ГлавнаяБлог

Med365 жасанды интеллект көмегімен денсаулықты бір минутта қалай тексереді?

Шыңғыс Құлахметов Med365 стартабы Қазақстан нарығын қалай жаулап келе жатқанын айтып берді

— Medtech бағытындағы стартаптың идеясы қалай келді? Med365 жобасы қандай мәселені шешеді?

— Стартап бастауға идея іздегенімізде ең басты мақсатымыз мол табыс табу емес, әлеуметтік мәселені шешу болды.  Студент кезімде әкем 51 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Сол кезде адамдар бойындағы қандайда болмасын ауруды ерте кезінен анықтаудың маңызды екенін түсіндім.

Мойындау керек, біздің елде көбіне ер адамдар денсаулығына немқұрайлы қарайды. Дәрігерлер де адамдардың ауруы асқынғаннан кейін келетінін айтып, шағым жасайды. Осылайша өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың денсаулық жағдайын жасанды интеллект көмегімен ерте анықтайтын Med365 жобасын қолға алдық.

Біз құрастырған құрылғы өндірістік компаниялардағы жұмысшылардың жұмысына кіріспес бұрын медицина тексеруінен жылдам өтуін қамтамасыз етеді. Оның көмегімен қызметкерлердің қан қысымын, мас болу дәрежесін өлшеп, инсульт қатерін алдын алуға болады.

Мысалы, ірі компанияларда 100-150 қызметкер бір уақытта жұмысқа келеді. Денсаулығының жұмысқа жарамдылығын қазірге дейін дәрігерлер берген анықтама көмегімен немесе есік алдында отырған медбике көмегімен анықтайды. Ол адамның қан қысымы көтеріліп тұрса, дәрісін беріп жұмысқа кіргізе береді. Ал ондай жұмысшының жұмыстағы белсендігілі төмендейді, ең қауптісі денсаулығына күш түсіп, басқа ауруы асқынуы мүмкін. Міне, осындай адами фактор жиі болатын жерде жасанды интеллектіні алдау мүмкін емес.  

Жұмысшылардың әрбірін дәрігер тексеретін болса 7-10 минут уақыт алады, ал құрылғыға тексерілсе, 1 минут 10 секунд уақыт кетеді. Бұл көп жұмысшысы бар кәсіпорындарға тиімді.

  Еліміздегі өндіріс компаниялары бұл құрылғыға қаншалықты мұқтаж?

— Мысалы, металлургия саласында, жалпы темір балқытатын цехтарда жұмыс істейтін адамдардың кәсіби ауруы тыныс алу жоларына байланысты. Уран саласының қызметкерлеріне де радияцияның кесірі тиеді. Ресми дерек бойынша, елімізде 1,5 миллионнан астам адам қауіпті, аса қауіпті ауыр жұмыс орындарында жұмыс істейді. Ал олардың кәсіби ауруын есепке алып отырған компаниялар өте аз. Көбіне шынайы ақпаратты жасырады.

Былтыр еліміздегі өндіріс орындарында 1500-ден астам адам зардап шеккен. Оның 200-ден астамы жұмыс істеп жүрген жерінде түрлі себеппен қайтыс болған. Өндіріс орындарындағы жұмысшылардың жарақат алуы, денсаулығының сыр беруі азайған емес.

Мұның бірден бір шешімі — жұмыс берушілердің қызметкерлерінің денсаулығына немқұрайлы қарамай, оларға қолайлы жағдай жасау. Бірақ көп компания мұндайға жиі көз жұмады, жарақат алған адамдардың статистикасын бұрмалап, кей оқиғаны жасырып қалып жатады. 

Осы мәселені шешу үшін 2019 жылғы Женевада Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы арасында Vision Zero нөл жарақат тұжырымдамасы туралы меморандум жасасты. Оған былтыр Қазақстанның 291 кәсіпорыны қол қойды. Олар жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаларды азайтуға және еңбек қауісіздігін күшейтуге міндеттелді. 

