— Аңсаған, мамандығыңызды ауыстыруға не себеп болды? 

— 2020 жылдың басында Air Astana-да бортсерік болып жұмыс істеп жүрдім. Елімізде пандемия себебінен локдаун жарияланғанда біз 3 айдай мүлдем ұшпай, жұмыссыз үйде отырдық. Сол кезде мамандығымды ауыстыру туралы ойлана бастадым. Жолдасым – back-end developer. Ол маған ІТ саласында өзімді байқап көруімді ұсынды. Басында data analyst-ті бастап, осы салаға баруды ойладым.

Бірақ оқу барысында бұл мамандықтың өзіме ұнамайтынын түсіндім де, орта жолдан тоқтаттым. Содан кейін ІТ-дың басқа салаларын, тіпті HR мамандығын да қарастырып көрдім. Соңында frontend әзірлеуші боламын деп шештім.

— Frontend әзірлеуші мамандығын не себепті ұнаттыңыз?

— Frontend-те өзім жазған кодтың нәтижесін бірден көре алатыным ұнады. Мысалы, back-end болсаң, жұмысыңның нәтижесін тест жасап көрмей біле алмайсың. Ал frontend-те өз бетімше тестілеуден өткізіп, қай жерінің істеп, не нәрсесінің дұрыс емес екенін тексере аламын. Маған жұмысымның нәтижесін көру маңызды, онсыз жұмысқа мотивациям төмендейді. Сондықтан бұл жағынан келгенде Frontend мен үшін тиімді болды.

— Frontend-ті қалай үйрендіңіз?

— Әуелі интернеттегі қолжетімді тегін ресурстардан бастадым. Бірден ақылы курстарға жүгірмедім. Себебі олардың бағасы тым қымбат. Білесіз бе, frontend-те технологиялар өте көп және соның бәрін білу керек.

Нақты бір ресурстан ғана емес, әртүрлі платформадан оқыдым. Атап айтсам, JavaScript тілін «JavaScript для детей» кітабынан бастадым. Оны біткен соң бұл тілді  learn.javascript.ru деген сайттан оқып жалғастырдым. Онда JavaScript тілін бүге-шүгесіне дейін түсіндірген әрі әрбір мақаланың астында өзінің үйренгеніңді қолдануға мүмкіндік берілген.

Ал frontend-тің React технологиясын «ReactJS — Путь Самурая» деген YouTube-тегі тегін курстан оқыдым. Бұл курсты Беларусь еліндегі  «ІТ инкубатор» мектебі жасаған. React бойынша Udemy платформасынан да тегін курстар алдым. Ал CSS-ті HTML Academy-ден оқыдым.

Бағдарламалауды үйренгенде бір ресурсқа ғана қаражат жұмсадым. HTML Academy-ге жазылу (подписка) үшін ғана ақша төледім. Оның өзінде жеңілдіктер науқаны болып, бір жылдық жазылымды 17 мың теңгеге алдым. Болды, басқа ештеңеге қаражат құртпадым. Ақылы курсқа қатыссам да, өз бетімше көп іздендім. Жалпы айтқанда frontend-ті оқуға 6 ай уақытым кетті.

— Жол ортада тастағыңыз келген сәттер болды ма?

— Шынымды айтсам, ондай кездер өте көп болды. Негізі гуманитарлық бағыттағы адаммын, технар емеспін. Бір тапсырманы қанша ойлансам да, жарты күн бойы орындай алмай қиналған сәттерім есімде. Сондай кезде «Болды, жетеді. Бағдарламалауды тастаймын, ІТ-маманы болмаймын» деп те  айттым. Тіпті шынымен де тастап көрдім, бірнеше апта бойы  ІТ сабақтардың бетін ашып қарамадым. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін  «Осынша уақыт бойы бекер оқыдым ба? Құр босқа уақытымды зая кетірдім бе? Жол ортадан тастайтын болсам, не үшін оқыдым?» деп өзімді қайрадым.

