуына қандай баға берер едіңіз?
— Біздің еліміздегі робототехниканың дамуы өте жақсы не жаман деп айта алмаймын. Робототехника басқа елдерде қарқынды дамып жатыр. Соның ішінде 2022 жылға Илон Масктын Тесла компаниясы ТеслаБот роботын жасап шығаруды жоспарлап жатыр. Польша және Литва елінде робот порталы жасалған. Бір-біріне жақын тұрған қалалардағы порталдар арқылы адамдар бейнекамера арқылы араласып көре алады. Xiaomi компаниясы ойлап тапқан ит тәріздес Сyberdog роботы, пицца жасайтын Picnic роботы, Disney компаниясы жасаған робот-акробаттарды мысалға алуға болады.
Ғалымдардың болжамынша, 5 жыл ішінде киборг роботтар ойлап шығарылуы мүмкін. Бұрын зоо және андроид роботтар құрастырылып шықса, енді Азимо сияқты адам тектес гуманоид роботтар шығарылмақ.
10 жылдан кейін эмоциясы адамдікінен айнымайтын роботтар шығады деп ойлаймын. Қозғалуы шапшаң, бірнеше тілді қамти алатын ешқандай алгоритмсіз істейтін бүкіләлемдік желімен тығыз байланыста болатын роботтар құрастырылса да, таңғалмаймын.