Жәнібек Қыдырәлиев жеке брендін қалыптастырып жатқан адамдарға 7 жылдан бері продюсер болып жүр. Биыл жазда Жәнібек DAR компаниясы ұйымдастырған “Біліміңді монетизация жаса” байқауының финалына жетті. Жеңіп алған грантына онлайн-продюсер болу курсын жасап шықты. Жәнібек қалай онлайн-продюсер атануға болатынын және команданы қалай жасақтау қажет екенін айтып берді.
Онлайн продюсер қандай машықты үйренуі керек?
Онлайн-продюсер – жеке бренд қалыптастыратын маман. Білікті мамандар әлеуметтік желіде өзін танытып, қызметін сата алмай жатады. Онлайн-продюсерлер сондай сала экспертінің мықты тұсын анықтап, оның месседжін аудиторияға жеткізеді.
Онлайн-продюсер әуелі стратегияны дұрыс құра білуі қажет. Соның негізінде команда жинақталады. Мәселен, бір тұлғаның желіде жеке брендін қалыптастыру үшін толық команда қажет емес. Екі-үш маман жеткілікті. Ал енді біріне команданың барлық мүшесінің жұмысы керек. Жеке бренд қалыптастыруды іске қосудың үш түрі бар:
- классикалық — вебинар іске қосу арқылы сату;
- рокет лаунч – Instagram арқылы тікелей сату;
- америкалық жүйе – сатып алушылардың пікірі арқылы сату.
Әр экспертке осы стратегиялардың бірі таңдалады.
Қазір жұмыс істеп тұрған үш жобамыз бар. Олар — қазақ тілі мұғалімі Алтынай Өтегенова, Happy Travel компаниясының негізін қалаушы Шынар Сәрсенбаева және еліміз бойынша домбыра мектептерін ашқан Сәбира Бибатыр.
Онлайн-продюсер адамдармен тіл табыса білгені жақсы. Дипломатиялық қабілеті болса, жеке брендін қалыптастыруға ниет еткен тұлғамен келісімге келе алады. Командаға мотивация беріп, олардың жұмысын ұйымдастыру да – онлайн-продюсердің міндеті.
Маман стретег болуға тиіс. Көп адам жобаны бастасам болды, жұмыс жүріп кетеді деп ойлайды. Ал негізі бәрін алдын ала жоспарлап, эксперт жеке брендін қалыптастыруға қанша қаржы бөлетінінен бастап ойластырған жөн,
— дейді Жәнбек Қыдырәлиев.
Бір адамның жеке брендін қалыптастыру ұзақтығы бір айдан 6 айға созылуы мүмкін. Бәрі тұлғаның осы уаққа дейін желіде қаншалық қалыптасқаны мен қаражатына байланысты.
Команда қалай жасақталады?
Продюсер әуелі жеке брендін жасамақшы болып отырған маманды зерттейді. Оның құндылығы қайсы, халыққа не бере алады, әлеуметтік желіде өзін ұсынуы, таныстыруы қаншалық дұрыс жасалған, оған қандай трафик алу керек деген сияқты зерттеу жүргізіледі. Осы зерттеу нәтижесінде команда жиналады.
Командаға ең бірінші алынатын адам – SMM маманы. Ол біз алып отырған эксперттің әлеуметтік желілерін жүргізеді. Одан кейін дизайнер керек. Оның міндеті – әлеуметтік желідегі посттардың мұқабасын, посттың өзін, афишасын әзірлеп беріп отыру. Үшінші маман – Instagram-ға, TikTok-қа, YouTube-ке видео контент жасайтын мобилограф немесе видеограф.
Сосын командаға бренд-визуализатор, яғни фотограф қосылады. Тұлғаның айналысатын кәсібіне қарай фотозоналар, студиялар таңдап, сонда фотосессия жасайды. Копирайтер – эксперттің ойын оқырманға дұрыс, жүйелі жеткізетін адам. Онлайн-продюсер мен эксперт бірігіп контент жоспарын жасап, копирайтерге береді. Оның міндеті – осы жоспар бойынша қысқа да нұсқа әрі түсінікті етіп мәтін дайындау.
Келесі кезеңде таргетолог қосылады. Ол әлеуметтік желіде мақсатты аудиторияға таргет жіберіп, трафик алып келеді. Енді жұмысқа web-әзірлеуші маман кіріседі. Маман тұлғаның бір беттік жеке сайтын жасап береді. Сайттың мәтінін копирайтер жазады, фотосын фотограф дайындайды, видеограф өңделген видеоларын жүктейді. Осылайша барлық істелген жұмыс сайтта көрініп тұрады.
Жүрген жерімде адамдарың мамандығын сұраймын. Не іспен айналысатынын біліп, алдағы уақытта қай жобаға шақыруға болатынын көздеп жүрем.
Онлайн-продюсер айына қанша табыс табады?
Жәнібектің айтуынша, онлайн-продюсерлікті жаңадан бастаған адам айына 300-700 мың теңге арасында табыс табуға мүмкіндігі бар. Ал 2-3 жобадан кейін 500 мың-1 миллион теңге шамасында таба алады. Нағыз маманға айналғанда айына 2-3 миллион теңге тауып жатады.
Жәнібектің айлық табысы онлайн-продюсер болғалы 2-3 есеге өскен.
Командамдағы мамандар жалақыны менен алмайды. Мен әуелі жеке брендін дамытқысы келетін адам табамын. Өзімнің еңбекақымды бөлек аламын. Сосын жобаны жүзеге асыру үшін қандай мамандар керек екенін сөйлесеміз де, сол мамандарға төленетін жалақыны есептейміз. Демек қызметкерлерге кететін қаржыны эксперт төлейді.
Мамандықты қайдан оқуға болады?
Жәнібек Қыдырәлиев онлайн-продюсер болуды үйренуге арналған онлайн-курс жазып шықты. Курс жақында 5Q платформасына жарияланады. Курс оқыған адам продюсер болу мен жеке бренд қалыптастырудың қыр-сырын үйренеді.
Курста смартфон арқылы айына 500 мың теңге табуды үйретемін. Өзім ғана емес, визуализатор, фотограф, таргетолог сияқты бірнеше маман қосылады. Қазір өзіміз жасап жатқан дүниенің бәрін тиімді бағамен ұсынамыз. Курсқа қатысатын адам анализ жасауды, стратегиялық тұрғыда жоспарлауды, мобилографияны және тағы басқасын біліп шығады,
– дейді Жәнібек.
Курс барысында қатысушыларға “клиентке қызметін ұсыну, онымен келісу” деген сияқты тапсырмалар беріледі.
Курс өзінің жеке брендін қалыптастырғысы келетін мамандармен қоса, продюсер болғысы келетіндерге арналған.
Басты фото: Marvin Meyer/Unsplash
Add comment