Университетті үздік тәмәмдағаннан кейін Чикагодағы Perkins and Will компаниясына жұмысқа орналасқан. Бір жыл өткен соң отбасылық себеппен Кремний Алқабына көшіп, бұрынғы жұмыс орнынан да рейтингісі жоғары Gensler компаниясында архитектор болып 2,5 жыл істейді. Әсел  Gensler-де істеп жүргенде Силикон Алқабындағы ірі ІТ-компаниялардың ғимараттарын жобалаған. Соның ішінде үлкен клиенттері Facebook, Adobe болған.

“Adobe-тің кеңсе дизайнін жасап отырып, өзім сол жерде жұмыс істегім келіп кетті. Бірақ ол кезде жай ғана ойладым да қойдым, ешқандай әрекет жасамадым. Себебі ол үшін маған мамандығымды 180° өзгерту керек болды. Ал мен ондай тәуекелге дайын болмадым”, – дейді ол.

Мамандығын қалай ауыстырды?

2020 жылғы пандемия Әселдің өміріне де ықпалын тигізді. Америкада локдаун жарияланғанда Gensler компаниясы көп қызметкерін мерзімсіз демалысқа жібереді. Қашан, қай уақытта жұмысқа оралатыны белгісіз еді. Басқа жұмыс орындарында да осылай қысқарту жүріп жатса, технологиялық компаниялар керісінше өзгеріске тез бейімделіп, ІТ-мамандарға сұраныс артты. Бұл тенденцияны байқаған кейіпкеріміз уақыт жоғалтпай ІТ саласын оқып көруді шешеді.

Кремний Алқабында тұрғандықтан осындағы көп достарым да Google сияқты ірі компанияда жұмыс істейтін, бір жағынан оларға да қарап қызықтым. Бұдан бөлек өзімнің де IT саласына бейімім бар. Архитектор болып істеп жүргенімде әріптестерім мені tech-savvy (технология тілін жақсы түсінетін адам) деп атайтын.  Содан пандемия кезінде үйде жұмыссыз отырғандықтан оқып көруді шештім. ІТ саласының ішінде UI/UX дизайнер  мамандығы бұрыннан қызықтыратын.  Оған қоса, архитектурада дизайнды оқығандықтан бұрын алған білімімді жаңа мамандыққа қолдана аламын деп ойладым.

UI/UX дизайнды қалай меңгерді?

Кейіпкеріміз  UI/UX дизайн мамандығын UX Bootcamp-те (Springboard) оқыған. Bootcamp – қандайда бір мамандықты интенсив оқытып, қысқа уақытта маман етіп даярлап шығаратын оқыту түрі. Әсел оны онлайн форматта 6 ай оқыған.

«Топпен емес, жеке оқыдым. Сабақтар аптасына 40 сағат, интенсив түрде өтті. Оған қоса, мені екі тәлімгер қадағалады: бірі сабақ бойынша болса, екіншісі – жұмысқа қатысты career ментор. Bootcamp-тің жақсы жағы – нақты сабақ кестесі мен дедлайндары қойылған, яғни дисциплина бар. Жобаны уақытында өткізіп үлгеруің керек. Ал bootcamp-ті сәтті аяқтау үшін үш емтихан тапсырасың. Bootcamp кезінде әртүрлі үш жоба жасадым. Сондай-ақ bootcamp маған тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріп, nSmiles  компаниясында UX designer стажер болдым. Happy Being деп аталатын медитацияға арналған мобильді қосымша дизайнын жасадық.

Bootcamp-тің  кемшін тұстарына  тоқталсам, маған айтарлықтай пайдасы тиген жоқ. Себебі сабақ кезінде өткен көп нәрсені бұрыннан білдім. Academy of Art оқу орнында оқығанымда бізге әртүрлі design курстарынан дәрістер болды. Оның ішінде UX design мен Graphic design да бар. Қазір жұмыста кезінде университетте оқыған осы екі сабақтың пайдасын көріп жүрмін. Негізі курс оқығысы келген адамдарға bootcamp-ті  ұсынар едім, алайда өзім оқыған UX Bootcamp-ке (Springboard) барсын демеймін. Оны $5000 сатып алдым, әжептәуір ақша. Бірақ олар басында «Жұмыс таппасаң, ақшаңды қайтарып береміз» деп уәде еткен соң сендім, бірақ сөзінде тұрмады», – дейді бұрынғы архитектор.

