ГлавнаяБлог

Мамандығыңды дұрыс таңдадың ба?

Әр адам Gallup тестін не үшін тапсыруы керек

Қазақстанда мамандық таңдау неліктен үлкен мәселеге айналды?  Мұғалімдер не үшін кәсіптік бағдар беруді үйренуі керек? Арманыңдағы мамандық әрдайым мансабыңның өсуіне, табысыңның артуына көмектесе бермейді, оған не себеп? Осы және өзге де сұрақтарға профориентолог, Gallup CS34 талдаушы Бабур Әділхан жауап берді. Ол 5Q Media-ға берген сұхбатында Gallup тестінің мамандық таңдауға, әр адамның өзін тануға қалай көмектесетіні туралы да айтты. 

  • Бір сұхбатыңызда Қазақстанда мамандық таңдау үлкен мәселе екенін айтқан екенсіз. Бұл мәселе неден болды?
  • Кеңес дәуірі кезінде кәсіптік бағдар беру жүйесі болған. Ал қазір Оқу ағарту министрлігі де, Жоғары білімі және ғылым министрлігі де бұл бағытты жолға қоя алмай келеді. Оқу ағарту вице-министрі Ғани Бектайұлының айтуынша, 2019 жылдан бері елде 3 мыңнан астам профориентолог оқытылған. Екіншіден, қазір мамандықтар тез өзгеріске ұшырайды. Сол үшін адамдарға ақпарат айдынынан керегін табу қиындады. Яғни, бірінші – жүйенің жоқ болуы, екінші – табиғи процесс, мамандықтардың аз уақыт ішінде трансформацияға ұшырауы. 
  • Мұғалімдер неліктен кәсіптік бағдар беруді үйренуі керек?
  • Оқушылардың 87 пайызы мұғалім мен ата-ананың ықпалымен мамандық таңдайды. Яғни әр он оқушының – тоғызы. Демек мұғалімдер шешуші рөл ойнаса, олардың кәсіптік бағдар беруге құзыреті болуы, базалық білімі болуы маңызды. Мектеп баланы жоғары оқу орнына дайындайды, базалық білім береді. Ал жоғары оқу орнында белгілі бір мамандықты игеріп, диплом алады. Одан кейінгі саты – жұмыс. Демек, бала мектеп пен жоғары оқу орнында бір-біріне байланысы бар білім алса, ересек өмірге тез бейімделеді, бәріне дайын болады. Ал егер, сәйкеспесе, уақытын жоғалтады. Өзін іздеуге тағы да артық ресурс жұмсайды. Біздің елде адамдардың 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Бұл – үлкен мәселе. Оны шешу үшін министрлік грантта оқығандар оқуын бітірген соң үш жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуі керек деген талап қойды. Біз балаға мектепте дұрыс бағдар бермейміз, бірақ жұмыс істеуін талап етеміз. Бұл әлеуметтік шиеленіс туғызады. Мамандығын жақсы көрмейтін адам өнімді жұмыс істей ала ма, қоғамға пайдасын тигізе ала ма? Сол үшін талап етпес бұрын, балаларды дұрыс жолға сілтеуіміз керек. Оны мұғалімдерден бастап, оларға кәсіптік бағдар берудің негіздерін үйрету қажет.
  • Адамдар армандайды, сол мамандықты оқиды, меңгереді. Бірақ сонда да мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер табылады, неліктен?
  • Өйткені ол адам мамандығын саналы түрде таңдамаған болуы мүмкін. Бізде мамандық таңдауды ҰБТ тестінен кейін ойланатындар көп. Солай мамандықты қабілеті мен қызығушылығына емес, мүмкіншілігіне байланысты таңдайды. Бұл – қате. Бір мамандықты мүмкіндігіне байланысты оқып шыққан адам, бітірген соң да сондай шарасыз күйде болады. Ол кәсіпке басынан қызықпадыңыз, демек ол туралы біліміңіз де көп емес, ақыры жалақысы аз жұмысқа тұрудан басқа амалыңыз болмайды. Осыдан “жұмыс қызық емес, бастық та онша емес” деп жүретін, өміріне ырза емес адам шығады. Ал бала алдын ала, 9-сыныптан бастап қай салаға баратынын анықтап, саналы түрде таңдаса, бәрі әлдеқайда жеңіл болады. Ондай адамды алғашқы кездескен қиындықтар да сындыра алмайды. Ол жұмысқа да ерте араласып, мансабында тез өсе алады. Ал ерте тәжірибе жинаған адамның жалақысы да жақсы болады. 
  • Демек адам мықты және әлсіз қабілеттерін жақсы білуі керек. Оны қалай анықтауға болады?
  • Қабілеттерді анықтауға болатын бірқатар тестер бар. Мысалы, эннеаграмма, Майерс-Бриггс (МВТI), Говард Гарднер тесті және тағы басқа. Оларда мына қабілет басым, 70-80 пайыз деп көрсетіп бере алады. Соның ішінде Gallup тесті адамның қабілетін, қызығушылығын дәл анықтап бере алады. 34 талантты төрт блокқа бөліп, басымынан, әлсізіне дейін орын-орнымен көрсетіп береді. Оның артықшылығы: біріншіден, ғылымилығында. Екіншіден, оның нәтижесін түсіндіретін адамдардың болуы. Үшіншіден, оның тәжрибеде қолданылуы, жақсы нәтиже беруі. Жақсы не жаман талант болмайды. Жақсы таланттың минусы, жаман таланттың плюсы болуы мүмкін. Оны тиімді қолдана алу – нағыз лидердің ісі. 

“Дональд Клифтон – психолог, философия ғылымының докторы. Ол АҚШ-та позитив психологияның атасы саналады. Ал Gallup – АҚШ-тағы қоғамдық пікір институты. Институт 1935 жылы құрылған. Содан бері түрлі зерттеумен айналысады. Кейін бұл институтты Дональд Клифтон иеленді де, адамның таланттары арқылы оны өзін тануға көмектесетін атақты тестті жасап шығарды.

Тесттің ресми атауы – CliftonStrengths34. Көпшілік Gallup тест деп атап кеткен. Тестті құрастырғандар адам бойындағы негізгі қабілеттерді 34 талантқа топтастырған. Оны төрт домен бойынша бөлген. Executing доменіне жауапкершілік, ұйымдастыру, дисциплина сияқты таланттар жинақталса, influencing доменінде коммуникация, сенімділік, максимализм сияқты қабілеттер бар. Бір сөзбен айтсақ, тест орындаушы, ықпал етуші, қарым-қатынас құрушы және стратег деген төрт тип бойынша адам қабілетін анықтайды”.

Өмірді, уақытты және басқа да ресурстарды аямасаңыз, онда ешқандай тестсіз-ақ, қателерден сабақ алып, өзіңді өмір бойы іздеп, танып өтуге болады. Не болмаса, ғылымның игілігін пайдаланып, ұзақ уақыт жүріп өтетін жолды, қысқа уақытта өтудің жолын таңдауға болады. Қазіргі заманның тілі – ғылым.