Белгілі бір жобаны жүзеге асыратын негізгі маман – жоба менеджері. Оның негізгі функцияларына жоба төңірегінде тиімді коммуникациялық орта жасап, жобаны қадағалап, бақылау жатады. Бүгінгі материалда жоба менеджері мамандығы, оған қажет білім мен білік, олардың жалақысы туралы айтамыз. 

Жоба менеджері не істейді?

Жоба менеджері көшбасшы болуы керек. Өйткені ол жобаның қолданушы, тапсырыс беруші мен демеуші талаптарына сай орындалуына жауап береді. Сонымен қатар ол – жоба жұмыстарының дұрыс, нақты орындалуын бақылап, басқаратын адам. 

ҚР Жобалау менеджерлері одағының сертификациялау орталығы директоры Ақбота Ақзамбекқызы жоба менеджері мамандығы жайлы айтып берді. 

Маманның негізгі функциялары – жоба бойынша тиімді коммуникациялық орта қалыптастырып, жоба жұмыстарын бақылап, қадағалау. Команданы дамытып, жобаны жүзеге асыру да, жобалық және техникалық құжаттаманы жүргізу де – осы маманның міндеті,

– дейді Ақбота Ақзамбекқызы. 

Маманға сұраныс қаншалық көп?

Жобалар барлық салада бар. Сол себепті жоба менеджерінің жұмыс істеу аясы өте кең. 

Қазір заман талаптарына сай нарық жылдам өзгерісті қажет етеді. Бұл өзгерістерді жүзеге асырудың бірден бір жолы – әр түрлі жоба жасау. Сол себепті жоба менеджеріне сұраныс та көп. 

Ақбота Ақзамбекқызы

Маман компанияда жеке жоба менеджері бола алады немесе қатардағы менеджмент басшылары, қызметкерлер тарапынан тағайындалуы мүмкін. Себебі жобалар ауқымы, мақсаты бойынша да әртүрлі деңгейде орындала береді.

Мықты жоба менеджері болу үшін не істеу керек?

Мықты жоба менеджері болу үшін мынадай білім мен құзыретке ие болу қажет:

– техникалық білім мен машық (жобалау жұмыстарын істеу, әдіс-тәсілдерді білу, құжаттама жасау және тағы басқа); 

– көшбасшы болу (адамдармен жұмыс істей алу машықтары – коммуникация, эмоционал интеллект, келісім жасау, ынталандыру, билік ете алу, ықпал ету);

– стратегиялық білім мен машықтар (жоба мақсатын ұйым мақсатымен үйлестіру, кең әрі жүйелі көзқараспен қарай білу, нарық талаптарын игеру).

Жоба менеджментінде 135-тен астам құрал мен әдіс бар. Оның әрқайсы әртүрлі мақсатқа арналған. Мысалы, талаптарды жинау үшін: фокус топтар, протатиптер, интервью; алынған деректерді өңдеу үшін: анализ әдістері, алтернативтік талдау, тарихи ақпаратты өңдеу,  реестер жасау; ақпаратты көрсету үшін: диаграммалар (Ишикава, Гант, Торнадо), блок схемалар, канбан тақталары және тағы басқасы керек.

Жоба менеджерінің жалақысы қанша?

Әлемде сертификаты бар жоба менеджері басқа қатардағы менеджерлерге қарағанда 30% жоғары жалақы алады. Қазақстанда да бұл тренд бар. 

Жалпы жоба менеджерлері жобасының масштабы мен мақсатына байланысты жалақы алады. Мысалы кен өндірісі, мұнай, құрылыс салаларында жалақы 800 мың теңгеден көп. IT саласында 600 мың теңгеден 2 млн. теңгеге дейін барады. Білім беру, консалтиң және басқа да салаларда жалақы 600 мың теңгеден басталады,

– дейді маман.

Жоба менеджері мамандығын қазір онлайн оқып алуға болады. Ақбота Ақзамқызы 5Q.kz платформасына арнап “Project managment негіздері” деген онлайн-курс жасады. Курс жоба менеджментімен таныстырып, қатысушыға жоба менеджменті бойынша негізгі білім береді. Курсты игеру арқылы жоба менеджменті саласының көптеген процесін, әдіс-тәсілін игеруге болады. Кейін осы білімді практикада қолдануға мүмкіндік бар. Себебі курстағы барлық білім практикадан және ілгері теориядан алынған.