Біз осы TechGirls-ке қатысқан екі қызбен сұхбаттасып, бағдарламаның артықшылығы мен кемшілігі және өмірне қандай пайда әкелгені туралы сұрап білдік. Олардың біреуі бағдарламаға офлайн, ал екіншісі онлайн форматта қатысқан.
Айжұлдыз Надирханова – TechGirls-2019 түлегі. Бағдарламаға офлайн форматта қатысқан
Айжұлдыз Надирханова Назарбаев Университетінің Computer Science мамандығында оқиды. Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Ол TechGirls бағдарламасына 2019 жылы қатысқан.
— TechGirls бағдарламасы жайлы қайдан білдіңіз?
— Бұл бағдарламаға қатыспас бұрын 2018 жылы Microsoft A.I. буткэмпына қатысып, Афинаға барып келдім. Сол жерде менімен бірге Фатима есімді финалист қыз болды. Сол Фатима маған осындай бағдарлама ашылып жатқаны жайлы айтты. Өзі жас ерекшелігіне байланысты қатыса алмаған соң, маған бағымды сынап көр деп ұсынды. Солай 2018 жылдың желтоқсан айында TechGirls бағдарламасына қатысуға өтініш бердім. Ал басқа финалист қыздар оқытушыларынан естіген екен.
— Өтемін деп ойладыңыз ба?
— Басында үміттенбедім. Себебі бағдарлама туралы оқығанымда осыған дейін АҚШ-қа табаны тимеген қыздарға басымдық берілетіні жазылған еді. Ал мен Назарбаев Зияткерлік Мектебінің ұйымдастырумен Stanford Pre college бағдарламасы бойынша 2018 жылы Калифорнияға барып келген едім. Бірақ өтемін деп ойламасам да, тапсыра салдым.
— Іріктеуден өткен соң АҚШ-қа бардыңыздар. Онда немен айналыстыңыздар?
— TechGirls бағдарламасы бойынша Вашингтон және Вирджиния штаттарында ғана болдық. Ұзақтығы – 4 апта. Оның 2 аптасы Вирджиния Университетінде Coding сыныптарына арналса, қалған 2 аптасы кәсіби және лидерлік қасиеттерді дамытуға бағытталған.
Алғашқы аптасы Вашингтондағы конгрессмендермен, Amazon компаниясында істейтін қызметкерлермен кездесу сияқты іс-шараларға толы болды. Одан кейін Мэриленд штатындағы NASA-ның ірі лабораториясы Goddard-қа (Goddard Space Flight Center) барып өз көзімізбен көрдік. Сол жерде NASA-да жұмыс істейтін инженерлермен тілдесіп, оларға қызықтырған сұрақтарымызды қойып, әңгімелесуге мүмкіндік туды.
Осы бағдарламаның бір ерекшілігі – мәдениеттерді таныстыру. Әлемнің әр түкпірінен келген қыздар өз елінің салт-дәстүрі мен мәдениеті жайлы бөліседі. Бұл ой-көкжиегіңді кеңейтеді. Сондай-ақ бір күн америкалық отбасыда тұрып олардың да менталитетімен танысасың.
Сондай-ақ біздің кестемізде Job Shadow Day деген бағдарлама болды. Бұл ІТ-корпорацияда кәдімгі сол жерде жұмыс істейтін адам сияқты бір күн жұмыс істеп көресің.
Мәселен, бағдарлама кезінде менімен бірге тұрған қыз (руммейтым) Мароккадан еді, ол Вашингтондағы Google кеңсесінде күн болып, ондағы бағдарламалаушылармен сөйлескен еді. Ал мен Black One деген компаниядан тәжірибе алдым.
Бағдарлама тек бір ай болса да, өте қарқынды өтті. Біздің бос уақытымыз мүлдем болмады. Бағдарламаға Орталық Азиядан бөлек, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінің қыздары да қатысты. Айтпақшы, биыл TechGirls бағдарламасы ауқымын кеңейтіп, мемлекет санын көбейтті.
— Бағдарлама кезінде көңіліңіз толмаған кездер болды ма?
— Жоқ, бағдарлама толықтай ұнады. 15-17 жастағы мектеп оқушыларына керемет мүмкіндік деп ойлаймын.
— Алдағы уақытта тағы осындай бағдарламаға қатысу ойыңызда бар ма?
— Әрине. Мұндай бағдарламалар тұлғаның жеке дамуы мен кәсіби нетуоркингтің өсуіне септігін тигізеді. Дәл қазір қандай бағдарлама екенін айта алмаймын, алайда замандастарыма neupusti, grants.kz сияқты парақшаларды бақылап, өзіңізді қызықтырған бағдарламарға тапсырып көре беруге кеңес берер едім. Егер кезінде осы бағдарламаға «Менен де білімді адамдар бар, маған қайда?» деп қатыспай қалсам, қаншама мүмкіндікті өткізіп алар едім.
Бұл бағдарлама биыл 8 шілде мен 3 тамыз аралығында өтеді. Әзірге онлайн бола ма, әлде офлайн ба – белгісіз. Қазіргі уақытта TechGirls-2022-ге өтініштер қабылданып жатыр. Өтініш қабылдаудың соңғы мерзімі – 15 қаңтар. Егер қатысқыңыз келсе, бағдарлама туралы толық ақпаратты мына жерден оқи аласыз.
Әмина Рахимбергенова – TechGirls-2021 түлегі, онлайн қатысушы
Әмина – Нұр-Сұлтандағы НЗМ-де (халықаралық баклавират) 12-сыныпта оқиды. Код жазып, фортепианода ойнағанды жақсы көреді.
— Әмина, бұл бағдарламаға тапсыруға не түрткі болды?
