Java программалаушы – түрлі тапсырма орындай алатын әмбебап маман. Java маманы өзін мобайл қолданбалар, ойындар, сайттар әзірлеуде бақ сынап, түрлі жобаға қатыса алады. Мұндай маман ешқашан жұмыссыз қалмайды. Java-да негізгі біліммен бірге басқа бағдарламалау тілдерін оңай үйренуге болады. Неліктен бұл бағдарламалау тілі соншалықты сұранысқа ие және Java программалаушы болуды қалай тез үйреніп алуға болады – толығырақ 5Q тілшісінің материалында. 

Java-ны жаңадан үйренушілер нені білуі керек?

Java – жалпы мақсаттағы көпфункционал объектіге бағытталған бағдарламалау тілі. Мультифункционал дегеніміз – Java-да түрлі қолданбалар жасауға болады, сонымен бірге объектілер құруға және олармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Java-ның басты артықшылығы – оны үйреніп, қолдану оңай әрі тиімді. Әсіресе, ағылшын тілін жетік білетіндердің оң жамбасына келеді. Kolesa Zerttey мәліметінше, Java IT мамандары арасында ең көп сұранысқа ие программалау тілдерінің қатарына кіреді. 

“Java C++, C программалау тілдеріне ұқсас, бұл тілдерде жақсы білсеңіз, Java-ны үйрену аса қиынға соқпайды. Сіздің шешіміңіз 10 жыл бұрын жазылған болса да, оны JVM (Java Virtual Machine) заманауи нұсқасында оңай іске қосуға болады. Сондықтан Java әмбебап және икемді программалау тілі саналады. Мысалы, Windows жүйесінде жазылған бағдарламаны Linux немесе Mac OS жүйесі бар құрылғыда іске қосуға болады. Бұл Java тілін оқи алатын программалаушылардың  аудиториясын арттырады”, – деді DAR University-дегі Backend-development: Java курсының тәлімгері Анна Огородова. 

IT-кардиналдар: неліктен барлығына backend программалаушы қажет ?

Анна 23 жасында бірнеше программалау тілдерін меңгеріп, ҚБТУ-да оқыды және DAR компаниясында тағылымдамадан өтті,  қазір осында backend-әзірлеуші болып жұмыс істейді.

Java программалаушылар қай салада сұранысқа ие?

Мұндай мамандар барлығына қажет, өйткені бұл бағдарламалау тілі Google, Netflix, IBM, Twitter, JetBrains, Oracle сияқты ірі компанияларда қолданылады. Оның көмегімен “Яндекс”, “Альфа-Банк”, “Сбербанк” және тіпті “Одноклассники”сияқты қосымшалардың серверлік бөліктері жазылған. Java-да Minecraft ойыны жазылған. DAR өзінің көптеген қолданбасын Java-да жазады, бұл басқа бағдарламалармен интеграциялауға мүмкіндік береді.

“Java – бұл backend тілі, қолданбаның оқырманға көрінбейтін жағын жазу үшін қолданылатын тіл. Java-ның ерекшеліктерін зерделесек, сіз басқа да тілдерді еш қиындықсыз үйренуге кірісе аласыз”, – дейді тәлімгер.

Java программалаушылар қанша жалақы алады?

Java маманының жалақысы оның жұмыс тәжірибесіне және жүктеме деңгейіне байланысты:

Junior. Жұмыс тәжірибесі 0-ден 1,5 жылға дейін-300 мың теңгеге дейін.

Middle. Жұмыс тәжірибесі 1 жылдан 3 жылға дейін-700 мың теңгеге дейін.

Senior. 3 жылдан астам жұмыс тәжірибесі – 700 мың теңгеден жоғары.

Анна Огородованың айтуынша, мансабың көтерілуі үшін hard skills-тен басқа (техникалық қабілеттер), сонымен бірге командада жұмыс істей білу және KPI орындау сияқты софт дағдыларды (жеке қасиеттер) дамыту керек.