Театрлар жаңа маусымын бастады. Көрермен биыл қандай премьераларға бара алады? Республикалық театрлардың жаңа қойылымдарын шолып шықтық.
Әкемтеатр бұл жолы жаңа маусымды «Абаймен» ашқан жоқ
Биыл Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жаңа маусымын «Абай» трилогиясымен ашқан жоқ. Жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай театрдың 97-маусымының ашылуында «Қарагөз» премьерасы қойылды. Режиссеры – Елік Нұрсұлтан.
Қойылым желісі бойынша Қарагөз бен Сырым бір-біріне ғашық болады. Дегенмен екеуінің туыстық түбірі әлі жеті атаға толмаған еді. Ал мұндай махаббат ұлттық дәстүрге кереғар болып шығады. Сол себепті жастардың сезіміне Жарылқап пен Жабай қарсы шығып, екеуін айырады. Қарагөз Нарша деген маңдайы жарқыраған азаматтың етегінен ұстайды. Алайда есіл дерті Сырымда болып, екеуі ел мен ата дәстүр алдында ұятқа қалады. Бірі жынданып дүниеден өтсе, екіншісі өмірден баз кешеді.
Сал сері Сырымды – танымал актер Еркебұлан Дайыров, ал Наршаны кино саласында танымал Берік Айтжанов ойнайды. Қарагөздің рөлі актриса Индира Құлмағанбетоваға бұйырған.
Мүсірепов театры балаларға базарлық жасады
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры 77-маусымында балаларды қуантады. Театрда В.Маслов, М.Супонин жазған «Ойнайық та, ойлайық…» ертегісінің премьерасы өтеді. Дегенмен спектакль тек кішкентай көрерменге арналмаған. Оны ересектер де тамашалап, балалық шаққа сапар шегіп қайта алады.
Үлкен өмірді сүретіндер қай жасқа келіп, қай кезеңде жүрсе де тәтті де, бейқам кезін сағынады. Ендеше албырт шақты қалай есте сақтауға болады? Мұны «Ойнайық та, ойлайық» спектаклінен біліңіз. Аударған – Д.Әбікеева, режиссеры – А.Зайцев.
Мүсірепов театры биылғы маусымда тағы үш премьера ұсынады. Оның екеуі әзірше құпия. Тек «Қаһар» моноспектаклі туралы айтып берейік. Режиссеры – Дина Жұмабай. Басты рөлді театрдың танымал артисі Гүлбахрам Байбосынова ойнайды. «Қаһар» қорғасындай ауыр, қылдай нәзік әйел табиғатының сырын ашуға талпынады.
Моноспектакль – артист пен режиссер бірігіп жасайтын жанкешті жұмыс.
Осындай спектакль қоюды бұрыннан ойлап жүрдім дей алмаймын, бірақ идея болды. Сосын Гүлбахрам Байбосынованы шақырдым. Таңдаудан қателеспедім деп есептеймін. Моноспектакльдің қиындығы сол, жалғыз артистен тап-таза жан дүниесі, мықты жүйке жүйесі мен нағыз эмоциялар талап етіледі, – дейді режиссер Дина Жұмабай.
Әзірше қойылымның БАҚ өкілдеріне арналған жабық көрсетілімі өтті. Моноспектакль Түркиядағы «Анкара» халықаралық тетар фестиваліне аттанды. Оралған соң премьерасы қойылады.
Алатау театрында драмалық қойылымның премьерасы өтеді
19 қазанда «Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында «Қамауда қалған арман» атты драманың премьерасы өтеді. Режиссеры – Нұржан Тұтов. Қойылымда үлкен мегаполистегі екі әйелдің өмірі, олардың жалғыздығы баяндалады. Күнделікті тіршілік деп ішкі «менін» жоғалтып алған екі тағдыр көрсетіледі.
Спектакль актриса, конференасье Марал Анарбектің сахнада жүргеніне 25 жыл толуына орай қойылған.
Қуыршақ театры «Шал мен теңіз» қойылымын ересектерге арнады
Қуыршақ театры жаңа маусымды әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» туындысымен ашты. Режиссеры – Дина Жұмабай. Қойылым түрлі сахнада талай қойылып жүргенімен, бұл жолғысы ерекше өтті – спектакль қуыршақтар образында қойылады.
Қойылым ересектер мен жасөспірімдерге арналған. Ол өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеген балықшы Сантьяго шал және марлин балығы арасындағы алыс арманға ұмтылыс пен жанкешті күресті көрсетеді.
Қаллеки театры елорда өмірін баяндайды
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театры жаңа маусымда «01» драмедиясының премьерасын ұсынды. Қойылым астананың тыныс-тіршілігіне арналған. Желісі бойынша, ауылда өскен жас жігіт үлкен қалаға әйгілі артист болу үшін келеді. Түрлі оқиға мен бір қарағанда қисынсыз жайттарға тап болады да жүреді. Сөйтіп жүріп өзіндегі адалдық, сүйіспеншілік, мейірім сияқты құндылықтары бар «өзін» таниды.
Жаңа қойылымды сахналау үшін актриса, режиссер, Алматыдағы АРТиШОК тәуелсіз тәжірибелік театрын құрушылардың бірі Галина Пьянова шақырылды.
Театрда 18 қазанда Қадыр Жетпісбаев жазған «Бала мерген» ертегісінің премьерасы өтеді. Режиссеры – Нұрфат Вахитов. Бас қаһарман Бала мергеннің досы Аққанатты мыстан кемпір қолға түсіреді. Досын құтқару үшін басты кейіпкер жау ордасына еркін еніп, ерлік көрсетеді.
Спектакль Қаллеки театрының алғашқы жылдарында жетекшілік етіп, театр репертуарының қалыптасуына еңбегі сіңген Халық артисі, режиссер Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналады.
Add comment