– Неліктен балалар психоанализі бағытын таңдадыңыз? Қазақстанда балаларды терапияға жиі әкеле ме?

– Көптеген ғылым және жалпы медицина адамға объект ретінде қарайды. Дәлірек, адамды белгілі бір мінез-құлық, нейрондар және химиялық реакциялар жиынтығы ретінде көреді. Ал психоанализде керісінше адамға субъект ретінде қарап, бейсаналы процестерді тереңінен зерттейді. Сондай-ақ, әр психиканың дара ақиқаты бар деп біледі. Маған жалпы адамның жан ауруының белгілерінің пайда болу себебін зерттеген ұнайды. Осы бағытты таңдауымның себебі – осы.

Мен жұмыс істей бастаған 2007 жылмен салыстырғанда, 10 есе көп. Мұны жеке тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Оларды әртүрлі проблемамен алып келеді. Мысалы, екі жасқа дейінгі балаларды көбінесе энурез проблемасымен әкеледі. Ал жасөспірімдерде негізінен агрессия, ата-анамен түсінісе алмау және депрессия сынды қиыншылықтар бар. Алдыма келген баланың ішінде не болып жатқанын анықтау, түсіну және оны сөзбен түсіндіру менің міндетім. Құдды ана мен бала арасындағы көпір іспеттес. Мұнымен қатар, ата-аналардың өзімен де жұмыс жасаймын.

Кесарь тілігі және табиғи жолмен дүниеге келетін нәрестенің темпераментінде айырмашылық бола ма?

– Туылу процесі нәрестені жұмақтан күштеп алып шыққанмен бірдей. Егер толғақ 6-7, кейбіреулерде 12 сағатқа дейін созылып, бала 40 минут, 1-1,5 сағатта дүниеге келсе, медицина тілімен айтқанда барлығы қалыпты өтсе, онда бала өмірдегі түрлі жағдайға барынша бейімделгіш болады. Алдынан қандай қиындық кездессе де, оны сабырмен қабыл алып, шешімін табады. Ішінде «жеңіске жетемін» деген құштарлық сезімі болады. Кейде әйелдер «Баламды табиғи жолмен лүп етіп тудым» деп жатады. Мұндай балалар керісінше барлық жерде оңай жол іздейді, шапшаң келеді.

Ал кесарь тілігіне келсек, бала наркозбен туады. Құдды ең белсенділік танытуы тиіс сәтте ұйқыға кеткендей. Қиындықпен бетпе-бет келген кезде де осылай әрекет етеді. Жарық дүниеге біреу зорлап шығарғандай ренжігіш келеді, тез жылап қалады. Мұнымен қатар, кесарь тілігімен дүниеге келген балалар үнемі сырттан көмек күтеді. Бірақ баланың әрі қарайғы өмірі де үлкен рөл атқарады. Яғни табиғи жолмен немесе кесарь тілігімен дүниеге келді деп бір ұшты болжам жасамаған абзал. Екі жағдайда да баланың әке-шеше тарапынан қамқорлықты сезінуі, базалық қажеттіліктерінің өтелуі маңызды.

Қазіргі таңда ересек адамдарға арналған денеге бағытталған психотерапия бар. Соның көмегімен дүниеге келу процесін саналы түрде қайтадан өткере алады. Жалпы әрбір ана неліктен сәбиін табиғи жолмен дүниеге әкелгісі келмегенін түсінуі маңызды. Бұл баланы қаншалықты қалады? Тағы қандай қосымша факторлар бар дегендей.

– Әдетте әйел адам босанған соң, өзін де, ерін де шетке ысырып қояды. Мұндайда барлығын қалай тең ұстауға болады?

