Көп студент бірінші курста іштегі толқынысын басып, жаңа ортадағы бар қызықты көргеннен кейін оқудан көңілі қалып, ынтасы жоғалады. Ғалымдар бұл феноменді – «екінші курс студенті синдромы» деп атайды. 

«Екінші курс студенті синдромы» тек студенттермен не білім беру саласымен шектелмейді. Бұл құбылысты кеңінен алып қарағанда көп салада көрініс табады. Мысалы, жаңа жоба не жұмыс біраз уақыт өткеннен кейін бастапқы жарқын кейпін жоғалтып, күнделікті ауыр жұмысқа айналуы мүмкін. Осы кезде қызметкер «екінші курс студенті синдромын» сезініп, жұмысқа ынтасы жоғалады. 

Бұл құбылыс алғаш өткен ғасырдың 60-жылдары ғылыми әдебиеттерде сипатталған. АҚШ-тағы білім беру саласындағы реформадан кейін абитуриенттерге жоғары білім қолжетімдігі теңдігін қамтамасыз ететін «ашық жол оқу орындары» ашылды. Осы реформаны жасау барысында алғаш рет «екінші курс студенті синдромы» сипатталады.

Қоғам мен экономика саласындағы ғалымдар студенттердің оқуға зеректігін зерттеу кезінде «дағдарыс» не «екінші курс студенті синдромын» кездестіріп, уақыт өте ғалымдардың назарына ілініп, зерттеле бастады. 

1995 жылы Уайт Уильям Фут және Джефрис Мозли есімді ғалымдар «екінші курс студенті синдромына» байланысты ғылыми еңбегін жариялаған. Онда ғалымдар студенттердің 75% «екінші курс студенті дағдарысын» еңсергендер оқуды сәтті аяқтап шығатыны туралы жазылған. Ал өзгелері екінші курсты аяқтамай, жоғары оқуын тастап кетеді-мыс. Дағдарысты еңсере алмағандар психологиялық адаптация, қызығушылықтың төмендеуі, мотивацияның болмауы, қоғамда белсенді болмау, жоғары білімнің маңызына мән бермеу және өз күшіне сенбеу секілді себептерді айтқан. 

Бұған ұқсас құбылыс өнер әлемінде де кездеседі. Оны «екінші альбом қарғысы» деп атайды екен. 2015 жылы ғалымдар Album of the Year сайтының дерегіне сүйеніп Rolling Stone журналының түзген «үздік дебют альбомдардың тізімін» зерттеген. Оның нәтижесінде, алғашқы альбомы үздік деп танылған әншілердің екінші альбомдарының 66%-ы төмен бағаланған. 

Сондай-ақ, бұл құбылыс спортта да кездеседі. Ағылшын футболында «екінші маусым синдромы» деген термин қалыптасқан. Ол алғашқы маусымда керемет нәтижеге жеткен футбол командасы екінші жылы нашар өнер көрсетіп, төмен қарай сырғитын кезді білдіреді.