Оқушылардың бұл құрылғыны жасауға бір жыл уақыты кеткен.

Біздің құрылғы Брайль шрифтінде таңбалар мен әріптерді құруға арналған алты батырмадан тұрады. Осы алты батырманы басу арқылы компьютерге әріптерді немесе таңбаларды енгізуге болады. Біз өз бетімізше қажет тақталарды жасадық: схемаларды сыздық, тазалап, дайындадық. Бұл – шынымен бірегей жоба, – дейді Жаннұр Әйіп.

Бұл – зағип жандардың сауатын ашудың, тіл сауатын дамытудың бір жолы. Қаріпті тифлопедагогтың көмегімен немесе өз бетімен де үйренуге болады. Осы өнертабысқа шетелдік мамандар жоғары баға берген. Енді құралдың өндірісін қолдауға ниет білдіріп отыр.

Нашар көретін адамдарда саусақ көздің қызметін атқарады. Бұл құрылғы тактильді түрде, саусақтың ұшымен бедерлерді танып қана қоймай, оларды әріптерге айналдыруды үйретеді. Содан кейін бұл әріптер мағыналы сөздерге, одан кейін сөйлемдерге айналады. Құрылғының дыбыс көмекшісі балаға белсенді көмектеседі, бұл оған өздігінен және кез келген уақытта жаттығуға мүмкіндік береді.

Бұл технологияның көмегімен балалар тезірек оқуды үйренеді. Брайль  шрифтін үйрену өте көп уақытты қажет етеді, балаларда ол бірнеше жылға созылуы мүмкін. Басында саусақпен Брайль шрифтін тануы өте қиын. Егер бала саусағымен бір әріптен адасып кетсе, тифлопедагог оны сол әріпке қайта апаруға мәжбүр болады. Бұл процесс бала әрбір әріпті танып, ажырата алғанынша жалғасады. Сондықтан оқу кезінде тифлопедагог бір уақытта санаулы баламен ғана айналыса алады.

Мектеп оқушылары жасаған пернетақтаның көлемі шағын. Алақаныңызға сыйып кетеді. Онда пайдаланушыға кедергі келтіретін немесе алаңдататын қажетсіз дүние жоқ. Жаннұр мен Данияр пернетақтаны Ақтөбе қалалық Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада сынақтан өткізді.

Апта бойы кітапханашы Мақсат біздің құрылғыны пайдаланып, кері байланыс берді. Ең таңғаларлығы – ол біздің пернетақтаны қолына алған бойда онымен ешбір нұсқаусыз, бірден қолдана бастады. Бұл біздің құрылғының Брайль шрифтін білетін адамдарға интуитив түрде түсінікті екенін білдіреді, бұл бізді қатты қуантты, – деді Жаннұр.

Зияткерлік мектеп оқушысының айтуынша, олардың құрылғысымен бір апта бойы жұмыс істегеннен кейін кітапханашы жобаны жетілдіру үшін бірқатар ұсыныс берді. Нәтижесінде қолданушы жазғанын сезе алатын дисплей жасау идеясы пайда болды. Жаннұр серіктесі екеуіне кітапханашының идеясы қатты ұнағанын және олар аз шығынмен Брайль дисплейін жасауды ойластырып жатқанын айтты.

Оқушылар Мексикадағы жарыс туралы робототехникадан жетекшісі, информатика мұғалімі Бауыржан Шоқановтан білген.

2-орынды әділ алдық деп ойлаймын. Жобамызда жетілдіретін нәрселер бар. Біздің номинация бойынша 1-орынды Босния және Герцеговинадан келген мектеп оқушылары жеңіп алды, – дейді Жаннұр.

Олимпиадаға қатысу үшін робототехника бойынша білім, Arduino электрон құрылғыларын жылдам дамыту үшін цифрлық дизайн платформасын білу қажет болған. Оқушылар бұл дағдыларды 7-сыныптан бері қатысып келе жатқан мектептегі робототехника үйірмесінен үйренген.

Жаннұр мен Данияр Braille Board жобасымен Шымкентте өткен республикалық ғылыми жобалар байқауына да қатысып, жүлделі 2-орынға ие болды.

Жаннұр осы жобасынан бөлек, басқа мектеп оқушыларымен бірге эпилепсиямен ауыратындарға арналған қосымша әзірлеп жатыр. Олар аурудың барлық белгісін байқайтын және науқастың дәрменсіздігі мен SOS жағдайында оның туыстарына хабарлама жіберетін қосымша жасағысы келеді. Ол бұл жобаның сәтті болатынына және көп адамға көмектесетініне сенеді.

Бала кезімнен ата-анам «күш – білімде» деп үйретті, сол үшін оларға алғысым шексіз. Бұл менің білімге, үздіксіз дамуға ұмтылысымды ашуға көмектесті. Өзімді вундеркинд немесе жетістігі көп бала деп санамаймын. Әлі үйренерім көп. Бірақ әр жетістігім тағы да көп жұмыс істеуіме итермелейді, – дейді оқушы.

Қазір Жаннұр мен Данияр 10-сыныпта оқиды. Мектептен кейін олар университетке түсіп, технология, информатика және робототехника салалары бойынша білімін дамытқысы келеді.