– Нәресте дүниеге келген соң өмір түбегейлі өзгереді. Психоанализ бағытында жұмыс істейтін маман ретінде, алдымен, әйел эмоционалдық тұрғыдан дайын болса деймін. Мұндайда бірінші – терең демаламыз, кейін – күн тәртібін ретке келтіре бастаймыз. Бала осы әлемге бейімделуі үшін алғашқы 3-4 айда ұйықтайды. Бұл ата-анаға да бейімделу үшін қажет. Көбінесе әйел үй тірлігін, басқа да жұмыстарын балам ұйықтаған соң жасаймын деп жоспарлайды. Бұл – қате. Керісінше баласын жанына ала жүріп үй шаруасымен, басқа да жұмыстарымен айналыса беруіне болады. Жаңа туған нәрестемен сөйлесу маңызды. Ал қатты жылап жатқан жағдайда жұмысты дереу шетке ысырып, қолына алғаны жақсы.

Менталитетімізде «Әйел адам бәріне үлгеруі тиіс, барлығын жасап білуі керек» деген түсінік қалыптасқан. Жоқ, әйел керісінше керек кезде көмек сұрап білуі және оны қабылдай білуі тиіс. Ол мейлі анасы, енесі, ері, әпкесі, сіңлісі немесе т.б. біреуі болуы мүмкін. Әсіресе, сәби қырқынан шыққанға дейінгі уақытта. Осы тұста әйелдің жанында онымен жақсы түсінісетін, арада кикілжің жоқ адамның болуы маңызды. Өйткені, әйел адам өзін жайлы сезінсе, мұны бала да сезінетін болады. Күйеуінің де жәрдемдесуі маңызды – бұл енді бөлек тақырып шығар.

Көп адамның психологқа баруға қаражаты жетпейтінін түсінемін, сол себепті Google көмегіне жүгініп жатады. Ол жерде расымен де пайдалы кеңестер жетерлік. Бірақ сол алған кеңесті қалай бар, солай емес, өз ерекшелігіне қарай бейімдеуі керек деп ойлаймын. Кейбір ақпарат әйелді бұрынғысынан бетер уайымдатып қоюы мүмкін. Мұндайда әйелдер мен жаңа туған нәрестенің қабылдауы екі түрлі болатынын ескерсе екен. Яғни әйел психологиялық жарақат деп санаған нәрсе, сәбиге еш әсер етпеуі мүмкін.

Бала тәрбиесінде әйелдің өз анасымен қандай қарым-қатынаста болғанын түсіну – өте жақсы көмектеседі. Бұл үшін жеке, топтық консультациялар, интенсивті тренингтер бар. Мысалы, анасы суық, қатал болған әйелдер баласын өз махаббатына тұншықтыра бастайды. Оның өз алдына жеке тұлға екенін ұмытып, шекарасын бұзады. Ал бұл баланың болашақ өміріне кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ, анасының тарапынан шектен тыс махаббатқа бөленген балалар уақыт өте келе жұмысқа шығуға да мүмкіндік бермеуі мүмкін. Жұмысқа шығып жатқан жағдайда ішінде өкпе, реніш, агрессия пайда болады. Ең бастысы және ең қиыны – осындайда баланс ұстау.

– Адамның дәулетті болуы мен анальдық кезең арасында байланыс бары рас па?

– Жаңа туған нәресте ләззатты, қанағаттану сезімін аузы арқылы алады. Осылайша оральдық кезеңде ауыз баланың психожыныстық энергиясының ағзасына айналады. Кейін бұл сезімді горшокқа үйрену процесі кезінде алады. Байқасаңыздар, бір балалар горшокқа тез үйренеді, ал екіншілері ішіндегі «өнімінен» оңай құтылғысы келмейді. Үшіншілері нәжісімен ойнағанды жақсы көреді, нәжіс олар үшін алтынмен пара-пар. Фрейд мұның астарын ертегілерден іздей бастайды. Библияда алтынның шайтанның экскременті туралы жазылған. Сондай-ақ Фрейдтің немістілді болғанын ескеруіміз керек. Немістерде осы дәретхана мен ақшаға қатысты рифмалар өте көп. Мысалы, оларда «үлкен бизнеспен айналысу» дегенді «дәретханаға бару» деп айту мүмкін. Егер сізде қандай да бір қаржылық қиындық болса, онда сізді «іші қатқан» деп атайды. Сізге бола кредиторлар ләззат алмады, қанағаттанбады дегендей. Осындай мысалдарды, ертегілерді зерттей келе Фрейд байлық пен анальдық кезең арасында байланыс жатқанын түсінген. Яғни біз бала ішкі «өнімінен» арылған кезде одан жиіркеніп, мұрнымызды жауып немесе ұрыса бастасақ, ол бұл дұрыс емес деп қабылдайды. Болашақта өз өнімін бермеуге, өзгелерге сыйлық жасамауға тырысады. Ал керісінше горшокқа отырғанда қошеметтеп, кейін келе құммен, таспен ойнауға мүмкіндік берсек, ересек шақта тиындармен «ойнайды».

