Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс күші санатында 9,27 миллион адам бар. 7,2 миллион адам кредит төлеп жатыр. Елімізде осы санаттағы 2 миллион адамның ғана кредиті жоқ. Азаматтар кредитті не себеппен алады? Оны қалай төлеп жүр? Төрт адамның әңгімесін ұсынамыз. Кейіпкерлердің есімі өзгертілді.

Мұхтар, 26 жаста:

“Айлығымның жартысы ипотека төлеуге кетеді”

Негізі кредитке жолағым келмейді. Былтыр ипотекамен пәтер сатып алатын болып, оның алғашқы сомасына ақшам болмады. Сөйтіп кредит алдым. Өмірімде бірінші рет. Онда да мен үшін көп сома шықты – 1 миллион теңге.

Қазір елімізде пәтер құны ай сайын қымбаттап жатыр. Олай болса, үйдің алғашқы сомасын бірнеше ай жинап, сосын барып ипотекаға өтінім беру тиімсіз. Одан да кредит алайын да, соны ертерек жауып тастауға тырысайын. Алғаныма өкінбеймін, инфляция кезінде ең тиімді жолды таңдадым деп ойлаймын.

Айлығымның жартысы ипотека төлеуге кетеді. Қалған жартысына күн көрем. Ипотеканы 25 жылға алдым.

Әлгі кредитті 3 айда жауып тастадым. Өйткені процентті қосып төлеп жүргім келмеді. Жетпеген 150 мың теңгені бір досымнан, тағы 100 мың теңгені бір дос қыздан сұрадым. Проценті өсетін банкке емес, таныстарыма қарыз болайын дедім.

Өзім ешкімге кредит алып бермеймін. Бір жақын туысыма таныстары 3-4 миллион теңге алдырып, сосын төлемей қойғанын естігем. Содан да қорқасың.

Қазір басымда кредит жоқ. Бірақ үйдің ішіне жиһаздарды бөліп төлеуге алайын деп жатырмын. Қолма-қол сатып алатын жағдайда емеспін. Екі рет бөліп төлеу арқылы зат алдым. Біріншісі – 35 мың теңгеге құлаққап, оны бір айда жауып тастадым. Одан кейін жеңгем босанғанда 35 мың теңгеге бір сыйлақ алдым. Соны 12 ай бойы төледім.

Бірақ KaspiRed дегенді өмірімде аштырып көрмеппін, Құдай оған жеткізбесін.

Ғалия, 29 жаста:

“Жұртқа кредит әперем деп қарызға кіріп кеттім”

Жалпы, кредитке батып, қарызға кіріп кеткен жылым – 2018 жыл. Қазір айтып беретін әңгімем сол жылғы қарыздар мен оның қазіргі салдары туралы болмақ.

Бәрі досымның 100 мың теңге ақшалай кредит алып бере қал деген өтінішінен басталды. Алуын алып бердім, бірақ оның соңын өзім төлеп кеттім. Айналдырған 100 мың теңге алып, өсімі бар, проценті бар – бір жылда құтылдым.

Одан кейін 85 мың теңгеге анама кредитке телефон алып бердім. Ол кезде айлығым 200 мың теңге еді. Соның 8 мың теңгесін телефонның қарызын төлеуге жұмсап отырдым. Негізі өзім алған кредит осы ғана ғой.

Сосын тағы бір құрбыма қарыз алып бердім. Бірақ банктен емес, микроқаржы ұйымынан алдым. Құрбым уақытылы төлемей, оның проценті өсіп, маған ұйымдағылар, жеке судьялар қайта-қайта хабарласатын болды. Ақыры сотқа өтіп кетті. Сотқа кеткен соң басқа карталарым бұғатталды, былайша айтқанда, кіріссіз қалдым. Сол кезде қатты қиналып едім. Ол қарыздан биыл ғана әрең құтылдым.

Сол жылы өзіме кредитке ноутбук алып едім. Жұмысыма керек болды. «Бұл соңғы кредит болсын, енді ешкімге қарыз алып бермеймін» дедім. Қайдан?! Інімнің телефоны нашарлап, «өзім төлеймін» деп қоймай кредит алғызды. Ол да жартысын төлемей қойды. Ақыры 255 мың теңге қарыз сотқа жетті. Енді соның соңғы айын – 54 мың теңгені биыл төлесем, кредит дегеннен тап-таза боламын.

