Қарыздан құтылу
Осы 12 айда біреуден қарыз алып, біреуге уәде берген боларсыз. Қоңырауыңыз бен хатыңызды күтіп жүргендер бар болар? Бір теңге болса да, ешкімге қарыз емессіз бе?
Ұмытып кетсеңіз еске түсіріңіз. Орындамаған уәдеңіз бен қайтармаған қарыз тізімін жазып, 2021 жыл аяқталғанша бәрін жабуға тырысыңыз. Тізім азайған сайын өзіңізді жеңіл сезінесіз және жаңа жылға уәде, қарызсыз аяқ басасыз.
Қажетсіз заттардан арылу
Үйіңізді ретке келтіріңіз. Мари Кондо айтпақшы, өзіңізге қуаныш сыйламайтын заттармен қоштасыңыз. Жағымсыз естеліктер осы жылда қалсын. Гардеробыңыздағы бір жылдан бері киілмеген заттарды келер жылы да кимеуіңіз мүмкін. Сондықтан қажетсіз киім-кешекті «Тепло» жобасы сияқтв қайырымдылық мақсатта өзгелерге бере аласыз.
Ойлап көріңізші, бейтаныс адам жып-жылы күртеңізді киіп жылынып жүр. H&M сияқты дүкендерге қайта өңдеуге өткізіп, игі іс жасап қана қоймай, жаңа зат алуға жеңілдікке ие боласыз. Қажетсіз заттан арылған жақсы, қажет затты ғана сатып алу одан да жақсы екенін ұмытпаңыз.
Компьютеріңіз бен смартфоныңызды тазалаңыз
Тазалық жасауды үйіңіз не шкафыңыз ғана қажет етпейді. Күнделікті қолданатын, 24/7 тынымсыз жұмыс істейтін компьютеріңіз бен смартфоныңызға да көңіл бөліп қойыңыз. Қажетсіз фотосуреттер мен видеоларды өшіріп, электрон поштаңызды артық хаттардан тазалап, мессенджерлердегі қажетсіз чаттарды, тіпті контактідегі таныс емес телефон нөмірлерді өшіріңіз. Мобайл қолданбаның барлығын қолданасыз ба? Жауабыңыз «жоқ» болса керек, App-ті ғана қалдырып, смартфон жадын бір босатып алыңыз.
Өзіңізге және жақындарыңызға сыйлық алыңыз
Біз өзгенің туған күнінде, өзгенің мерекесінде сыйлық алуды ұмытпаймыз. Ал өзімізге қаншалықты жиі сыйлық сыйлаймыз? Тым болмағанда жылына бір рет сыйлық алуға лайық емеспіз бе? 2021 жылды аман-есен еңсергеніңіз үшін өзіңізді құттықтап қойыңыз. Өзгені күтпей көптен бері ойлап жүрген нәрсені өзіңізге алып беріңіз. Тым болмаса, жаңа жылға мұқабасы әдемі жаңа күнделік қажет болар? Концертке не спектакльге билет алыңыз. Өміріңізде сыйлық алуға лайық жан ең бірінші сіз екеніңізді ұмытпаңыз. Өзіңізге бірінші рет сыйлық жасауға бекінсеңіз, онда мұның сізге ұнайтыны, көңіліңіз көтеріліп, қуаныш сезіміне бөленетініңіз сөзсіз.
Содан кейін жақындарыңызды қуантуға болады. Кішкентай балаларға сұрағанын алып беруге тырысыңыз. Қалтаңызға қымбат болып жатса, басқа сыйлықпен алмастыруды ұсынып көріңіз. «Жоқ, ештеңе керек емес» дейтін ата-анамызға кішкентай сыйлық берсек те, мәз болары анық. Қолдан ғажап дүние жасайтын боларсыз? Жаңа жыл кешінде жақындарымызбен құшақтасып, сыйлық беріп мәз-мейрам болғыңыз келсе, сыйлық алуға ерте қамданған дұрыс.
Жаңа жыл жайлы фильмдер көру
Бала күнімізде жаңа жылдың ғажап мереке екеніне сеніп, осы күні ғажайып күтеміз. Мерекелік көңіл-күйге жыл сайын жаңа жыл қарсаңында теледидардан көрсетілетін фильмдер әсер етеді. «Гарри Поттер» мен «Үйде жалғыз қалғанда» фильмін қанша рет көргеніңізді санап көріңіз. Биыл қайталап тамашаласаңыз да жалықтырмайтыны сөзсіз.
Жаңа жылда көретін фильмдер тізімін жасаңыз да, ыстық шоколадқа маршмэллоу салып, жылы көрпеге оранып біртіндеп қарап шығыңыз. Отбасыңызбен бас қосқанда бірге көруге кеңес береміз.
Биылғы wish list немесе өзіңіз қалаған істің бірін орындау
Жаңа жылда жаңа мақсат қойып, нәтижеге жететіндер аз емес. Кейде күйбең тірлік деп ұнаған нәрсені алуға, жаныңыз қалаған іспен айналысуға уақыт таппаймыз, тіпті естен шығып кетеді. 2021 жылы қойған мақсаттарды еске түсіріп көріңіз. Wish list-те бәрін орындасаңыз, «жарайсыз» дейміз. Ал тізімде сызылмаған не белгі қойылмаған қатарлар болса жаңа жылға дейін тым болмаса, біреуін орындауға тырысыңыз.