Баланың гипер белсенді болуының астарында не жатыр? «Бала – әке-шешесінің симптомы» деген пікірмен қаншалықты келісесіз?

– Қазіргі ата-аналар гипер белсенді бала мен күш-қуаты мол баланы шатастырып алып жатады. Белсенділік жай ғана баланың темпераментіне байланысты ерекшелігі болуы мүмкін. Ал бала гипер белсенді болған жағдайда анасының боянуға да уақыты болмайды. Гипер белсенді бала бір орында отырмайды, ойын жинақтай алмайды және бастаған ісін-ойынын аяқтамайды. Іс жүзінде оларды бір минутта жалғыз қалдыру мүмкін емес. Мұнда бала ішкі жан жарасын, қорқынышын, жағымсыз сезімін осылай шапшаң қозғалу арқылы ауыздықтауға тырысып жатыр деген сөз. Сондай-ақ, кей ата-ана гипер белсенді баланы әбден шаршатсам, ұйықтап қалады деп ойлайды. Жоқ, мұндайда   бар болғаны гипер белсенді бала шаршаған гипер белсенді балаға айналады. Бәрібір мазасыздана беретін болады. Біріншіден, жаныны үңіліп, не болып жатқанын түсіну қажет. Екіншіден, көбірек жаттығу жасайтын секцияларға қатыстыру артық болмайды. Мысалы, жүзу.

Ажырасқан отбасында өсетін балалардың кейбірі өзін өзгелерден кем көріп өседі. Осы олқылықтың орнын қалай толтыра аламыз?

– Бүгінгі таңда ажырасу өте өзекті тақырыптардың бірі. Кейде, тіпті, бала әкесінің кім екенін білмей, ол туралы қандай да бір аңыздар естіп өседі. Ол «Ұшқыш, әскери адам болған. Алысқа саяхаттап кетті» дегендей. Осындайда жақсы, мейірімді ер адамның образын табу маңызды. Ол аға, ата, көрші немесе өгей әке болуы мүмкін. Бұл ұл баланың ер адаммен идентификация болуы үшін қажет. Есейе келе бала міндетті түрде сұрайды. Шындықты айтып, тірі болса, оларды жүздестіріп отыру маңызды. Ең бастысы, баланың басында жақсы әйел мен ердің образын қалыптастыру.

Бала тәрбиесіне келгенде бар эмоционалдық жүкті анаға, материалдық жүкті әкеге артып қоямыз. Бірақ бала үшін әке жылылығының, оның эмоционалдық өміріне араласуының маңызы қандай?

– Әке мен бала арасындағы эмоционалдық байланыстың рөлін нөлге түсіріп тастаймыз. Шын мәнінде, ананың аялы алақаны қаншалықты маңызды болса, әкенің махаббаты, назары, түсінуі де дәл солай қажет. Егер бала «Әке, ер адам үнемі мықты болуы керек. Оның жұмыс істеп, түз адамы болып жүре беруі» қалыпты деп ойласа, бұл да – қате. Мұндайда әртүрлі тәуелділікке бой алдырған, ішімдік пен анашаға тәуелді бала өседі. Әсіресе, қыз балаларда ер адамның жақсы назарына, қошеметіне лайық емеспін деген ой қалыптасуы мүмкін. Отбасында балаларға қатысты жауапкершілік тең бөлініп, баланс сақтай білсек игі еді.