Жұртқа кредит алып беріп нем бар осы? Оның үстіне, ешқайсы уақытылы төлемеді, бәрінің соңын өзім төлеп жайыма кетіппін. Адамдарға «жоқ» деп айта алмаған екенмін.

Жұрттың кредиті бар, өзімнің нотубугымның кредиті бар. Айлығым толықтай дерлік кредит төлеуге кететін. Ал күн көруге ақша керек қой. Сөйтіп жұрттан қарыз сұрай беретін болдым. Банктердегі кредит, таныстарыма қарыз – осының бәрі үсті-үстіне қарыз жамай берді.

Сөйтіп, жұртқа кредит әперем деп қарызға кіріп кеттім. Бұл жағдайлар басыма тиді. Қазір туғаным болса да кредит әпермеймін. Жүзімді көрмей кетсе де, мейлі. Кредит деген жақсы нәрсе емес. Біреу қиналып тұрса, жақсылық жасағың-ақ келеді. Дегенмен әңгіме ақшаға келгенде ешкімге сенбеу керек екен.

Гүлнұр, 28 жаста:

“Айлық аз, амал жоқ, кредит аламыз”

Жалпы күйеуім екеуміз 3 кредит төлейміз, сосын 2 тауарды бөліп төлеуге алдық және менің атымнан KaspiRed ашқанбыз.

Өз басымда бір кредит, бір бөліп төлеу мен KaspiRed бар. Ауылда тұрамыз. 2 жыл бұрын үйімізге жуынатын бөлме қосу үшін банктен 3 миллион теңге алдық. Ал күйеуіме телефонды бөліп төлеу арқылы алдық. Ал KaspiRed-ке киінеміз.

Мектепте мұғаліммін. Айына 250 мың теңге табам. Оның 84 мың теңгесін кредитке, 13 мың теңгесін бөліп төлеуге, 37 мың теңгесін KaspiRed-ке төлеп отырмын. Сонда айлығымның жартысынан көбін банктегі қарыздарыма кетеді екен.

Жолдасымның басында екі кредит пен бір бөліп төлеу бар. Өзі инженер болып істейді, айлығы аз. Екі бала өсіріп отырмыз. Отбасын асырауға жетпеген соң темір жинаумен айналысу үшін 2 миллион теңгеге газель алдық. Оның ақшасын кредит алып төледік. Сосын оған газ орнату керек болып газды бөліп төлеуге алды. Ал үшінші кредитті не үшін алғанын ұмтып қалдым, бірақ төлеп жатырмыз.

Осы заттарды қолма-қол алғымыз-ақ келеді, бірақ оған айлығымыз жетпейді. Жалақы аз, ал азық-түлік, жалпы қазір өмір сүру қымбаттап кетті. Содан амал жоқ, кредитке кіреміз. Процентін қосып жылдап төлейміз.

Айжан, 25 жаста:

“Банктен қарызға алынған зат маған пайда әкелуі керек”

Өз басым, кредит, бөліп төлеуге зат дегеннің бәрін ойланып барып аламын. Қызды-қыздымен қарызға ұрынбаймын. Банктен қарызға алынған зат маған пайда әкелуі керек. Мысалы, телефон алсам, ол телефон арқылы істелетін жұмыс табыс беруі қажет. Олай болмаса, қарыз алып не керек?!

Бірде жұмысыма қажет болған соң мониторды бөліп төлеу арқылы алғанмын. Жақында ғана төлеп біттім. Бөліп төлеуге алған себебім, бір дегенде үлкен сома шығарғым келмеді. Одан да ай сайынғы табыстың белгілі бір бөлігін аударып отырған тиімдірек.

Әрине, кредит алмауға да болар еді. Бірақ алғаным жөн болған, өйткені монитор келген соң жұмыс істеу жеңілдеді әрі ыңғайлы болды. Айына 25 мың теңгеден төлеп отырдым.

Осы уақытқа дейін кредитке және бөліп төлеуге жалпы бес зат алыппын. Олар: камера, фотоаппарат, тігін машинасы, монитор және планшет. Мұның бәрі жұмысыма керек болды, яғни қажеттік туды. Оған қоса, бәрі табыс әкеліп отыр. 

Басты фото: Несси Гилева