ГлавнаяБлог

IN VR: Алина Әбдрахманова VR-технологиясын білім саласында қалай қолданып жүр?

Кейіпкеріміздің айтуынша, IN VR шынайы әлем мен виртуалдың қосындысын береді

IN VR — стримиң жасауға арналған платформа. Оны білім беру саласында және іс-шара ұйымдастырғанда қолдануға болады. 

Алина, бұл платформа қалай жұмыс істейді? 

— Ең бірінші камераны стрим жасалатын ғимаратқа немесе мекенге орнатамыз. Сосын интернет арқылы стримиң жасауды бастаймыз. Кез келген адам біздің платформадағы бөлмеге VR шлемі немесе ұялы телефон арқылы қосыла алады.

Мысалы, университеттегі лекцияны алайық. Біз 360 градусты қамтитын камераны лекция өтетін аудиторияға орнатамыз, ал студент үйде отырып VR шлемін киіп немесе смартфонмен платформаның виртуал сыныбына кіреді. Әрине, логині мен құпиясөзі болады. Студент айналасында болып жатқанның бәрін көре алады. Бұл оқу процесін тиімді етіп қана қоймай, қызық өткізуге көмектеседі. Шынымен офлайн аудиторияда сабақ өтіп отырғандай сезімде болады.

Іс-шараларда да тиімділігі жоғары. Концерт өтетін стадионға камера орнатып, стримиң жасаймыз. Мысалы, шетелде жүрген адам Димаш Құдайбергеннің Қазақстандағы концертіне қатысқысы келсе немесе Барселона-Реал Мадрид матчына баруды қаласа, біздің платформаны қолданып көре алады. Сондай-ақ өзіңізге ең ыңғайлы ракурстан қарауға да мүмкіндік бар. Концерт немесе футбол матчын сол залға барып көріп отырғандай күйде боласыз.

— Бұл стартап идеясы қалай келді? 

— Идея Geneva Business School-да жұмыс істеп жүрген кезімде келді. Қашықтан оқыту бағдарламасының офлайн білім берумен өте ұқсас болғанын қаладым. Себебі жүзбе-жүз кездесіп отырып алған білім мен онлайн оқуды салыстыруға келмейді. Сонымен, не істесем екен деп жүргенде ойыма шынайы әлем мен виртуал әлемді біріктіру керек деген идея келді. Осылайша, IN VR пайда болды.

— Стартапты бастауға алғашқы капиталды қалай  таптыңыз? 

— Біз бұл стартапты 2019 жылы қараша айында бастадық. Алғашқы капитал ретінде серіктесім Дархан Дауталиев екеуіміз 52 мың доллар ақша салдық. Бұл ақша өзіміздің жеке жинаған қаражатымыз еді. Солай, стартапты бірге бастадық. Командада 8 адам бар. Дегенмен қазіргі уақытта платформа 100% дайын деп айта алмаймын. Себебі оны бізге үнемі өңдеп, жаңартып отыруға тура келеді. Осы уақытқа дейін бұл жобаға шамамен 80 мың долларға жуық инвестиция құйдық-ау деймін.

— Қандайда бір компаниямен немесе мекемемен лизенциялық келісім жасаудың сәті түсті ме? 

— Иә, қазіргі уақытта лицензиялық келісім бойынша Geneva Business School-мен бірге жұмыс істейміз. Басқа да серіктестерді қарастырып жатырмыз. Дегенмен бизнес-моделімізге аздап өзгерту енгізу де ойда бар.

Қазіргі бизнес-моделіңіз қандай? 

— Университеттермен бір жылға платформамызды пайдалану туралы лицензиялық келісім жасаймыз. Ал ивент бойынша концертте сатылған билеттердің пайызына қарап есептейміз. Бірақ бізде «уау» дейтіндей үлкен сатылым әлі болған жоқ. Сондықтан бұл бизнес-модель қаншалықты тиімді екенін әлі білмейміз.

Ал нақты қанша билет сатылғанын қалай қадағалайсыз?

— Арнайы төлем жүйесі орнатылады, ал ол сату процесін ашық етеді.

— Бұл мерзімінен бұрын басталып отырған іс деп қорықпайсыз ба? Егер біз пандемиядан кейін офлайн оқуға көшсек, шығынға ұшыраймын деп ойламайсыз ба?

— Иә, VR — әлі де дамып жатқан технология. Оның үстіне кейбір өңірде интернет жылдамдығы нашар. Сондықтан ендігі 1-2 жылда да біз нарыққа тосын дүние болуымыз мүмкін. Дегенмен стартаптың техникалық жағын реттеп, дамыту үшін бізге де уақыт керек. Сондықтан менде «Тым ерте бастадым» деген ой жоқ. Керісінше VR-технологиясымен бірге өзімнің стартапым да қатар дамиды деп ойлаймын.

— IN VR-ға инвестиция құйғандар болды ма? 

— Әзірге Дархан екеуіміз ғана. Біз өз ақшамызды құйдық. Оған қоса, бізді сингапурлық Quest Ventures қоры қаржыландырды.

— Стартап жаппай нарыққа қашан шыға алады деп ойлайсыз?

— Жоспарымыз — стартаптың техникалық бөліміне көбірек көңіл бөліп, сол бағытта көп жұмыс істеу. Сондай-ақ өзімізді білім беру саласында дамыту. Айтпақшы, мобайл қолданбамызды шығару да ойымызда бар. Меніңше, жаппай нарыққа шамамен 2030 жылға қарай шығамыз.