5Q Media Қазақстан президентімен кездескен Digital Nomads IT қауымдастығының мүшесі, Нью-Йорк-тегі Salesforce компаниясының программалаушы-инженері Назерке Сейданмен тілдесті. Ол бізге әлемнің үздік жүздігіне кіретін IT компаниядағы қызметі, Еуропадағы оқуы және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған бейресми кездесудегі қызықтар туралы айтып береді.
– Digital Nomads IT қауымдастығының мүшесісіз, Нью-Йоркте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен жастардың қатарында болдыңыз. Кездесуден қандай әсер алдыңыз? Мемлекет басшысы бәріңізді елге шақырған болар?
– Әуелі Digital Nomads қауымдастығы туралы айта кетейін. Digital Nomads – шетелде жұмыс істейтін қазақстандық IT мамандардың қауымдастығы. Қазір оның құрамында 350-ге жуық IT маман бар. Нью-Йорктегі кездесуге 30-ға жуық адам жиналды. Онда тек АҚШ-тағы емес, Ұлыбритания, Нидерланд елінен келген программалаушылар да болды. Президентпен кездесу – кез келген адамға беріле бермейтін мүмкіндік. Оның энергиясы, әр сөзі бізге жігер берді. «Америка жақсы, бірақ Қазақстанда одан да керемет», деп, бәрімізді елге оралып, жұмыс істеуге шақырды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездесуде «Қазақстанға келсең, үкіметке жұмысқа аламын» деді. Мұндай ұсынысқа қалай қарайсыз?
– Қазақстанға қайтып жатсам да, үкіметке жұмыс істеуге бармаушы едім. Елге барғанда жеке стартабымды ашып, жастарға әсіресе, ауылдан шыққан қыз-жігіттерге білгенімді үйретіп, бағыт-бағдар бергім келеді. Өзім Шымкенттенмін, бұрын оқушыларға арналған кодиңді үйрететін мектептер болмады. Біздің елде сондай мектептер ашу керек. Елге барсам, IT саласының дамуына үлес қосқым келеді.
– Salesforce – CRM жүйесін жасаушы, америкалық IT компания. Әлемнің 25 елінде филиалы, 70 мыңға жуық қызметкері бар. Бұл компанияға қалай келдіңіз? Ондағы негізгі қызметіңіз қандай?
– Мен мұнда іздеу жүйесі (Searchineering) бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл компанияны университет кезінен жақсы білемін, бірнеше рет Open-source жобаларына қатысқаным бар. Жұмысқа сондағы менторым шақырды. Өзім қызығатын Searchineering бойынша жұмыс ұсынды, қуана қабылдадым. Басында Будапештте оқып жүргендіктен, компанияның Франциядағы филиалында істедім. Қазір Нью-Йорктемін.
– Программалаушылардан шетелдік компанияға жұмысқа тұру процесі күрделі болатынын жиі естиміз. Сіз қандай кезеңдерден өттіңіз?
– Бірінші кезеңде кодтау қабілетіңді тексереді. Оған 2-3 сағат беріледі. Одан өткен соң жұмыс істейтін кеңседе менеджермен сұхбат болады. “Бұл компанияда неге жұмыс істегіңіз келеді?”, “Басқа қандай soft skills-дерің бар?” дегендей сұрақтарға жауап беру керек. Соңында сенімен сұхбаттасқан, тексерген 7-8 инженер аноним фидбэк береді. Бәрі позитив айтса, жұмысқа оффер беріледі. Негатив басым болса, қайта сұхбатқа шақыруы мүмкін.
– Сіздің ол жұмысқа қабылдануыңызға қай қабілетіңіз көмектесті деп ойлайсыз?
– Мен 2018 жылдан бері Searchineering бағытында жұмыс істеп келемін. Осы саладағы мол тәжірибем, көмектескен сияқты. Байқағаным, профайлыңда тағылымдаманың көп болуы, таңдаған бағытыңдағы тәжірибеңнің болуы маңызды рөл ойнайды. Өзім Швейцарияда екі рет тағылымдамадан өттім, Жапония, Будапештте де қатыстым. Сол да әсер етті деп ойлаймын. Студенттерге кеңесім де – осы. Университеттің бірінші жылында оқу керек, екінші курстан бастап, тағылымдамаларға тапсырып, мол тәжірибе жинауды бастап кеткен жөн. Тым болмағанда, оқу орнындағы профессордың жанында жүріп, студенттерінің үй жұмысын тексеруге көмектесіп, бірге ғылыми жұмыспен айналысуға болады. Сөйтіп түйіндемеде өзіңнің қандай еңбекқор екеніңді көрсету қажет.
– Жұмысқа тұруға менторыңыз көмектескен екен. Ондай қамқор менторды қайдан табуға болады?
– Программалауда Open-source жобалар болады. Онда адамдар тегін жұмыс істеп, тәжірибе жинай алады. Мен екінші курс оқып жүргенімде сол жерден Searchineering-ге қатысты жоба тауып, өтініш тастадым. «Білімім аз, бірақ тез үйрене аламын, ментор іздеймін» деп, байланыс нөмірімді, поштамды жазып, хат тастадым. Сол кезде қазіргі менторым хабарласып, апта сайын бір сағатын бөліп, менімен жұмыс істеуге келісті. Тәжірибелі маманның ментор болуы программалауда жақсы үрдіс саналады. Енді мен де мол тәжірибе жинаған соң, басқаларға тәлімгер боламын. Менторыма рақметім сол болады.
– Бакалаврды Венгрияда оқыдыңыз. Неліктен Еуропа оқуды таңдадыңыз?
Ол жаққа Stipendium Hungaricum бағдарламасымен түстім. Сол кезде Қазақстан азаматтарына 20 грант бөлінді. Қазір 250-ге жуық грант беріледі. Бұл – жақсы мүмкіндік. Еуропаның орталығында орналасқан ел болғандықтан таңдадым. Венгрияда информатика, физика, математика ғылымы жақсы дамығанын кейін білдім. Ол жақтан Нобель сыйлығының иегерлері көп шыққан. Бірақ оқу орындары программалау мен тәжірибеге қарағанда, теорияға көп мән береді. Ғылыммен айналысқысы келетіндерге таптырмайтын ел. Ал тәжірибе мен тағылымдаманы өзің іздеп, табу қажет болады.