Тағылымдамалар
Google-дың жазғы тағылымдамасы
Дедлайн: 2022 жылдың 21 ақпаны
Студенттерге жазғы демалысын пайдалы өткізуге мүмкіндік туып тұр. Google компаниясы Google Summer of Code тағылымдамасына үміткерлер қабылдауды бастады. Бұл тағылымдамаға ІТ саласында жұмыс істейтін компаниялар өтініш беріп, жобасын ұсынады. Google сол компаниялардың жобасын қабылдағаннан кейін ғана студенттердің өтінішін қарастырады.
Студент компаниялар мен олардың жобасын қарап шығып, өзіне ұнаған біреуін таңдайды, сол жерге өтініш қалдырады. Ал қабылдаушы компания тағылымдамадан өтетін студентті өзі іріктеп таңдап алады. Әрбір тағылымдамадан өтуші ментордың жетекшілігімен жұмыс істейді.
Тағылымдама ұзақтығы – 3 ай.
Айта кетейік, егер студент жоба бойынша жұмысты сәтті аяқтаса, оған шәкіртақы тағайындалады. Шәкіртақы мөлшері студенттің тұрғылықты жеріне қарай есептеледі. Дегенмен ең аз дегенде 2400$, ал ең көп дегенде 6600$ төленеді. Тағылымдамадан өтушінің тәлімгерін де құр алақан қалдырмай, оған да қаржы береді. Нақтырақ айтқанда, маусым айының ортасында қаржының 30%-ы, шілде айының ортасы 30%-ы, тамыздың аяғында 40%-ы қолына тиеді.
Талаптары:
- 18 жастан асуы керек;
- үміткер оқу орындарының біріне тіркелуі керек (колледж, университет)
- магистратура және аспирантура студенттері қатыса алады;
- АҚШ эмбарго салмаған елдердің азаматтары қатыса алады.
Бағдарламаға қатысу үшін мына өтінішті толтыру қажет.
Ресми сайтында толық ақпарат тұр.
Yandex тағылымдамасы
Дедлайн: 2022 жылдың 31 мамыры
Қазіргі уақытта Яндекс компаниясы үш түрлі тағылымдамаға өтініш қабылдауды бастады. Біріншісі – жыл бойы болатын тағылымдама, екіншісі – жаз айындағы, ал үшіншісі – Bootcamp жүйесі бойынша DEEP DIVE бағдарламасындағы тағылымдама. Әрине, тағылымдама түріне қарай оның ұзақтығы да әртүрлі. Сондықтан өтініш берген кезде тағылымдаманы қашан, қай уақытта өтетініңізді өзіңіз таңдай аласыз, яғни жақын арада ма, әлде жазда өткіңіз келе ме – ол жағын өзіңіз шешесіз.
Тағылымдама backend development, frontend development, machine learning, analytics, mobile development, DevOps-Engineer, Technical Manager, Yandex Research ML Residency, Yandex Cloud Development Program бағыттарында болады.
Тағылымдамадан өтушілерге ақша төленеді. Сонымен қатар жұмыс кеңседе болғандықтан Yandex компаниясы шет аймақтардан келгендердің тағылымдама мерзімінде Мәскеуде жол жүру және тұру ақысын өздері төлеп береді.
Қатысушыларға қойылып отырған талаптың бірі – бағдарламалау тілдерінің бірінде код жазып және алгоритмдер жайлы ең болмағанда базалық білімі болуы керек.
Мына сайтта ақпарат толық жазылған.
Байқаулар
Go Green in the City халықаралық байқауы
Дедлайн: 2022 жылдың 15 ақпаны
Go Green in the City халықаралық байқауы студенттерге қалалардағы энергияны басқаруда туындаған проблемалардың инновациялық шешімін табуды ұсынып отыр. Байқауды ұйымдастырушы – энергияны басқару және автоматтандыру бойынша әлемдегі көшбасшы компаниялардың бірі – Schneider Electric.
Бұл жарыс 3 кезеңнен тұрады. Финалға шыққан 10 команда АҚШ-қа жолдама алады. Олар онда Schneider Electric компаниясының кеңсесінде болып, компанияның жұмыс істеу процесімен танысады. Ақтық сында жеңіске жеткен командаға 10 000 еуро сыйлыққа беріледі.
Талаптары:
- бакалавриат (кем дегенде 2 курсты аяқтаған болуы керек) немесе магистратура студенті;
- еngineering, business management мамандықтарының студенті;
- MBA студенттері қатыса алады.
