ГлавнаяБлог

AITechLab жасанды интеллект көмегімен адамды көзі арқылы ғана тану жолын әзірледі

Қазақстандық стартап технологиясы тест кезінде 2 миллиард дерек ішінен адамды 1 секундта таныды

AITechLab технологиясы қандай мәселені шешеді?

— Біздің технология жасанды интеллект көмегімен адамды, заттарды тани алады. Өнім Face-tracking деп аталады. Бастапқы мақсатымыз миллиардтаған деректің ішінен адамды танып, оның кім екенін анықтау болды. Тіпті, көзілдірік таққан, бетперде, бас киім киген адамды оңай тануы керек деген мақсат қойылды. Қазір технологияға объектілерді тануды үйретіп жатырмыз. Мысалы, адамның қолындағы заттарды оңай тануы керек. 

Стартабымыздың идея авторы — Сейілбек Мықтыбеков. Бұл идея бізге 2 жыл бұрын келді, негізгі жұмысымыздан тыс уақытта айналысып жүрдік. Командада қазір 10 адам бар. Ең әуелі шетелдік нарықтың математика моделін зерттей бастадық, олардың қандай қатесі бар, Қазақстан азаматтарын қалай таниды — соның бәрін зерттей келе жаңа моделін жасадық.

Ashyq мобайл қолданбасымен интеграция қандай нәтиже береді?

— ОлAITechLab технологиясын қолданудың бір шешімі ғана. Ashyq-пен интеграция жасалса, адамдар QR-кодты сканерлермейді, олардың коронавирусқа байланысты мәртебесін бейнекамера арқылы көре аламыз.

Сол арқылы күзетшінің коронавирус жұқтыру қаупін азайтамыз. Себебі ол бұрынғыдай есіктің алдында тұрмайды, ешкіммен тікелей қарым-қатынас жасамайды. Кірген адамдарды кабинетінде отырып-ақ, компьютерден немесе мобайл телефонынан бақылай алады. Ал «қызыл» мәртебесі бар адам кірсе немесе күмәнді зат ұстаған адам кірсе, сол сәтте шығып, тексере алады. 

Мұндай мүмкіндік құқық қорғау органдарына да қызық болуы керек. Бұл технология арқылы қылмыскерлерді де тану мүмкіндігі бар. Адам көп жүретін жерлерге камералар қойып, жүйеге біздің технология орнатылған болса, онда іздеуде жүрген адамның дерегін енгізіп қоюға болады. 

Стартап қазір қандай сатыда жұмыс істеп жатыр?

— Ashyq-пен интеграция жасау бойынша министрлікпен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ондағы мақсатымыз — өнімді нарыққа шығару, ірі сауда орталықтарына технологиямызды орнату.

Деректер базасын қайдан аласыздар?

Оны технологияға тапсырыс берген ұйымның өзі ұсынуы керек. Біз тапсырыс берушіге технологиямызды ғана орнатып береміз. 

Сынақ жұмысына интернеттегі ашық деректер базасын қолдандық. Тест кезінде біздің технология 2 миллиард дерек ішінен адамды 1 секундта таныды. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. 

Сынақ нәтижесі қалай болды?

— Жоғарыда айтқанымдай, ең көп дегенде 2 миллиард дерекпен жұмыс істедік. Әр сынақ сайын шыққан қатемен жұмыс істедік. Бәрібір 100% жұмыс істейтін технология болмайды. Технологияның жұмыс істеу дәлдігі 99% болды, 1% қате — қалыпты жағдай. 

Қазіргі қолданыстағы адамның бет-бейнесін тану технологиясынан қандай айырмашылық бар?

— Қазақстанда адамның бет-бейнесінен кім екенін танитын технология қолданыста. Бірақ үлкен базадан, бетперде таққан адамды дәл тану — қиын алгоритм. Тәжірибе жүзінде кеңсеміздің кіреберісіне орнаттық. Жеке дерегін қолдануға рұқсат берген қызметкерлер ғимаратқа сол арқылы кіріп жүр. Оларды тану үшін көзі ғана ашық болуы жеткілікті. 