Балада жыныстық қатынасқа деген қызығушылық қай жаста пайда болады? «Бала қалай пайда болады?» деген сұраққа қалай жауап беруге кеңес бересіз? Осы кезеңде сублимация қаншалықты көмектеседі?

– Көптеген ата-ана баламмен жыныстық қатынас тақырыбында сөйлессем, беті ашылып, бұзылып кетеді деп ойлайды. Жоқ, керісінше біз бұл тақырыпта ашық сөйлесу арқылы бей-берекет жыныстық қатынасқа түспеуіне, гигиена сақтауына көмектесеміз. Бірақ, жыныстық қатынас тақырыбын баланың таным-түсінік деңгейіне қарай көтеру қажет. Әдетте үш жасқа таман балалар өзінің физиологиялық ерекшелігін байқай бастайды. Шамамен 9-10 жаста «жыныстық қатынас» деген түсінік барын біледі. Қазір одан да ерте болуы мүмкін.

Мысалы, физиологиялық ерекшеліктерді түсіндіруге әртүрлі картина көмектеседі және ақпарат бермес бұрын «Сен мұны қалай түсінесің? Ал сен қалай ойлайсың? Қандай ақпарат білесің?» деп сұрау маңызды. Кейін жауап та сол ақпаратқа қарай бейімделеді. Өйткені, бала дайын емес ақпарат беріп қойсақ, ол шошып, кейін жыныстық өміріне байланысты қиындықтар туындауы мүмкін. Қазір 5-6 жастағы балалар мастурбация жасайды. Мұндайда баланың қаншалықты шекара сақтайтыны маңызды. Егер ол мұны бәрінің көзінше жасап жатса, онда психикасында шекара сақтауға қатысты қиындық бар деген сөз.

Сондай-ақ баланы «Кейін жауап беремін» деп алдай берудің де қажеті жоқ. Өйткені, мұндай жауапқа үйреніп қалған балалар кейін бастығы «Жалақыңды сосын өсіремін, қоя тұр» десе, жылдап күтіп жүре беруі мүмкін. Бар болғаны «Қазір мен бұл сұраққа дайын емеспін. Оған дайын болғанда жауап берсем бола ма?» деп уақыт сұрап алуға болады. Бастысы ақпаратты не артық, не кем бермеу.

Психоанализде «мүмкіндігінше жақсы ана» деген термин-түсінік бар. Десе де, бала үшін қалай мейірімді әке-шеше және мәңгілік өзімен бірге ішінде алып жүретін мықты тірек бола аламыз? Екінші жағынан бала нарцисс болып өспейтіндей.

– Бұл – баланы жақсы көретін, қамқорлық жасайтын, физикалық және эмоционалдық тұрғыда қасынан табылатын, жылағанда әлпештейтін және баланың өз кеңістігін қалыптастырып, өз бетінше өмір сүруіне мүмкіндік беретін ана. Мұндай әйел өзінің қай жерде қателік жібергенін түсінеді және қабылдайды. Анасы баласына өзінің кемшіліктері мен артықшылықтарын проекция жасауды қойған кезде бала психологиялық тұрғыда сау болып өседі. Кінә және ұят сезімі болмауы тиіс. Егер ана өзін жаманмын деп ойлап, баладан өзі сияқты болмауы үшін көп нәрсе талап ете беретін болса, маманға жолыққан артық болмайды. Баламен қарым-қатынасты жақсарту үшін өзіңіздің балалық шағыңызға саяхат жасауыңызға тура келеді. «Сізді қалай тәрбиеледі?», «Ата-анаңыздың қолынан келген ең күшті нәрсе не еді?» және «Олар сіз үшін не жасай алмады?» деген сұраққа жауап іздеп көріңіз. Осының барлығы балаңыздың жан дүниесінде не болып жатқанын түсінуге көмектеседі. Жанашырлық пен түсінуге тырысу – бауыр басу мен сыйластықтың кепілі. Ата-анасы өзін түсінеді деп ойлаған бала ешуақытта олардан алыстамайды.