Айта кетейік, 2016 жылғы байқаудың жеңімпаздары қаржы мен энергия көздерін өте аз мөлшерде тұтынып жұмыс істейтін суару жүйесін ұсынған еді. Бұл жүйе ағаштарға орнатылған жел турбиналары арқылы жұмыс істейді.
Байқау туралы ақпарат ресми сайтта толығырақ жазылған.
COCA-COLA ұйымдастырған стартаптар арасындағы байқау
Дедлайн: 2022 жылдың 18 ақпаны
Coca-Cola экологиялық таза қаптаманы жасау бойынша стартаптар арасында байқау жариялады. Байқау бойынша Coca-Cola өнімін тұтынушының қалауына сай қаптап әрі заманауи, ыңғайлы орау әдісін ұсынатын стартап идеясы керек.
Компания стартаптар ұсынған идеяларды екі критерий бойынша бағалайды:
- ұсынылған инновациялық шешім қаптама материалдарын жылдам дайындауға септігін тигізетін әрі тұтынушылардың қызығушылығын тудыратындай болуы керек;
- ұсынылған идея экономикалық тұрғыдан үнемді және экологиялық жағынан таза әрі әртүрлі аймақта тасымалдауға икемді болуы керек.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған стартапқа €100 000 беріледі.
Байқау жөнінде ресми сайтта толығырақ жазылған.
Олимпиада Climate Science
Дедлайн: 2022 жылдың 10 тамызы
Climate Science – климаттың өзгеру мәселесін шешуге маманданған Ұлыбританиялық
қайырымдылық мекемесі. Climate Science бұл олимпиаданы “Қайткенде тұрақты дамимыз?” деген сұраққа жауап табу үшін ұйымдастырып отыр.
Олимпиада үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – іріктеу кезеңі. Бұған командамен немесе жалғыз өзіңіз қатыссаңыз болады. Қатысушылар тапсырма ретінде берілген проблемалардың бірін таңдап, соған жауапты 3 сағат ішінде эссе түрінде жазып өткізеді.
Екінші кезең – жартылай финал. Іріктеу кезеңінде ең үздік деп танылғандары әлемдік жартылай финалға жолдама алады. Ол онлайн форматта жүргізіледі.
Ал үшіншісі – финал. Финал Ұлыбританияның Глазго қаласында өтеді. Онда финалистер тек байқауда бақ сынап қана қоймай, БҰҰ-ның климат жөніндегі саммитіне (COP 26) қатысады.
Сонымен финалда үздік шыққан үш командаға 10 000 АҚШ доллары көлемінде жүлде қоры табысталады. Ашып айтқанда, 1-орынға $5000, 2-орынға $3000 және 3-орынға $2000 беріледі.
Талаптары:
- өтініштер екі категория бойынша қабылданады: біріншісі – 14-17 жас, екіншісі – 18-25 жас.
- команданың екі мүшесі де жас категориясы бойынша бір санатта болуы керек.
Ресми сайтта толығырақ жазылған.
IDEAFEST-2022
Дедлайн: 2022 жылдың 18 ақпаны
Бұл байқауды Creative Spark бағдарламасы аясында Қазақ-Британ техникалық университеті ұйымдастырып отыр. Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер бизнес идеяны қазылар алқасы алдында таныстырады. Ең ұтымды идеялар екінші кезеңге өтеді. Ал екінші кезеңде олар идеясын инвесторларға көрсетеді.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған IDEAFEST-2022 байқауының жеңімпазы Ұлыбританияның University of Reading оқу орны жанындағы Henley Business School ұйымдастырған стартаптарға арналған жазғы оқу лагеріне шақырту алады.
Байқау туралы ресми сайттан толығырақ оқи аласыз.
Visa Everywhere Initiative 2022
Дедлайн: 2022 жылдың 4 сәуірі
Visa Everywhere Initiative 2022 финтех стартаптарды идеясын әлемдік аренада таныстыруға шақырады. Жарысқа қатысу үшін өтініштер Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс, Азия және Африкадағы инновациялық финтех-стартаптардан қабылданады.
Финал 2022 жылдың қараша айында Катарда офлайн өтеді деп жоспарланып отыр. Әлемдік финалда жеңіске жеткен стартапқа $125 000 және “Көпшіліктің сүйіктісі” деген номинация берілмек. Ал екінші орын алған қатысушыларға – $20 000 доллар, үшінші орынға – $10 000 доллар ақшалай сыйлық табысталады.