UI/UX дизайнер ретінде Кремний Алқабынан алғашқы жұмысын қалай тапты?

Әсел Сейдахметова қазіргі уақытта дрондарға арнап бағдарламалық жасақтама әзірлейтін DroneDeploy стартап компанияда жұмыс істейді.

«ІТ саласында бәсекелестік жоғары, сондықтан ешкім сені бірден жұмысқа ала қоймайды. Жұмысты ұзақ уақыт бойы іздедім. Түйіндемемді  жіберген компанияның бәрінен «Сізді қабылдай алмаймыз» деген хат келді. Ешкім жұмысқа алғысы келмеді. Сол кезде не істерімді білмедім. Депрессияға түстім.

Айтпақшы, еліміздегі Chocofamily компаниясымен де техникалық сұхбат жасағанмын. Ол кезде сұхбаттасу құрылымы қандай болатынын түсінгім келген. Алайда сол кезде мені тіпті Chocofamily де жұмысқа алмады. Бұл мені одан сайын күйзеліске түсірді. Chocofamily-ден «Қабылдай алмаймыз» деген жауап келген соң маған ІТ компанияда жұмыс жоқ екен деп үмітімді үзіп архитектураға оралуға бел будым.

Бірақ кейде сәттілік біз ойламаған жерден шығады ғой. Бірде LinkedIn-дегі Jobs Posting (хабарландырулар тақтасы) бөлімінен қазіргі жұмыс орным Dronedeploy вакансиясын көрдім де, HR менеджерге өзім жазып, кейін жұмысқа қабылдандым», – дейді Әсел.

Әдетте ІТ компаниялар жұмысқа қабылдар алдын міндетті түрде техникалық интервью өткізеді. Кейіпкеріміздің ұзақ уақыт бойы жұмыс таппауының бір себебі – техникалық интервьюлардан өте алмауы болған. Алайда DroneDeploy-мен сұхбаттасуы сәтті шыққан. 

Техникалық сұхбаттан қалай өтті?

«Негізі технологиялық компанияға жұмысқа тұру процесі бес-алты қадамнан тұрады. Соның ең қиыны – техникалық сұхбат. Әсіресе, осы техникалық сұхбат бөлімі UI/UX дизайнерлерге сәл басқаша өтеді. Сұхбат жасағаннан кейін саған үй тапсырмасын береді. Онда бір проблеманың шешімін табуың керек. Мысалы, DroneDeploy-да маған пинг-понгқа арнап мобайл қосымшаның дизайнын жасауды тапсырды. Бірақ саған осы үй тапсырмасын беретін деңгейге жеткенге дейін 3-4 сұхбаттан сәтті өтуің керек. Сұхбаттасуда әртүрлі саладан сұрақтар қояды. Маған «Жобаны бизнес тұрғысынан қалай қарастырасың? Жетістікті қалай өлшейсің, яғни «Нow do you measure success?» деп сұрады. Мысалы, өте әдемі етіп дизайн жасағаныңмен, ол қарапайым адамға түсініксіз болуы мүмкін. Жасаған дизайнымыздың адамдарға бір қарағаннан-ақ түсінікті екенін қалай біле аламыз? Сол кезде маған осылар ең қиын сұрақтар болды.

Жолымның болғаны – Dronedeploy құрылыспен, яғни архитектураға тікелей қатысы бар екен. Осы жерде менің 5 жыл оқыған білімім көп көмектесті. Біз рекрутермен (HR менеджер) архитектура жайлы ұзақ әңгімелестік. Бірнеше техникалық cұхбаттан сәтті өткеннен кейін барып Dronedeploy-ға жұмысқа қабылдандым.

Айтпақшы, еліміздегі Chocofamily компаниясымен де техникалық интервью жасадым деп жоғарыда айттым. Осы жерде атап өтейін, тек Америкада ғана емес, бізде де техникалық сұхбат қиын өтеді әрі үй жұмысын да береді», – дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі қызметі

«Қазіргі уақытта Product UX Designer болып жұмыс істеймін. UX designer  қызметіне тоқталсам, ол мобайл және web-қосымшаға арнап дизайн істейді. Жалпы tech компанияларда дизайнерлер бірінші жобалайды (проблеманы анықтап оны қалай шешу керек екенін қарастырады), екінші визуал дизайн (макетін сызады) және үшіншісі UX – тестілеу жасайды.

