Мәди Фазыл ана тілін қоса алғанда 7 тіл біледі: орысша, ағылшынша, жапонша, испанша, түрікше және французша. Полиглот тіл үйренуге қатысты өз практикасындағы лайфхактарын айтып берді.

Тіл үйренуге қыры бар және тіл үйрене алмайтын адам деген бола ма?

Тіл үйрену кез келгеннің қолынан келеді. Ақпарат қабылдауына қатысты адамдар аудиал, визуал, кинестетик және дискрет болып бөлінеді. Адам өзінің қай топқа жататынын біліп алса, тіл үйренуі жеңілдейді. Мысалы, мен аудиалмын, сондықтан тілді көп тыңдау арқылы үйрене беремін. Оған қоса, адам тілді қажеттік туғанда үйренеді.

Мотивацияны қалай өшіріп алмауға болады?

Мотивация мақсаттан туындайды. Мақсат берік болған сайын, мотивация да тұрақты болады. Курс басында студенттерімнің мотивациясын сұраймын, сонда кей адам «білмеймін, жұрттың бәрі үйреніп жатыр» деген пікір айтады. Демек бұл адамның мотивациясы ұзаққа бармайды, өйткені оның мақсаты айқын емес. Мақсат студентті ылғи итермелеп отырады.

1,5 айда тіл үйреніп алуға бола ма?

Адамның бір әдетті қалыптастыруына кемі 30-40 күн кетеді. Жай ғана әдетке сонша уақыт кетсе, тілді осынша уақытта біліп шығамын деу – өзін-өзі алдау. Әдетте «1,5 айда ағылшын үйретеміз» деген маркетиңге сабырсыздау әрі еңбек еткісі келмейтін адам алданып қалады. Тілдің формуласы = сабыр+еңбек. 

Тіл курсына аптасына неше рет барған дұрыс?

Курсқа бару уақытын таңдағанда күш-жігерді бағамдап алған жөн. Аптасына 3-4 рет бару – классика. Ал күн сайын интенсив түрде бару қиынға соғуы мүмкін. Адамның табиғаты бұған сай келмесе, «жанып кетеді». Тілді асықпай, әр процестен ләззат алып үйрену керек. 

Жаңа сөзді қалай жаттау керек?

Көп адамның қатесі сол, жеке сөздер жаттайды. Ал негізі сөйлем жаттау керек. Мишель Томас әдісін алайық. Тілді үй деп алсақ, үйдің негізі, кірпіші болады. Кірпіштер – сөздер. Кірпіш пен кірпіштің орнын ауыстырсаң, көп нәрсе өзгермейді. Сондықтан сөз бен сөзді ауыстырып, бір-бірімен байланыстырып жаңа сөздер үйрене бересің. Бұл – контекст арқылы үйрену. 

Лайфхактар

Тыңдау. Музыка емес, кинофильм емес, жанды диалогтар: подкаст, интервью тыңдау. 

Ақпарат қабылдау түрін білу. Қай қабылдау түрі оңай екенін білсе, тілді жеңіл алып кетуге болады. 

Мұғалім. Негіз қалап беретін адам – мұғалім. Жақсы ментор тауып, соның жанында жүріп, мотивация алу керек.

Басты фото: Несси Гилева