Бүгінде SMM – сұранысы көп сала. Әсіресе, SMM-маман қызметі ауадай қажет болып барады. Дегенмен копирайтер, дизайнер, мобилограф, фотограф барда ендігі SMM-маманның қажеті қанша деген ой қылт етеді. Осы сала маманы Еркежан Майлыбекова аккаунттың барлық жұмысын ұйымдастыратын сол SMM-маман дейді. Еркежаннан мамандық қызметін, маманға қажет машықтарды және айлық табысты сұрадық. 

SMM-маман нақты немен айналысады? 

SMM-маман белгілі бір мақсатқа жетіп, тапсырма орындауы керек. Олар мынадай болуы мүмкін:

  • брендті ілгерілету немесе тұлғаны таныту;
  • постты көретін аккаунт санын арттыру;
  • жазылушылар санын көбейту;
  • Сатылым көлемін арттыру. 

Бәрі тапсырыс берушінің мақсатына, оған SMM жұмысы не үшін қажет екеніне байланысты. 

Еркежанға “Копирайтер, дизайнер, мобилограф, фотограф ортасында SMM-маманның қызметі қандай?” деген сауал қойдық.

SMM-маман режиссер сияқты. Аккаунтты жүргізуге қатысты идея ойластырып, контент құрастырады, копирайтерге, дизайнерге және басқа маманның бәріне тапсырма береді. Ол аккаунтты көріп, өнімді бағалайды да, сол өнім әлеуметтік желіде әдемі, жақсы көрінуі үшін жұмыс істейді,

– дейді Еркежан Майлыбекова.

Қазір SMM-мамандардан қандай машық талап етіледі?

Ол маркетолог та, дизайнер де, мобилограф та, копирайтер де бола алуы керек. SMM-маманның өзі фотоға, видеоға түсіре алмаса, дизайн жасап, оған мәтін жаза алмаса, командамен жұмысы жүрмейді. Оған қоса, бастапқы кезеңде аккаунт жүргізгенде команда толық болмай, олардың функциясын SMM-маман атқарады.

Негізгі машықтар деп мыналарды айтайын: қайсыбір өнімді ілгерілетіп, оны фото-видеоға түсіре алу және тұтынушы сол өнімді сатып алғысы келетіндей мәтін жазу. Коммуникация машығы да маңызды. Өйткені аккаунтқа келген барлық хабарлама мен пікірге көбіне SMM-маман жауап береді. Сонымен бірге жанжал болған жағдайда қалай жұмыс істеу керек екенін де білуі керек. Бұл осы оқиғадан кейін жанжалдасқан клиент саған оралуы үшін керек,

– дейді маман.

Бұл жұмыстың артықшылықтары қандай? 

Біріншісі – онлайн жұмыс істеу. Фриланс болып кетуге немесе өзіңе ыңғайлы жерде жұмыс істеуге болады.

Екіншісі – шектеліп қалмаған кіріс. Айына 250 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін табуға болады. 

Маманның қанша ақша табатыны оның тәжірибесі мен машығына баланысты. Мысалы, 2-3 шағын жоба алып, әрқайсынан 100-150 мың теңге табуы мүмкін. Болмаса, ірілерімен жұмыс істеп 600-700 мың теңге жалақы алуы мүмкін. 

Маман фото-видеоға өзі түсіріп, брендті ілгерілетумен айналысса, таргетті де өзі жасаса, бір жобадан 300 мың теңге таба алады. Машық көбейген сайын жалақы артады. 

Адамның энергиясы көп болса, тайм менеджментті жақсы ұстанса әрі жауапты болса, 10 жоба алса да мейлі. Бастысы – қажып кетпеу керек. 

SMM курсын қайдан оқуға болады? 

5Q.kz платформасында Еркежан Майлыбекованың SMM-қысқа да нұсқа (бастапқы деңгей) деген курсы бар. 

Бұл курс SMM саласын енді бастап жатқандарға арналған. Курста болашақ SMM мамандар үшін негіз болатын білім беріледі. Онда маман болып қалыптасуға қажет басты әрі керек ақпарат жазылған. Дегенмен ақыры осы жолды таңдаған екенсіз, онда ылғи оқып, үйренуге дайын болыңыз. Өйткені SMM күн сайын өзгереді. Жаңа функциялар, ілгерілетуге арналған жаңа каналдар шығады, ал оның бәрін уақтылы игеру қажет,

– дейді маман.

Курс онлайн форматта өтеді. Мобайл құрылғыларды қолдану үйретіледі. Оқуды бітірген соң қатысушыға сертификат беріледі. 

Басты фото: Rawpixel.com/Freepik