Ғалым «Тарихи-Рашиди»  кітабының ерекшелігі мен тарихи маңызын түсінідіре келе, бұл еңбекті аударуға 20 жылын  арнағанын айтты.

«Тарихи-Рашиди» кітабын қазақ тіліне аударуыңызға не себеп болды?

— Бір кездері  маған Әбсаттар Дербісәлі  «Қазақ даласының жұлдыздары» деген кітап сыйлаған болатын. Соның ішінде қазақ даласында өмір сүрген әл-Фараби мен Мұхамед Хайдар Дулат сияқты ұлы ғалымдар туралы  жазылыпты. Кітаптың 16-17 беттік көлемді тарауы осы «Тарихи-Рашиди» кітабына арналған екен. Ол кітапты автор екі тілде жазып шыққан. Ішінде  түрік тілінде жазылған «Жаханнама» поэмасы мен парсы тілінде «Тарихи-Рашиди» еңбегін кездестірдім. Бұл бөлімдер қазақ тарихы туралы жазылған тұңғыш кітап болғандықтан қатты қызығып оқыдым.

Ислам Жеменей

Ал «Тарихи-Рашиди» кітабын қазақ тіліне аударуға кеңес берген кісі – Мекемтас Мырзахметұлы. Мекемтас аға мені Түркістанға 1999  жылы жұмысқа шақырып, студенттерге өткізген лекциямды тыңдаған соң былай деді:

«Біз шығыс ғалымдары мен олардың шығармашылығы туралы дұрыс білмейміз. Егер сен бізде қалсаң, қазақ студенттеріне шығыс әлемін тануға көп ықпал жасайтын едің», – деп ұсыныс айтты.

Докторлық еңбегіме Мекемтас аға «Біз «Тарихи Рашиди»  еңбегіне әдеби шығарма ретінде қарай аламыз ба, әлде тек тарихи тұрғыдан ба?» деп дәлелдер келтіріп шығуға тапсырма берді. Осылайша 2007 жылы Мекемтас Мырзахметұлы мен Әбсаттар қажы Дербісәлінің жетекшілігімен «Тарихи-Рашиди» туралы  докторлығымды қорғадым.

Ол уақытта тәжірибем де аз, кітаптың қолжазба нұсқасы  ғана қолымда болды. Сол қолжазба негізінде кітапты қазақшаға аударып шықтым. Бірақ ол қолжазбада көп кемшіліктер бар екенін сездім. Мысалы, кітаптың авторы Мұхамед Хайдарды «Дулати» деп жазған екен. Қазақта  адамның ру- тайпалардың  соңына жұрнақ қойылмайды. Мәселен мен «қыпшақ» руынан болсам, елдерге «қыпшақи» деп айтпаймын ғой. Сол сияқты аударма барысында «дулати» емес «дулат» руы деп  түзетулер енгіздім.

Біз бірінші рет Ресейдің ғалымдарына еліктемей  таза қазақ тілінде жер-су аттарын жазып осындай аударма жасап шығарып, өзімізше бір  бастама жасағандай болдық.

Кітапты үш рет басып шығаруыңызға не себеп болды?

— 1999 жылы «Тарихи-Рашиди» кітабының парсы тіліндегі өзбекстандық нұсқасын Мекемтас аға қазақ тіліне аударуға берді. Ол кездегі кітаптың қаражатын «Дулат қоры» мойнына алды. Сөйтіп, «Тарихи-Рашиди» кітабының қазақ тіліндегі алғашқы нұсқасы 2003 жылы жарық көрді.

Ислам Жеменей

2003 жылғы кітаптың бірінші нұсқасын аударып шығарғанда тәжірибем аз болды. Ал  2014 жылы кітаптың екінші аудармасын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарыққа шығардық. Алайда кітаптың индексі жоқ. Жай аударма деп айтуға болады. 2020 жылы үшінші аударманың ішінде түсініктеме өте көп жазылып, толық нұсқасы шығарылды. Толық нұсқасы деп айтуымыздың себебі: осы кітаптағы қазақ тіліндегі әрбір сөзге түрік тілінде  түсініктеме беріп  отырдық.

2007 жылы докторлық қорғап жүргенімде «Тарихи-Рашиди» кітабының Тәжікстан және Лондон қолжазбасына қол жеткіздім. Кітаптың үшінші аудармасында солардың бәрін біріктіре отырып текстология жасап шығардым. Осы толық текстология негізінде кітапты қайтадан үшінші рет аударып, толық нұсқа жасадық.

Осылайша кітаптың үшінші нұсқасы 2020 жылы Техранда шықты. Кітаптың аудармасына Түрік елі қызығып, түрікшеге аударуымды өтініп,  ұсыныстар  түсіп жатыр.

«Тарихи-Рашидиді» қазақ тіліне аударудың қандай маңызы мен ерекшелігі бар?

— «Тарихи-Рашиди» кітабы арқылы оқырман тарих пен география, философия, сопылық әдеибет, дін, мәсхабтар мен қатар шығыс-парсы, түркі ақындары туралы ақпарат алады.  Бұл кітапты оқу арқылы сіз ежелгі тарихымыздан бастап бүгінге дейінгі тарихқа қанық боласыз.

Тарихты зерттеушілер ежелде дүниежүзінде 48 өркениетті ел болғанын айтады. Бүгінде сол 40 шақты елден жеті-сегізі ғана қалған екен. Соның бірі -түркі халқы. Түркі халықтары қазіргі уақытта алты республикаға бөлгенімізбен, бәріміздің шығу-тегіміз, түбіміз – бір. Сол салт-дәстүріміздің бәрін түсіну үшін бізге тарихи жазба деректер керек болды. Тарихи жазба деректің нақтысы, бізге  жетекші бола алатын бірегейі – осы «Тарихи-Рашиди» кітабы.

Кітапта біздің тарихымызға қатысты түрлі ақпарат қамтылған. Қазіргі уақытта тұрмысымыздағы жақсы мен жамандықтың барлығы саяси тарих пен билікке байланысты. Осы жағдайды кітаптың әр жерінен көре аласыздар. Адамның тағдыры ниетіне байланысты. Егер ниетің жақсы болса, болашағың да жарқын болады. Ал ниетің жаман болса, ол да тағдырыңа әсер етпей қоймайды.

Ислам Жеменей

Кітапта осы сияқты саяси-қоғамдық және ағайындық психологияны да байқауға болады. Кітаптың сөздік қоры оқырманды ежелгі  Тұраннан бүгінге Түркістанға дейін ертіп алып келеді. Тіпті, кітапты тарихтағы түрлі ханның бір-бірінен айырмашылығы салыстырмалы түрде жазылған. Мысалы, бір хан мейірімді болып жетімге қол ұшын созып көмек берсе, ол ханның ұлы жауыз болуы мүмкін деген сияқты түрлі образ көрініс табады.

Бұл кітап арқылы әрбір оқырман ежелгі төл тарихын тани алады. Қазір әлем екі түрлі саяси көзқарастың арасында тұр. Бірі – жаһандану болса, екіншісі – ұлттық идеология.

Үлкен алпауыт елдер бүкіл әлемді «Мен басқарамын» деп таласып  бәсекеге түсіп отыр. Бәсеке үшін адамдарың мұқтаждығын пайдаланып, әлемде өкілетті соғыстар жүргізіліп жатыр. Ортада үлкен ұлыстардың дәл осындай бәсекесі болмаса біз өркениетке жете алмас едік.

Сұхбатыңызға рақмет!