Жаңа жылға дейін парашютпен секіріп, жылы жаққа ұшып кетіңіз демейміз, шамаңыз жететін дүниені орындап көріңіз. Кофехананың бір бұрышында тәтті бәліш жеп, кофе ішкіңіз келетін болар. Үлкен попкорн алып «Өрмекші адамды» не «Матрицаны» көруді қалайсыз ба? Караокеде жалғыз ән айтқыңыз келе ме? Коньки, шаңғы не сноуборд тебуге қалай қарайсыз? Не болса да, қолыңыздан келеді деп сенеміз.
Жылды қорытындылау
Күн сайын өзімізге есеп бермесек те, жыл соңында 365 күннің есебін бір-ақ беретін уақыт келді. 2021 жыл қалай өтті? Несімен есте қалды? Қандай жетістіктерге жеттіңіз? Қандай сәтсіздіктер болды? Денсаулық, жеке өмір, жұмыс, демалыс, рухани даму, ақша: өміріңіздің қай бағытына көңіл бөлдіңіз, қайсысы қалыс қалды? Мақсаттарға жеттіңіз бе? Осы өміріңізге ризасыз ба? Жұмысыңызға, айналаңызға, тұратын жеріңізге, қаржылық жағдайыңызға көңіліңіз тола ма? Осы сияқты бірнеше сұраққа жауап беріп көріңіз. Тым болмаса, 30-60 минутыңызды бөліп, ескі жылға нүкте қойыңыз.
Жаңа жылға жоспар құру
Ескі жылды қорытындыласақ, енді 2022 жылды қалай өткізетінімізді жоспарлап көрейік. Өміріңізде баланс болуы үшін қай бағытқа көп уақыт, ақша не энергия жұмсағыңыз келеді? Қарым-қатынас, бизнес, денсаулық, отбасы, қаржы, карьера, демалыс, әлде сүйікті іс? 2022 жылдың аяғына дейін қандай жетістікке жетпексіз? Кірісіңізді арттырғыңыз келе ме? Әлеуметтік желіде көп адам жазылғанын қалайсыз ба? Пәтеріңізді кеңейткіңіз келетін шығар? Жаңа кәсіппен шұғылданып көрерсіз? Ағылшын тілін үйреніп, IELTS тапсыру жоспарда бар ма? Мүмкін келер жылы шетелге оқуға тапсырарсыз? Көп паспорт алып, бұрын-соңды аяқ баспаған елге баруды армандайсыз ба? Бәрін қағазға түртіп қойыңыз.
Неден бастауды, мақсатқа жету қадамдарын жазуды да ұмытпаңыз. Бірі болмаса да, бірін орындауға қауқарыңыз жетеді. Біз мүмкін еместі ойламаймыз, бірақ мүмкін емес деген оймен талай арманның көкке ұшып, талай мақсаттың орындалмағанына куә болып жүрміз. Келер жылы батыл болыңыз. Кішкентай қадамдардан бастаңыз. Жоспарлау – үлкен жетістіктерге жетелейтін ең мықты құрал, сондықтан дәл қазір іске кірісіңіз.
Кешіру, кешірім сұрау
Өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Адамдармен қарым-қатынас әрдайым жақсы аяқтала бермейді. 2021 жылы сізге жамандық жасаған, жаныңызды жаралап, ыңғайсыз жағдайға қалдырған адамдарды кешіруге тырысыңыз.
Өзіңіз де өзгені өкпелетіп алған боларсыз. Айтқан сөзіңіз бен істеген ісіңіз үшін ұялып жүрсеңіз, жаңа жыл – кешірім сұрайтын ерекше уақыт. Неден бастауды білмесеңіз, келе жатқан жаңа жылмен құттықтаңыз. Бәрі қателеседі, бәрі сүрінеді. Қате басатын мен ғана десеңіз қателесесіз. Жаман естеліктің бәрін 2021 жылға қалдырып, жаңа 2022 жылға өкпе-ренішсіз аяқ басыңыз. Кешірдіңіз бе? Кешірім сұрадыңыз ба? Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз? Бір жеңілдеп қалған боларсыз :).
Үйді безендіріп, дастархан жаю
Шырша құрып қойдыңыз ба? Оны безендірген қандай керемет! Астына қорап-қорап сыйлықтар қойсаңыз, тіптен ғажап! Ойыншықтар, әшекейлер, гирлянда, майшам, мандарин… Енді қалай? Мереке сезіле ме? Жаңа жылдық көңіл-күй үшін үйді ертерек безендіріңіз.
31 желтоқсан күні не істейтініңізді, жаңа жылды қалай, кіммен қарсы алатыныңызды алдын ала жоспарлаңыз. Отбасыңыз бен достарыңыз бас қосатын дастарханнан «оливьеден» басқа не көргіңіз келеді? Биыл ерекше ас әзірлегіңіз келмей ме? Ең бастысы – мерекелік көңіл-күйді сезініп, жаңа жыл жақсылыққа толы болатынына сеніңіз. 2022 жыл тың дүниелер жасайтын, мақсаттарға қол жеткізетін жыл болғай! Келе жатқан жаңа жылыңызбен!
Add comment