Сондай-ақ Visa брендінің серіктесі атану мүмкіндігіне ие болып, қаржы саласының жетекші тұлғаларымен, саудагерлермен, венчурлық қорлар мен мемлекеттік сектор өкілдерімен танысудың сәті түседі.
Мына сілтемеге басып, жарыс туралы толығырақ біле аласыз жерде.
ІТ саласындағы үздік студент-кәсіпкер
Дедлайн: 2022 жылдың 15 ақпаны
Global Student Entrepreneurs Award (GSEA) – мектепте, колледжде немесе университетте оқып жүріп-ақ бизнеспен айналысатын студент-кәсіпкерлерге арналған
әлемдік деңгейдегі халықаралық байқау.
Талаптары:
- қатысушы университет, колледж студенті болуы керек;
- студент міндетті түрде бір бизнестің негізін қалаушы немесе басшысы я акционері болуы керек;
- студенттің бизнесі ең аз дегенде 6 айдан бері жұмыс істеп тұрған кәсіп болуы керек;
- студент кәсібінің кемінде $500 айналымы бар болуға тиіс немесе $1000 инвестиция тартқан болуы керек;
- былтырғы GSEA Global Finals байқауындағы финалистер қатыса алмайды
- қатысушының жасы 30-дан аспауы керек;
Жалпы жүлде қоры – 50 000 АҚШ доллары. Әлемдік финалда 1-орынға $25 000, 2- орынға $10 000, ал 3-орынға $5000 беріледі. Финалистердің жол жүру және тұру шығындары да төленеді.
Өтініш беру үшін мына сілтемені басыңыз. Ресми сайтта ақпарат толық жазылған.
Startup Bolashaq
Дедлайн: 2022 жылдың 28 ақпаны
Startup Bolashaq байқауы – “Болашақ” қауымдастығының бастамасымен 2015 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан бизнес идеялар жобасы. Байқау кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар Қазақстанның түрлі экономика секторы мен өңірлерінен инвестициялық қаржыландыруды талап ететін кез келген бизнес-жобаларды қатысуға шақырады. Оған бизнеске енді ғана қадам басқан жас кәсіпкерлерден бастап нарықта бизнесі бар бизнесмендерде қатыса алады. Жасқа байланысты ешқандай шектеу жоқ.
Айта кетейік, Startup Bolashaq байқауының бесінші маусымы Dragons’ Den әлемдік реалити-шоу форматында өтпек. Дегенмен реалити-шоу болғандықтан басынан бастап қатысушыларды бір жағынан камераға түсіріп жатса, екінші тұстан оларға еліміздегі әйгілі бизнесмендер тәжірибесін бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып қолдау көрсетеді. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Финалда қазылар алқасы болған инвесторлар 10 ең үздік бизнес идеяны іріктеп, 100 миллион теңге береді.
Қатысу үшін мына сілтемені басыңыз.
Бағдарлама
Кәсіпкер әйелдерге арналған бағдарлама
Дедлайн: 2022 жылдың 20 наурызы
Стартап-акселератор Founder Institut әйелдерді қолдауға арналған WomenTech Network-пен бірлесе отырып Silicon Valley Virtual Program 2022 виртуал бағдарламасын іске қосып отыр.
Бұл бағдарлама бизнеске енді ғана қадам басқан кәсіпкер әйелдердің инновациялық бизнес құруына көмектесуді мақсат етіп отыр.
Кәсіпкер әйелдерге тәлімгерлер беріледі. Бұл бағдарламада 100-ден астам жетекші кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысушылардың кәсіптеріне қатысты өз ойларын білдіреді. Бизнестегі көшбасшы тұлғалар мен бүкіл әлем бойынша инвестиция салып жүрген венчурлық инвесторлармен танысуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар 1,5 млн еуродан астам сомаға серіктестік мәміле жасауға мүмкіндік беріледі. Үздік үміткерлерге бірқатар стипендия тағайындалады, бұл олардың бағдарламаға тегін қатысуына мүмкіндік береді.
Өтініштер инновациялық стартап құруға ниетті кез келген әйел кәсіпкерден қабылданады.
Бағдарлама виртуал түрде орындалады, сондықтан физикалық түрде қатысу қажет емес. Дегенмен қатысушылар онлайн өтетін барлық сессияға қатысуға міндетті.
Мына сілтемеде толық ақпарат берілген.
Add comment