Әсел Айболатқызы, баланың оқуына ақша жинау керек пе? 

Әсел Мағжан

— Біздің буынның көбінің ата-анасы кезінде оқуға ақша жинамады. Егер бізде осы жолды қайталайтын болсақ, онда балаларымыз 15-20 жылдан кейін еңбек нарығына шыққан кезде бәсекелестікке қабілетсіз болады. Неге? Себебі оларда «Сен грантқа түсуің керек, грант бөлінген мамандықты ғана таңдауға міндеттісің» деген шектеу қойылады.  Ал тек грант үшін оқу ата-анаға да, балаға да мүлде тиімсіз. Өйткені ол бала сол мамандықпен оқымаса немесе әрі қарай сол кәсіппен жұмыс істемесе, онда уақытын зая кетіргені. 

Тек грант үшін оқуға түсіп, мамандығы өзіне ұнамаса, дипломы бойыншажұмыс істей ме, жоқ па – үлкен сұраққа айналады. Содан ертеңгі күні «Өзімді таппай жүрмін, мамандығым өзіме ұнамайды» деген сияқты сұрақтармен көп адам белгісіздікке ұшырайды. Сол себепті «Балам өзі жақсы көрген мамандығын оқып, соның иесі болсын» десек, оны қаржы тұрғысынан қамтамасыз ете алатын жағдай жасауға ата-ана ретінде міндеттіміз деп айтар едім. 

Қазір – әке-шеше баласының потенциалын ашуға және қалаған оқуына түсуіне көмектесетін заман. Себебі олар еңбек нарығына шыққан кезде бәсекелестік қазіргіге қарағанда екі есе жоғары болады. Сондықтан балаңыздың болашағына балта шапқыңыз келмесе, қазірден ақша жинаңыз. 

Дегенмен қазір тұрмыстық техниканы, телефонды несиеге алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өз несиесін әрең төлеп жүрген адам баласының оқуына ақша таба ала ма? 

— Қазақстанда несие ресімдеушілер саны жыл өткен сайын өсіп жатыр. Олар сол несиесін төлеу үшін ай сайын шамамен 20-50 мың аралығында төлеп жүреді. Ең қызығы – несиесін жапқан соң оларда артық ақшасы бар сияқты сезім пайда болады. «О, несиемді жаптым! Енді артық 20-50 мың теңгем бар» деп қуанады. Осы алдамшы сезім оған тағы бір несиені алуға итермелейді. Оған сылтау да табыла кетеді. Үйге телевизор немесе кір жуатын машина, тоңазытқыш па -әйтеуір бір нәрсе алу керек болып қалады. 

Егер алдамшы ойға берілмей, оның орнына баласының болашағын ойлап, артық болған 50 мың теңгесін ай сайын баласының оқуына жинап отырса, 10 жылда бұл кәдімгідей қомақты ақшаға айналады. Ал үйге керек затты несиеге емес, ақша жинап, қолма-қол қаражатпен алса да болады. Тіпті бұл несиеге алғанға қарағанда әлдеқайда тиімді деп айтар едім.  Дегенмен несие алу-алмау – әр адамның өз еркі. Бірақ қаржыгер ретінде несие алғанды құп көрмеймін. 

Негізі қазір көп адам айлықпен ғана күн көреді деуге болады. Ол қолға тиген ақшаны қаншалықты дұрыс жұмсайды? Мәселе осында.  Айлықпен ғана күн көріп отырса да, саналы түрде жеке бюджет жасайтын болса, кез келген жағдайда артық ақшаны табуға болады. Мүлдем жетпейді деген күннің өзінде бір айлыққа ғана байланып қалмай, қосымша жұмыс жасап, кірісін арттыруға болады емес пе?! 

Сонда ақшаны қайда жинаған дұрыс? 

— Балаңыз 12-15 жаста, алдағы 3-5 жылда  оқуға тапсырайын деп тұрған болса, онда ақшаны банк депозитіне салған жөн. Ал егер балаңыз 6-7 жаста болса, оқуға тапсыруға әлі 10-15 жыл уақыт бар. Мұндай мерзімге жинайтын болсаңыз, онда өмірді сақтандыру компаниялары арқылы жинауға кеңес беремін. Неге? Біріншіден, бұл жерде сіз салған барлық сомаға кепілдеме бар. Екіншіден, өмірді сақтандыру компаниялары ешқашан банкрот болып қалмайды. Әрине, осы жерде 10 жыл мерзімге  жинайтын адамның ойына «Ертең мына банк банкрот болып қалса қайтемін?» деген ой келуі мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай.

Банктерде банкротқа ұшыраған жағдайда салған ақшаңызға салыстырмалы түрде  5-10 миллион теңгеге дейін кепілдеме бар. Ал одан артық сомаға кепіл жоқ. Ал сақтандыру компаниясында сіз салған ақшаңызды толығымен ала аласыз. 

— Ақша жинауды қай уақыттан бастаған дұрыс? 

