ГлавнаяБлог

Қазақстандағы жастар ашқан жаңа театрлар

Кейінгі жылдары Қазақстанда тәуелсіз және жастар ашқан театрлар қатары артып келеді. 5Q Media солардың бірқатары туралы жазды

ArtKoshe 

ArtKöshe — биыл жазда Алматыда ашылған тәуелсіз театр. 

ArtKöshe атауы екі мағына береді. Біріншісі — өнер көшесі, яғни art ағылшын тілінен аударғанда өнер деген мағына береді. Екінші мағынасы – артқы көше.

“Өнерде тек дәстүрлі сахнада емес, әр түрлі локацияда перфоманс жасауға болады. Демек тәуелсіз театр атауы «ашық көше» мағынасына да келеді”, — дейді жоба авторы және продюсері Әннәс Бағдат .

Ұжымның Sen атты алғашқы мюзиклінің премьерасы 3 маусымнан бастап сахналанады. Бұл мюзикл сенім, махаббат және медиа сауат жайлы. Онда жас актерлермен қатар dudeontheguitar, Jeltoksan есімімен танылған Жарқынай Ханайым сияқты әншілер де бар.

ŞAM театры

Танымал актерлер Еркебұлан Дайыров пен Асан Мажит ŞAM атты тәуелсіз театр ашты. Тәуелсіз театр алғашқы қойылымында Қаңтар оқиғасынан 15 жылдан кейінгі бір отбасының тағдырын сахналады. Онда елде болған үлкен трагедиадан ауыр соққы алған әр адамның жай-күйі мен тағдыры көрсетіледі. 

N37 аталған спектакль Әзербайжан драматургі Исмаил иманның “Астана бақтары” пьесасының желісінен бейімделген. N37 — кейіпкердің қайғылы оқиғада қайтыс болғандардың тізіміндегі реттік саны.

Театрдың негізін қалаушы әрі актері Еркебұлан Дайыровтың айтуынша, бұл — бұрын соңды сахналанбаған, тың тақырып. 

“Сол үшін театр ұжымы болып, режиссеріміз Фархат Молдағалиевпен бірге Әзербайжан драматургінің туындысын өзімізге бейімдедік”, — деді актер. 

Театр желтоқсанға дейін тағы бір спектаклін сахналамақшы. 

“Жаңа Ғасыр” театры

Бұл театрдың бастауы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясынан басталған. Бір қызығы — театр академияда бірге оқыған курстастардан құралған, бәрі — Қазақстанның еңбек ері, халық артисі Асанәлі Әшімовтың шәкірттері. 

“Біз мұны 2017 жылы, 3-курсымызда Асанәлі ағайдың 80 жылдығында орайластырып бастағанбыз. Басында бірігіп Қазақстанның өңірлерін аралап, гастрольге шықтық. Содан кейін ғана театр болуды ойладық. Бұл ойымызды ұстазымызға айттық, ол кісі құптады. Солай бәріміз академияны бірге бітіріп, театр аштық”, — дейді театр актері Бердәулет Саяхат. 

Қазір “Жаңа Ғасыр” театрының қоржынында 10-ға жуық спектакль бар. Әдетте қойылым Алматыдағы қуыршақ театрында болады. “Жаңа Ғасыр” театрын қазір Алматы әкімдігі қаржыландырады.