QA-инженер IT өнімі әзірленіп жатқан кезде оны сынақтан өткізіп, қателерді жоюға көмектеседі. Соның арқасында қолданушылар сапалы сервис алады. Негізі IT саласына кіру үшін тестілеуші позициясынан бастаған дұрыс дейді. Бүін мұның қаншалық рас екенін анықтайық.
Quality Assurance engineer (QA-инженер) өнімді жоспарлап, әзірлеу кезеңінде жұмыс істейді. Оның міндеті – сервистің алдағы жұмысында кездесуі мүмкін қателерді ертерек жою. Сервистің қандай да бір проблемасы кейінгі кезеңдерде анықталса, оны түзеуге компания көбірек ақша бөлуіне тура келеді. Өнім күрделі әрі ауқымды болған сайын қате көп болады.
QA-инженер мен тестілеушінің айырмасы қайсы?
Көбіне тестілеуші мен QA-инженерлерді шатастырады. Бұл мамандардың функциясы тығыз байланысты болғанымен, олардың жұмысында біршама айқын айырмашылық бар. QA-инженердің міндеті – әзірлеп, сынақ жасау арқылы өнімдегі ақаудың алдын алу. Ал тестілеуші ендігі әзір немесе әзір боп қалған өнімнің қаншалық дұрыс жұмыс істейтінін тексереді.
Кейбір компания Quality Control Engineer немесе QC қызметін де жеке алып қарастырады. Ондай маманның міндеті – дайын өнім мен тапсырыс берушінің талаптары арасындағы айырмашылықты тауып, түзеу. Бұл міндеттер көбіне QA-инженер функциясына жатады.
Жалпы алсақ, Quality Assurance – өнімнің сапалы болуына жағдай жасау, ал тестілеу мен Quality Control – осы процестің бір бөлігі. QA-инженер идеяның қаншалық жүзеге асуы мүмкін екенінен бастап, тапсырыс беруші талаптарына дейінгі өнімнің барлық кезеңіндегі әзірлеменің сапасын қадағалайды. Өнім әзір болғанда тестілеушіге қанша жұмыс қалатыны осы мамандарға байланысты.
QA-инженер мен тестілеуші не істейді?
QA-инженер жұмысқа өнім жасала бастағаннан-ақ кіріседі. Ол өнімді жоспарлап жатқанда бизнес-аналитикпен, жетекшімен және тапсырыс берушімен бірге сервистің болашақ функционалын талқылайды.
QA-инженер қатені түзеп қана қоймайды, оны болашақта болдырмаудың әрекетін қылып, жұмысын құжаттандырады. Оған қоса, ол қауіпті бағалап, тестілеу процесін жоспарлайды және сынақ құжаттамасымен жұмыс істейді.
Әрі қарай backend- және frontend-әзірлеме кезеңдерінде идея құжат ретінде жазылады. Сосын әзірлеушілер тестілеу үшін өнімнің альфа-нұсқасын ұсынады. Тестілеушінің жұмыс осы жерден басталады. Ол өнімнің қаншалық жұмыс істей алатынын тексеріп, қателерді анықтайды.
Қате түзелген соң өнім қайтадан тестілеушіге екінші рет тексеру үшін жіберіледі. Қате екінші рет тексерілген соң барып өнім бета-тестілеуге кетеді.
QA-инженер түрлі тестілеуді түсініп, тестілеуге арналған үлгіні жобалай алуы қажет. Оған қоса, түрлі тест-дизайн практикасын білуге тиіс. Сонымен қатар бағдарламалаудың негізгі білімі мен автотестілеу тәжірибесі болғаны дұрыс. Командада тестілеу процесін оңтайландыру дағдылары мен Go/PHP/Kotlin/Swift/JS тілінде тест жазу мүмкіндігі жұмыста пайдалы болады.
Тестілеуші үшін ұқыпты, табанды болу, егжей-тегжейге назар аудару және жұмысты жоспарлай алу маңызды. Тестілеуші сынақ түрлерін, тест-дизайн техникаларын біліп, дайын өнімді қабылдау критерийлерін сипаттап, тест құжаттамасы мен әзірлеу әдістемесінің түрлерін түсінуі керек.
Автотестілеуші деген кім?
Тестілеу екі деңгейге бөлінеді: мануал (қолмен) және автотестілеу. Бірінші жағдайда маман өнімдегі қатені өзі іздеп отырып табады. Ал автотестілеуші арнайы бағдарламалық жасақтаманы (БЖ) іске қосады. БЖ өнімді автоматты түрде тексереді. Автотестілеу күрделі өнім үшін қолданылады. Сондықтан автотестілеуші – біліктілігі көбірек әрі жалақысы да жоғарырақ маман.
Мануал тестілеушіге код жазу міндетті емес, бірақ тестілеу теориясын білуі керек. Оның ішіне тест-дизайн мен басқа да білім мен машық кіреді.
Автотестілеуші мына бағдарламалау тілінің бірін білуі керек: Ruby, Python немесе Java. Оған қоса, тест фреймуорктармен жұмыс істей алып, ағылшын тілін білгені дұрыс.
Қалай QA-инженер атануға болады?
Тестілеуші карьерасын код жазуды үйренбей-ақ бастауға болады. Бұл үшін QA бойынша курстар оқып шықса болғаны. Мысалы, 5Q.kz платформасында тестілеуді енді бастайтындарға арналған экспресс-курс бар. Курс бағдарламасын DAR компаниясындағы сапаны қадағалау бас инженері Изат Биялиев жасады.
Курсқа кез келген мамандық иесі өтінім беріп, тестілеуші бола алады. Тестілеуші курсында 10 тақырып бар. Оның бәріне қысқа видео түсіріліп, теория мен практика сабақтары қамтылған. Әр тақырып бойынша, теориялық ақпарат пен тестілер, практикалық үй тапсырмалары қарастырылған. Курс 2 айға созылады, бірақ оны жылдам өтсе де болады.
Басты фото: Pressfoto/Freepik
Add comment