Компанияда 200-ге жуық адам қызмет етеді, оның ішінде бес дизайнер бар. Осында 2021 жылы тамызда жұмысқа орналасқанмын, яғни  7 айдан астам уақыт болды.  Маған ең қатты ұнайтыны – өмірімде бірінші рет технологиялық компанияда жұмыс істеп жүргенім.

Бұл компанияда өзімнің қаншалықты маңызды қызметкер екенімді көре аламын. Мысалы, дизайнер болмаса, кез келген өнім нашар шығады. Бұрын архитектор болып жұмыс істеген кезде қажеттілігімді сезінбегенмін. Бір кішкентай дизайн жасайсың, ол байқалмайды да. Ал мұнда өнімнің проблемасын дизайнер шешеді. Бұл жұмыстың ең қиын тұсы деп айтар едім. Проблеманы шешкен кезіңде клиент те риза болады. Әріптестерің сені мақтанғанда мәз боласың, компанияға қажет екеніңді сезінесің. Бұл – ең күшті сезімдердің бірі», – дейді кейіпкеріміз.

Америкада жұмысқа қалай орналасуға болады?

«Әр мамандықта әртүрлі. Бірақ өз салам бойынша айтсам, бірінші ағылшын тілін жетік білу қажет. Себебі презентацияны ағылшынша жасайсың. Мұнда жақсы жұмысқа орналаса алу үшін өмір бойы ағылшынша сөйлеп жүрген адаммен бір нарықта бәсекеге түсе алуың керек. Екіншісі – түйіндеме. Жұмыс тәжірибең болуы өте маңызды. Басында тәжірибем болмағандықтан ешкім мені алмады, сондықтан жұмысты ұзақ уақыт іздедім. Үшіншісі – UI/UX дизайнер ретінде портфолио болуы. Abilova.com  деген сайтым бар, сол жерден жұмыс беруші жұмыстарымды көріп, бағалай алады. (Қазір бұл сайтты жаңартып жатырмын).

Тағы да қосарым: жұмыс табу үшін LinkedIn-дағы адамдарға, бәріне қорықпай жазып көру керек деп айтар едім. Бұрын менің LinkedIn парақшамда 100-дің үстінде ғана адам болса, қазір 1000-ға жуықтап қалды. Себебі мен өзіме «байланыс» (connect) жібергендердің бәрін көз жұмып қабылдай бердім, жұмыс жайлы көбірек біле берейінші деген ой ғой. Өзімнің жұмыс іздеп жүргенім туралы пост жаздым. Тіпті танымайтын адамдарға да хат жазып жұмыс туралы сұрадым. Кейбіреуімен кездесіп, өзім жайлы, жұмыс тәжірибем туралы бөлістім. Нәтижесінде өзім іздеген жұмысты LinkedIn-дағы Jobs Posting-тан таптым. Жұмысқа орналасу үшін сенің жұмыс іздеп жүргеніңді қаншалықты көп адам білсе, соншалықты жақсы», – дейді Әсел.

Әңгіме соңында кейіпкерімізден «Архитектураға ораласың ба?»деп сұрағанымызда ол басын шайқады.

«Архитектура мамандығында оқығаныммен COVID-19 себебінен мамандығымды ауыстырдым. Бірақ пандемия себепші болмағанда архитектор болып жұмыс істей берер едім деп ойлаймын. Себебі 5 жыл сол салада білім алдым әрі жұмысым да ұнайтын.  Бұрын ешқашан UI/UX дизайнер боламын деп ойламадым. Бірақ жағдай солай болды. Архитектор болуды бала кезден армандадым ғой, сондықтан архитектураны жамандағым келмейді. Бірақ жұмыс істеген кезде архитектурада бюрократиялық жүйе сәл болсын бар еді. Мысалы,  бастығың үйіне қайтпай түнге дейін отырса, сен де отыруың керек дегендей. Ал технологиялық компанияда жұмысыңды жақсы істесең, соған орай көбірек жалақы аласың. Оған қоса, қазір үйден жұмыс істеймін, бұл маған ұнайды. Архитектураға оралуды ойламаймын», – дейді ол.