Адамның көзі арқылы қалай таниды?

— Алгоритмді құрастырғанда ең басты талабымыз сол болды. Адам адамды көзіне қарап-ақ таниды ғой. Біз де жасанды интеллекті соған жақын қабілетке ие болғанын қаладық. Кескін бұлыңғыр болса, адамның өзі де дұрыс танымайды, сол сияқты оны алгоритм де танымауы мүмкін. Камераның сапасы төмен болған сайын, оның тану қабілеті де әлсірейді. Бірақ мүлде нәтиже көрсетпей қалмайды, адам сияқты барынша тануға тырысады. 

Жасанды интеллектіде де әр ұлттың ерекшелігі болады екен. Мысалы, Қытай азаматтарын 100% танитын технологияны Қазақстанға алып келсе, қазақтарды тани алмауы мүмкін, қате көп шығады. Сондықтан қазақтарға ғана тән технологияны жасап шығару қажет болды. 

Біз көпұлтты мемлекетпіз ғой, оны қалай шештіңіздер?

— Сол үшін математика моделін құрастыру қиын болды. Оның үстіне шетелдік азаматтарды қостық. Сондықтан алгоритмді жан-жақты болуға үйреттік. 

Бұл технологияға кімдер тапсырыс бере алады?

— Оны тек Ashyq-қа қатысты технология деп түсінбеу керек. Ол технологияны қолданудың бір тәсілі ғана. Мысалы, мемлекеттік органдардан бастап, ірі сауда орталықтары, күзет фирмалары, жалпы қызметкерлерінің деректер базасы бар кез келген кәсіпорын қолдана алады. Осы технологияның көмегімен кәсіпорынның есігін автомат түрде ашылып, жабылатындай етуге болады. 

Мысалы, кәсіпорынның ғимаратына кіргізбеу керек адам болса, оны да біздің алгоритммен ерте анықтайтындай етуге болады. Жүйе ол адамды таныса, күзетшіге немесе менеджерге белгі береді. Яғни технологияны дұрыс пайдалана алсақ, ол көп мәселені шеше алады. 

Тағы бір мысал: ірі сауда орталықтарында күзетшінің жұмысын жеңілдетуге болады. Технология объектілерді тани алады, адамның қолындағы күмән туғызатын заттар, қару-жарақ, көлемді сөмкелер, қорапты көргенде белгі береді. Сонда күзетші барлық адамды емес, тек технология меңзеген объектіні бақыласа болады.

Мысалы, бетін жауып, камерадан тығылмақшы болған адамды да технология күмәнді деп тауып, бірден белгі береді. Тіпті, кинолардан көргеніміздей, жасанды интеллект көмегімен қораптың ішінде шамамен қандай зат бар екенін де болжауға болады. 

Сонда болашақта күзетшілер жұмыссыз қала ма? 

— Олай толық кесіп айта алмаймыз. Бәрібір адамдармен тікелей байланыс жасамаса да, компьютер алдында бақылап отыратын адам қажет болады. Сосын күмәнді объектіні тексеретін де адам қажет болады. Мұнда тек күзетшіге төнетін қауіпті сейілтіп, оның жұмысын жеңілдететі деуге болады. 

Сосын мойындау керек, қазір қажет болса, адамдар Ashyq қосымшасын да алдай алады. Басқа адамның ЖСН-ін енгізіп, мәртебесін өтірік көрсететіндер де кездеседі. Ал біздің технологияны ешкім алдай алмайды, ал9 алдағысы келген адамды жүйе бірден біліп қояды, дабыл қағады. 

AITechLab технологиясының бағасы қанша болады?

Бағасы әр тапсырыс берушіге жеке құрылады, сондықтан белгілі соманы айту қиын. Баға тапсырыстың түріне, деректер базасының көлеміне, бейнекамераның орнатылуына байланысты. 

Стартапты кім қаржыландырады?

— Стартапты Kazdream Technologies компаниясы қаржыландырады. Бұл компания көбіне деректермен жұмыс істейді. Сондықтан біздің технологияны бірінші осы компанияның деректерімен де сынап көрдік. Нәтиже тиімділігін көрсетті.