Еңбегіме ішім ашыды. Содан кейін ноутбуктың алдына қайта отырып, оқуымды жалғастырдым. Ал қиналған кездерде «О, Құдайым, маған көмектесші!» деп бағдарламалауды үйренуді Жаратушыдан тіледім. Оған қоса, сол уақытта Air Astan-дан жұмыстан шықтым, менде оқудан басқа таңдау болмады. Егер оқымасам, жұмыссыз адамдардың қатарына қосыламын. Қанша уақыт үйде отырсам, соншалықты менің жұмыс табуға мүмкіндігім де азая беретінін ұқтым. Жұмыстың жоқтығы комфорт аймақтан шығуға көмектеседі.

«3 ай тегін жұмыс істедім»

Frontend-ті оқып бастаған соң жарты жылдан кейін менде базалық білім болды. Сол үйренгенімді практикада қолдануға әртүрлі жұмыс іздеуге кірістім. Telegram-дағы ІТ туралы көптеген арнаға жазылып, сол топтардың бірінен фриланста тапсырыстар алып бастадым. Мысалы, Sigma-да сайт жасау деген сияқты кішігірім жобаларды істедім. Сосын біраз уақыт өткен соң толыққанды жұмыс істеуім керегін түсініп, тағылымдамаларды да қарадым.

Біз әдетте Қазақстан аумағымен ғана шектеліп қаламыз. Негізі орыс тілін білетін болған соң ТМД аймағындағы елдердің бәрінде бізге жұмыс бар. Сол себепті фриланста бірнеше тапсырыс жасағаннан кейін елімізбен ғана шектелмей, көрші елдерден де тағылымдамалар іздедім.

Нәтижесінде Беларусьтегі ірі компаниялардың бірінен тегін стажировка таптым. Тегін болса да, іріктеу тым қатал түрде өтті. Үш этапта да ағылшын тілінде сұхбаттастық. Менің жолым болып, сол жерге қабылдандым. Бұл тағылымдама емес, 3 ай сынақ мерзімі сияқты болды. Тағылымдама соңында олар мені жұмысқа алатынын айтты. Біз сол уақытта Минскіде тұрдық, бірақ отбасылық жағдайымызға байланысты Алматыға қайтуымызға тура келді. Ал олар менің  кеңседе жұмыс істегенімді қалады. Солай тегін 3 ай жұмыс істеп қайттым. Бірақ осы 3 айлық тағылымдамам бекер болған жоқ, маған жұмыс табуға көмегін тигізді. Алматыға келген соң HeadHunter сайтынан frontend әзірлеуші вакансиясында жұмыс іздедім. Бірнеше апта бойы көптеген кәсіпорынмен интервью жасап, нәтижесінде үш компаниядан жұмысқа шақырту алдым. Соның бірі – RBK Банк, қазір осы жерде жұмыс істеймін, 4 айдан астам уақыт болды. 

— «Қолымнан келе ме, жоқ па?» деген қорқыныш болды ма?

— Әрине. Алғашқы аптада маған team lead басқа біреудің орнына қателесіп мені алып қойғандай көрінді. «Ештеңе білмеймін ғой» деген ой болды. Меніңше, бұл жаңа салаға келгенде әрбір адамның басында болатын қалыпты жағдай сияқты. Қорқыныш әлі күнге дейін бар. Кейде өзімді түк білмейтін топас деп те ойладым. Бірақ егер бұл күйді басымнан кешірмесем, дамымайтынымды түсіндім. Сондықтан қазір бірдеңені білмей жатсам, отыра қалып үйреніп алуға тырысамын.

— ІТ-да жұмысқа қабылдар алдында сұхбаттасу өткізеді. Көбі сол интервью қиын болатынын айтады. Сіз қалай өттіңіз?

— Иә. ІТ-да сұхбаттасу қиын өтеді. Бірақ мен алдын ала мамандығыма қатысты сұрауы мүмкін интервью сұрақтарын интернеттен қарап дайындалдым. Дайындалсаң, сұхбаттасу жеңіл болады. Оған қоса, компания жұмыс істейтін технологияларын да бір көз жүгіртіп оқып алдым. Бұл әрине міндетті емес. Бірақ сен сол компанияның жұмыс істейтін технологиясын біліп тұрсаң, бұл сен үшін артықшылық болады. Бұған қоса, интервьюге менің ақылы курсқа бармай өз бетімше оқығаным жақсы жағынан ықпал етті деп ойлаймын.