Осы меморандумнан кейін жұмысшылардың денсаулығын қадағалауға көмектесетін құрылғыға да сұраныс арта бастады.  

 Біздің компанияның қалыптасуына тікелей ықпал етіп, біліктілігіміздің шыңдалуына себепкер болған тілеушіміз — Astana Hub . Құрылған аз ғана жылдың ішінде көптеген азаматтың кәсібін дөңгелетуге зор үлесін қосып, тиімді бағыт-бағдар сілтеп, әдістемелер ұсынып, соқпағы мен иірімі көп жолдан адастырмай алып келе жатқан Astana Hub басшылығы мен ұжымына зор алғысымызды білдіре

Қазірге дейін қанша құрылғы сатылды?

— Бізде құрылғыны сату ғана емес, оны жалға беру қызметі де бар. Оны сатып алуға шамасы келмейтін компаниялар 2-3 жылға жалға ала алады. Бүгінге дейін 100-ден астам құрылғы сатылды. Құрылғының атауы — автоматтандырылған медицина тексеру аппараты. Құрылғы сертификатталған, ол — біздің 100% интеллектуал меншігіміз. 

Құрылғыны сатып алған компаниялардың көбі «Самұрық-Қазына» акионерлік қоғамына және  «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» еншілес компанияларына тиесілі.

Бұл медицина құрылғысының Қазақстанда және шетелде баламасы бар ма? 

— Қазақстанда жоқ, Ресейде бар. Сол үшін Ресейдің нарығына кіре алмай отырмыз. Себебі Ресей өздерінің отандық өндірушілерін қатты қолдайды, ал бізде керісінше, шетелдік өндірушілерге жеңілдік қарастырылған. 

Құрылығының бағасы қанша?

— Оның құны — коммерциялық құпия. Себебі әр компанияның тапсырысына байланысты бағасы да әртүрлі шығуы мүмкін. Дегенмен бағасы арзан дей алмаймын, сол үшін де кейбірі жалға алады. Құрылығының құны қанша болса да, өндірістік компаниялардың барлық қажетін өтей алады, оның үстіне медицина шығынын да әжептәуір үнемдейді.

Мысалы, компания қызметкерлерін бір сақтандырады, медицина қызметін көрсету бойынша сатып алу тендрін тағы жариялайды, жұмыста ауырып қалған адамға дәрі сатып алады. Соның бәрін есептесе, біздің құрылғы құнынан да көп шығын шығуы мүмкін. 

— Қазақстан нарығындағы кәсіпорынның бәрін осындай құрылғымен қамтуға стартаптың шамасы жете ме? 

— Қазақстанның нарығын толық қамту деген стратегия мақсатын қойған жоқпыз. Дегенмен есептеп көрсек, нарықтың потенциалы 30-40 миллион долларға жетеді. Бұл — кұрылғы сатуға сонша мүмкіндігіміз бар деген сөз. 

— Стартапты қанша қаржымен бастадыңыздар? Қазір кім қаржыландырады? 

— 2019 жылдан қазірге дейін стартаптың дамуына 350 миллион теңге қаржы құйдық. Қазір құрылғы сатудан түскен табысымыз арқылы ол шығынды толық қайтардық. 260 миллион теңге инвестиция тарттық. 

Ендігі мақсат-жоспарларыңыз қандай?

— Қазір нарықтың потенциалы 40-50 миллион доллар көлемінде екенін айттым. Оған толық шамамыз жетеді. Ендігі мақсат — Қырғызстанның, Өзбекстанның өндіріс саласын зерттеп, солардың нарығына кіру.

Украинада да IT саласын қолдау хабтары бар. Сол жақтан әріптес іздеп, бірлесе жұмыс істеу. Өйткені Украина мен Ресейде кеңес заманынан қалған көптеген өндіріс орны бар. Сол үшін құрылғымызды барынша жан-жақты дамытпақпыз, мобайл нұсқасын ойластырып жатырмыз.