— Бұл әр адамның жағдайына байланысты. Балаңыз шамамен 16-17 жаста университетке түседі дейік. Егер қазір балаңыз 7 жаста болса, сізде 10 жыл уақыт бар. Ал егер одан кейін кіріссеңіз, жинауға қажет сома мөлшері де жоғарылай береді. Балаңыздың оқуына қаражатты неғұрлым ертерек жинап бастасаңыз, соғұрлым өзіңіз үшін ұтымдырақ болады. Себебі қалтаңызға салмақ түсірмей аз төлемдермен асықпай жинауға мүмкіндігіңіз бар. Ал жинайтын соманың нақты мөлшері балаңызды қай оқу орнында оқытқыңыз келетініне байланысты. 

Қазір еліміздегі беделді оқу орындарында оқудың бағасы – шамамен бір жылға 1 миллион теңге. Егер оқудың бағасы жыл сайын 10% қымбаттап отыратынын ескерсек, сонда бір баланың төрт жылдық білімі 5 миллион теңге болады деп жинаймыз. Енді осы 5 миллион теңгені 15 жыл жинайды деп есептесек, айына шамамен 28 мың теңгені жинап отыру қажет болады. Ақшаңызды депозитке салғанда процент қосылатынын ескерсек, 15 жылда қомақты сомада ақшаңыз болады. Осы жерде айта кетейін, егер сақтандыру компаниясында жинасаңыз, 3 жылдан соң инвестициялық табыс қосылады.   

Ал қаржыгер маман ретінде қай сақтандыру компаниясын ұсынар едіңіз? 

— Nomad Life, Standard life, Halyk life және Freedom Finance – негізі осы ТОП-4 компания Қазақстан нарығында белсенді жұмыс істепжатыр.

Жоғарыда аталған компаниялар ішінде Halyk Life тек теңгемен, ал Nomad Life болса тек доллармен, оның өзінде бағдарламалары бай адамдарға арналған. Standard life пен Freedom Finance-та доллармен де, теңгемен де жинауға болады. Дегенмен соның ішінде ұсынып отырған жеңілдіктері мен қызметтері қарапайым халыққа тиімділігі жағынан Freedom Finance компаниясын жақсы шешім деп есептеймін. Себебі ақшаны теңгемен я доллармен жинағыңыз келе ме, ол өзіңіздің еркіңізде. Доллармен жинағыңыз келсе, Freedom Money деген бағдарлама, ал теңгемен жинағыңыз келсе Freedom Future және Freedom Education деген бағдарлама бар.

Онда балаңызбен қатар өзіңіздің өміріңізді де сақтандыра аласыз. Яғни бір оқпен екі қоян атасыз немесе бір бағдарламамен екі адамды сақтандырасыз. Оны «двойное страхование» деп атайды. Қазіргі таңда бұл бағдарлама сұранысқа ие болып келе жатыр. Одан басқа Halyq life сақтандыру компаниясының Baiterek деген бағдарламасы бар. Онда ақшаны тек теңгемен жинай аласыз.

— Ал егер депозитке қойып жинасақ ше? Кез келген банктің депозиті бола бере ме? 

— Егер жинайтын ақшаңыз 5 миллион теңгенің айналасында болса, өзіңізге ұнайтын кез келген банкке жинай берсеңіз болады. Себебі бұл мөлшердегі сома кепілдендірілген салымға жатады. Банкпен келісім шарт жасасқан кезде 3-5 жылға алынбайтын депозит жасасаңыз, алынатын депозитпен салыстырғанда берілетін пайыздық мөлшерлемесі сәл көбірек болады. Мысалы, Halyk Bank-тегі aqyl – сондай депозиттердің бірі. Ол – балалардың оқуына арналған депозит. 

— Ақша жинады, бірақ баласы грантқа түсіп кетсе, жиналған ақша не болады?

— Сіз 10 жыл  бойы ақша жинап, бірақ балаңыз грантқа өзі түсетін болса, онда келіскен уақытта ақшаңызды өзіңізге қайтарып береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Алайда ақылы бөлімде оқитын болса, онда компания бірден сіздің балаңыз түскен университеттің шотына ақшаны аударады. Осы жерде қаржы төрт жылға бірден аударыла ма әлде тоқсан-тоқсанмен бөліп төлене ме, ол жағын өзіңіз шешесіз.  

— Ал егер ата-ана ақша жинамаса, не болады? 

— «Грантқа түседі деп ойлаймын, сондықтан ақша жинамаймын» десе, бұл – ата-аналардың өз еркі. Алайда ертең балаңыз оқуға түспесе ше? Грантқа ілінбей қалып, ақылы түрде оқыту керек болса, кезінде ақша жинамағаныңызға өкінесіз бе, әлде өкінбейсіз бе? Соны бір сәт ойланып көріңіз. Сіз ақша жинап, балаңыз грантқа түссе, ештеңе жоғалтпайсыз. Тіпті балаңыз шетелдік университетке 100% грантқа түскен күннің өзінде ақша артық етпейді. Бәлкім, балаңыз жеке кәсібін ашқысы келсе, оның бизнес жасауына алғашқы капитал тауып беріп қол ұшын соза аласыз.