Инвестициялық монеталар деген не?
Инвестициялық монета – саф алтыннан немесе күмістен құйылған монета. Инвестициялық монеталар арнайы өлшеммен құйылған, беткі жағына шартты құны жазылған, бағалы металдан құйылған ақша түрі. Монетаны тек мемлекет басып шығаруға және сатуға құқылы. Сол үшін монетаның бетіне елтаңба бейнеленеді.
Қазақстанда инвестициялық монеталарды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жасап шығарады. Сондықтан қазақстандық монеталарда Ұлттық банктің аты жазылады немесе логосы таңбаланады.
Инвестициялық монеталарды қалай ажыратамын?
Инвестициялық монетаны құнды ететін – монетадағы металдың бағасы, оның тазалығы және салмағы. Монеталар 99,9% таза алтын немесе күмістен жасалады. Сол үшін монетаны жасағанда бетіне сынамасын міндетті түрде жазады. Әдетте алтын және күміс монета үшін металдың тазалығы 999,9 немесе 9999 болып белгіленеді.
Инвестициялық монетаның салмағы – өте маңызды көрсеткіш. Сондықтан монета бетіне салмағы көрсетіледі. Дегенмен бұл жерде бір ескеретін жайт бар. Инвестициялық монеталардың салмағы унция (ағылшынша ‘ounce’) өлшемімен есептеледі. Бір унция 3,11 грамға тең. Монетада унция OZ (oz, Oz) әріптерімен белгіленеді.
Ескерту! Инвестициялық монеталардың сыртын капсуламен қаптайды. Бұл монета қышқылданбауы үшін жасалған. Себебі монета таза металдан жасалғандықтан, ауамен әрекеттесу кезінде бетінде оксид қабық пайда болады. Сондықтан капсуланы ашуға болмайды.
Инвестициялық монеталар не үшін құнды?
Инвестициялық монеталардың бағасы монетаның металына, салмағына байланысты түрлі болып келеді. Мәселен, күміс монеталардың бағасы көбіне қолжетімді болып келсе, алтын монеталардың салмағы ауырлаған сайын бағасы да қымбаттай береді. Сондықтан инвестициялық монеталарды сатып алар кезде мүмкіндіктеріңізді мұқият есептеуді ұсынамыз.
Сонымен қатар инвестициялық монеталарға қатысты бір жайтты ескерген жөн. Мұндай монетаның бағасы Лондонның бағалы металдар биржасындағы (LBMA) алтын мен күміс бағамына байланған. Монетаның құны алтын және күмістің биржағы бағасының өзгеруіне тәуелді. Бұл ретте алтын немесе күмістің биржағы құны қымбаттаған жағдайда, қолыңыздағы монетаның құны артады. Сондай-ақ монетаның құны теңге курсының тербелуіне, инфляцияға тәуелді болмайды. Себебі монетаның бағасы алтын мен күмістің әлемдік нарықтағы құнымен анықталады.
Статистикаға сүйенсек, бағалы металдардың бағасы бірыңғай көтеріліп келеді. Мысалы, кейінгі бір жылда алтынның құны бір унция үшін 1700 доллардан 1930 долларға дейін артқан. Бұған қоса, сіз инвестициялық монеталарды сатып алған және сатқан үшін ешқандай салық төлемейсіз.
Инвестициялық монеталарды қайдан сатып алуға болады?
Инвестициялық монеталарды ҚР Ұлттық банкінің кез келген филиалынан және интернет дүкенінен (kazcoins.nationalbank.kz) сатып алуға болады. Ұлттық банк филиалынан сатып алған жағдайда сізден жеке куәлікті сұрайды. Ал интернет дүкеннен сатып алу үшін сайтта тіркелуіңіз қажет болады.
Қазіргі кезде ҚР Ұлттық банкі инвестициялық монеталарының мына түрлерін сатады:
- Алтын барыс (2009 ж. 27 қарашадан бері айналымда);
- Күміс барыс (2009 ж. 27 қарашадан бері айналымда).
Алтын барыс сериясында салмағы/номиналы әртүрлі алты монета бар:
- 10₸ – 1/10 унция (3,11 гр), диаметрі 16 мм;
- 20₸ – ¼ унция (7,78 гр), диаметрі 20 мм;
- 50₸ – ½ унция (15,55 гр), диаметрі 25 мм;
- 100₸ – 1 унция (31,1 гр), диаметрі 32 мм;
- 200₸ – 2 унция (62,2 гр), диаметрі 38,61 мм;
- 500₸ – 5 унция (155,5 гр), диаметрі 50 мм.
Күміс барыс сериясында салмағы/номиналы әртүрлі төрт монета бар.
- 1₸ – 1 унция (31,1 гр), диаметрі 38,61 мм;
- 2₸ – 2 унция (62,2 гр), диаметрі 50 мм;
- 5₸ – 5 унция (155,5 гр), диаметрі 65 мм;
- 10₸ – 10 унция (311,0 гр), диаметрі 75 мм.
P.S. Инвестициялық монеталар – ақшаңызды инфляция мен экономикалық шоктардан қорғайтын бірегей құрал. Бұл құралдың көптеген артықшылығы бар. Дегенмен «бүкіл жұмыртқаны бір ыдысқа салуға болмайды» дегендей, инвестициялық монеталар – қатардағы қаржы құралдардың бірі ғана. Бұл құралды ұтымды пайдалана білгенде ғана пайдасын көріп, жетістіктерін пайдалануға болатынын есте сақтауымыз қажет.
Add comment