Биыл 25 қазан Республика күні болып қайтадан белгіленді. Бұл датаға ұлттық мереке статусы берілді. Соған орай алдағы 3 күн демалыста өтетін шаралар топтамасын ұсынамыз.

Концерттер

Jazz Jam Session музыка кеші

25 қазанда Алматыдағы Музкафе мейрамханасында Jazz Jam Session музыка кеші өтеді. Музыканттар джаз гармониясына бай күрделі түрде суырып салып ән шырқайды. Концерт жасыл залда өтеді, оған 12 жастан асқан тыңдарман кіре алады.

Республика күніне арналған «Мерекелік шашу» концерті

Концерт 25 қазанда елордадағы «Астана-Опера» театрында өтеді. Бағдарламада еліміздің осы уақытқа дейінгі жетістігі паш етіледі және ең мықты шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар өнер көрсетеді.

Máńgilik El Daýysy музыкалық шоуы

Шоу 25 қазанда елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Сахнада Қайрат Нұртас, ӘMRE, 2RAR, Нұржан Керменбаев, Yenlik, Ayree және басқа да танымал әншілер хит орындайды. Ал сағат 17:30-да көрермендер ғимараттың дәлізінде өтетін түрлі іс-шараға қатыса алады.

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» фестивалі

Фестиваль 25 қазанда Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өтеді. Кіру тегін.

«Сенемін мен» шығармашылық кеші

Концерт 25 қазанда Астанадағы QAZAQSTAN Орталық концерт залында өтеді. Оған Роза Рымбаева, Айгүл Елшібаева, Жұбаныш Жексенұлы, Дильназ Ахмадиева сияқты танымал әншілер қатысады.

«Великолепный век» Soundtrack Concert

Концерт 23 қазанда Алматыдағы Республика сарайында өтеді. «Великолепный век» – әйгілі түрік сериалының ең жақсы сәттері шырқалатын жанды дыбыстағы концерт.

МОТ концерт береді

Концерт 24 қазанда Астанадағы Конгресс-холда өтеді. МОТ деңгейі жоғары музыкалар жазады, ал әр концертін шоу-бағдарламаға айналдырады.

Қойылымдар

Абай атындағы опера және балет театрында 23 қазанда сағат 18:00-де «Корсар» балеті қойылады. Балет екі актіден тұрады. Ұзақтығы – 1 сағат 50 минут. Спектакльге 10 жастан асқан көрермен бара алады.

Әуезов театрында «Қобыланды» спектаклі қойылады. Қойылымда батырдың ел азаттығы мен бақыты үшін күрес жолындағы арманы бүгінгі ұрпақ көзімен ұсынылады. Қойылым үлкен залда өтеді, ұзақтығы – 1 сағат 40 минут. Спектакльге 14 жасқан асқан көрермен кіре алады.

Мүсірепов театрында 23 қазанда «Қар қызы» драмасы қойылады. Бұл – жазушы Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің сахналық нұсқасы.

Қуыршақ театрында «Сұғанақ ешкі» ертегісі қойылады. Ертегі адамзат баласының жануарлар алдындағы жауапкершілігі турасында сыр шертеді.  Қойылым 6 жастан асқан балаларға арналған.

Stand up

23 қазанда Астанада Тексеретін Stand Up болады. Сахнаға ТНТ-дағы Stand Up, ТНТ-дағы ашық микрофон, Salem stand up жобасының қатысушылары шығады.

24 қазанда Астанада Ашық микрофон өтеді. Сахнада жоғарыда жазылған жобаларға қатысушылар өнер көрсетеді. Stand Up-қа 18 жастан асқан көрермен кіре алады.

24 қазанда Астанада мерекелік Stand Up концерті өтеді. Оған Мадина Байболова, Зарина Байболова, Айна Мусина, Жамбыл Құлдеев және Алексей Луговской сияқты еліміздің танымал стендаперлері қатысады.

25 қазанда Астанада тағы бір Stand Up концерт болады. Оған Алексей Луговской, Руслан Мұхтаров және Аманжан Махметов қатысады.

Көрмелер

«Книга художника»

Көрме Art Lane галереясына қойылады. Әр кітап қолмен аса жоғары талғаммен жасалған. Кіру тегін. Галерея Гоголь көшесі, 15 мекенжайында орналасқан.

«Шоколандия»

Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы орталық музейде «Шоколандия» шоколад музейі өтеді. Барлық экспонат пен композиция әйгілі тәттілерден жасалған. Көрме 4 желтоқсанға дейін созылады.

Қорқыт ата видеоинсталляциясы

Видеоинсталляцияны 23 қазанда Қастеев атындағы өнер музейінен көруге болады. Оны өзбек суретшісі Саодат Исмаилова жасаған.

«Күміс өзен» аудиовизуал инсталляциясы

Инсталляцияны 23 қазанда Қастеев атындағы орталық көрме залынан тамашалауға болады. Авторы – Дария Темірхан.

Түрік киносы апталығы

20-24 қазанда Алматыда түрік киносы апталығы өтеді. Фильмдер «Арман» кинотетарында көрсетіледі. Көрерменге түрлі жанрдағы бес фильм ұсынылады. Барлығына кіру тегін.

Басты фото: Freepik