Сізге қалай түсіндірсем екен, CSS – әрбір сайттың әрлеушісі. Ал сайтты әзірлеуге арналған заттардың жиынтықтары арнайы кітапханаларда бар. Әдетте сайт жасағанда сол кітапханадағы дайын шаблондарды пайдаланады. Бұл көптеген ақылы курста үйретіледі. Бірақ мен курс сатып алмағандықтан бұны білмедім. Көп дүниені қолмен өзім жаздым.

Жұмыс беруші «Ә, сен бәрін қолмен жазасың ба?» деп таңғалды. Ақылы курсқа бармағаным асығымды алшысынан түсірді деп айтсам болады. Одан кейін көбі ІТ-ға келе салысымен жоғары жалақы сұрайды. Бірақ жоғары айлық сұрамастан бұрын кімдер жоғары айлық алады, олардың деңгейі қандай, сен өзіңнің қай жерде тұрғаныңа мән беріп, шындыққа тура қарауың керек деп есептеймін.

— Егер ешқандай тәжірибең болмаса, ІТ саласында қалай жұмысқа орналасуға болады?

— Мұндай жағдайда екі жол бар. Біріншісі – тағылымдамадан өту. Кез келген басшыға кандидаттың аз болса да, тәжірибесі болғаны маңызды. Сондықтан әуелі жұмыстан бұрын тағылымдама іздеу керек деп айтар едім. Мүлдем таппадым деу негізі мүмкін емес.

Бірақ тағылымдамадан өту де мүмкін болмаса, онда тегін жобалар алыңыз. Бұл – екінші жол. Тегін істегеніңізбен есесіне тәжірибе жинайсыз. Ертеңгі күні сұхбаттасуға барғанда «Иә, менің жұмыс тәжірибем жоқ, бірақ жасаған жобаларым бар. Міне, мынаны, ананы мен істедім» деп айта аласыз. Бұл сізге жұмыс табуға септігін тигізеді.

— Бұрынғы жұмысыңызға қайтып барғыңыз келмей ме?

— Жоқ, тіпті мүлдем ойымда жоқ. Себебі түсінгенім – тілмен жұмыс істегім келмейді. Одан кейін стюардесса болып жұмыс істеген кезде графигім ауытқымалы болатын. Кейде күндіз, енді бірде кеште, әсіресе түнгі 2-де дегендей рейстерге көп шығатынбыз. Ал одан менің денсаулығыма едәуір зияны тиді.  Қазір уақытылы демаламын, денсаулығым жақсы. Оның үстіне қазіргі табысым бортсерік болған кездегі айлығымнан әжептәуір жоғары.

— Бағдарламалаудан әртүрлі курс оқып, бірақ нәтиже шығара алмай жүрген адамдарға не айта аласыз?

— Біріншіден, адам курсты сатып алатын болса, ол «Міне, курсты сатып алдым, осы курстан бәрін үйреніп шығамын, маман атанамын» деп ойлайды. Осылай жауапкершілікті басқа адамға, яғни курс авторына немесе менторына аударады. Бірақ бұл курс өзгеге емес, саған керек. Сондықтан жауапкершілікті өзіңе алуың керек.

Екіншіден, ІТ-дың әртүрлі технологиясын оқып, аяғына жеткізбей тастап кетуінің бір себебі – бұл істі шын мәнінде жан дүниесі қаламайды. ІТ саласы жоғары айлық беретін және сұраныстағы мамандық болғаны қызықтырған, сол үшін ғана осы салаға келген. Бірақ өзіне мүлдем ұнамауы мүмкін. Сондықтан ІТ саласына көшерде бұл сала жаныңа жақын ба, жоқ па – соны анықтап алу керек деп айтар едім.

Ал егер бәрібір де ІТ-ға бүйрегің бұрып тұрса, онда нақты қай саласы керек, соны зертте. Бағдарламалаудың да шығармашылық тұсы бар. Мысалы, UI/UX Design. Код жазғысы келмейтін адамдар ІТ-дың осы жағына келсе болады. Маңыздысы – ІТ саласындағы біліміңізді үнемі жетілдіріп отыру керек. Қазір жұмыс істеп жүрсем де, тағы да курс оқып жүрмін. Себебі ІТ мамандығында оқудың бір қиыны – сіз бүгін оқып жатқан курстардың ақпаратты қысқа уақыттың ішінде  ескіріп қалады. IT саласында технология әр жарты жыл сайын жаңарып отырады.