— 2020 жылы MakerCamp атты қыздарға арналған техникалық лагерьге қатыстым. Біз онда Қазақстандағы балалар үйлеріне арнап уеб-сайттың концептісін жасадық. Осы бағдарлама соңында ұйымдастырушылар STEM бағытындағы қыздарға арналған АҚШ-тағы халықаралық алмасу бағдарламасына тапсырып көруге кеңес берді. Сол кезде бұл бағдарлама мені бірден қызықтырды. «Осындай күшті мүмкіндікті өткізіп алмайын» деп шешіп, мен де өтініш бердім.
— Бұл бағдарламаға өту үшін екі турға қатысу керек. Осы жайлы айтып берсеңіз.
— Иә, екі тур. Бағдарламаға қатысу үшін бірінші турда өтінішті 15 қаңтарға дейін толтырып үлгеру керек. Сайттағы сауалнаманы толтырып, сұраған барлық құжатты – мектептегі үлгерімімнің транскриптін және бірнеше эссе жазып тапсырдым.
Эсседе өзім жайлы, қызығушылықтарым мен мектептен тыс басқа қандай істермен айналысатыным туралы жаздым. Сондай-ақ болашаққа құрған жоспарым жайлы да сөз қозғадым. Бір сөзбен айтқанда, олардың қойған сұрақтарына шынайы әрі толыққанды жауап беру керек.
— Екінші тур – сұхбат. Сізге қандай сұрақтар қойды?
— Бірінші турдан өткен соң шамамен наурыз айының басында поштама АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінен хат келді. Хатта менің жартылай финалға өткенім туралы айтылып, сұхбатқа шақырды. Сұхбат онлайн форматта және бастан-аяқ ағылшын тілінде өтті. Сұхбаттасуды Елшілік өкілдері мен TechWomen бағдарламасының финалистері өткізді. Басында қобалжыдым, аздап қорқыныш та болды. Бірақ жақсы өтті. Еркін болдым. Өзім туралы, қызығушылықтарым жайында айттым. Сондай-ақ жобама қатысты қойылған сұрақтарға жауап бердім.
— Бұл жоба бұған дейін офлайн болатын. Сіздер тапсырған кезде TechGirls бірінші рет онлайн өтті. Әлемдік бағдарламаға онлайн қатысу қалай болды?
— Әрине, АҚШ-қа барғым келді. Дегенмен қатысушылар мен ұйымдастырушылардың денсаулығы маңызды екенін, сондықтан тәуекелге бармау керегін түсінемін. Онлайн форматтың кемшін тұстары көп болды. Онлайн сөйлесу реал өмірде сөйлескендей болмайды ғой. Жүзбе-жүз әңгімелескенге жетпейді. Бағдарлама монотонды өтті. Алайда ұйымдастырушылар қатысушылар бір-бірімен жақын танысып, сөйлесуі үшін оқудан бөлек көптеген түрлі онлайн іс-шара ұйымдастырды. Соның арқасында арамыздағы арақашықтық үлкен болса да, біз әлемнің әр түкпірінен өзімізге жақсы достар таба алдық. Бұл жағы керемет!
— Бағдарлама кезінде қандай қызық сәттер болды?
— Бағдарлама кезінде басымнан өткерген қызық сәттердің бірі ретінде ойыма бір ZOOM-конференция келеді. Бұл конференцияда әр қатысушы өз елінің ұлттық киімін киіп, ұлттық тағамын әзірлейді. Сосын отбасы мүшелерін компьютер алдына жинап өз мәдениеті жайлы айтады. Морокко елінен қатысқан бір қыз елінің тарихы туралы әңгімелеп, содан кейін анасы жайып қойған дастарханды көрсетті. Ол ұлттық тағамы ретінде бал қосылған бәлішті дайындапты. Біз бұл тағамды ZOOM арқылы көріп отырсақ та, бәліштің түріне қарап-ақ бәріміздің жегіміз келіп, сілекейіміз ағып кетті:). Осы конференцияда құдды барлығымыз үстел басына отырып, сол бәлішті жеп отырғандай әсер қалдырды.
— Бағдарламаға көңіліңіз толмаған кездер болды ма?
— Біз бағдарламаның беретін әсерін толыққанды сезіне алуымыз үшін қатысушыларға осы қыста АҚШ-та 10 күн болу мүмкіндігі берілген еді. Алайда бұл сапарымыз болмады. Бұл сәл көңілімді қалдырды. Меніңше, бізді ақыры үміттендірген соң осы қыста немесе көктемде Вашингтон мен Вирджинияға бірнеше күнге сапарлатсағ жақсы болар еді деп ойлаймын.
— Жалпы бұл бағдарламаның өміріңізге қандай пайдасы тиді?
— Біріншіден, Қазақстаннан да, шетелден де өзім сияқты ойлайтын, талаптанатын көп дос таптым. Олармен әлі күнге дейін сөйлесіп тұрамын. Екіншіден, мен Вирджиния университетінен деректерді талдау (data analysis) курсын өттім. Осы үшін сол кісілерге ризамын, себебі бағдарламалаудың осы бөлімін бұрыннан бері үйренгім келіп жүрген. Үшіншіден, өзіме үлкен мотивация алдым. Барлық қатысушы, менторлар, спикерлер мен координаторлар – әрбірі өз алдына ерекше әрі саласында белгілі бір жетістікке жеткен адамдар. Олардың STEM-дегі өздерінің қызық тәжірибесін бөлісуі шабыттандырады. Жалпы, TechGirls қауымдастығының атмосферасы адамға энергия береді! Энергетикасы алыстан-ақ сезіліп тұрады.
Add comment