ГлавнаяБлог

Акция сатып алуды неден, қанша теңгеден және қалай бастауға болады?

Трейдиңді жаңадан бастағандарға танымал инвестор, трейдерден кеңес 

Әлемнің ірі компанияларының табысынан қалай пайда көруге болады? Осы және өзге сұрақтарға экономист, инвестор, трейдер Еркебұлан Әріпбай жауап беріп, трейдиңді жаңадан бастағандарға кеңесін де аямады. 

Акция сатып алып, табысты трейдиң жасау үшін экономика негіздерін білу міндетті ме?

  • Бұл салада қаржы сауаты маңызды, экономикадан хабары бар адамның мүмкіндігі көп. Дегенмен, экономикалық сауаты болмаса, трейдиңмен айналыса алмайды дей алмаймыз. Өйткені мұнда жақсы талдау қабілетінен бөлек, психология, өзін-өзі ұстау, дисциплина, фокус сияқты soft skills маңызды рөл атқарады. Сондықтан экономикалық білімі міндетті емес. 

Трейдиңде үш күнде миллионер атанған оқиғаларды жиі естиміз. Ол мүмкін бе? Бір сәтте байып кету қаншалықты оңай, бұл алаяқтықпен келмей пе?

  • Үш күнде миллион теңге — табыстың шегі емес, екі күнде екі миллион тапқан кезім де болды. Бұл мүмкін, бірақ сирек кездеседі, әрі көбіне тәжірибемен келеді. Трейдиңде тәжірибеңіз аз болса, «бірден 1 миллион теңге табамын» деуден аулақ болыңыз. Иә, адамдарды жетістікке жылдам жеткендер жиі қызықтырады. Бірақ менің айтқым келгені — жетістікке ұзақ тәжірибемен, қатесінен сабақ алып, аз-аздан үздіксіз жеткен адамның оқиғасына зер салған дұрыс. 

Трейдиңді қанша теңгеден бастаған дұрыс? 

  • Комиссиядан желінбеу үшін ең аз дегенде — 300-350 доллардан бастаған жөн. Сонда бір күнде 5-10 доллар көлемінде табыс табуға болады. Ұзақ уақытқа инвестиция жасасаңыз, 10-15 доллардан бастауға болады. Ал үш күнде миллион табуды жоспарласаңыз, шотыңызда кемінде 10-15 мың доллар болуы қажет. Егер күніне 20-50 доллар тапқыңыз келсе, 2 мың долларыңыз болуы керек. Бірақ мұның бәрі іске асуы үшін тәуекел (қауіп-қатер) менеджементі дұрыс жұмыс істеуі керек. Қауіп-қатерді дұрыс есептей алатындар, 1000 доллармен бастап, күніне 100 доллар да таба береді. Бірақ оның жоғалтатын ақшасы көп болуы мүмкін. Шәкірттеріме 2% деген меже қоямын. Күніне сондай көлемде табыс тапса, жеткілікті. 

Акцияны күнде сатып алып, белсенді түрде айналысатындар мен ұзақ мерзімге бір рет сатып алып, кейін ұмытып кететіндер болады. Қайсысы жақсы табыс табады, айырмашылығы неде? 

  • Күнделікті бір іспен үздіксіз айналысу, бұл — жұмыс. Ол ойыншық емес, себебі адам трейдиңде айына 10 мың доллар, сонда жылына 120 мың доллар табатын болса, бұл жұмысқа ол немқұрайлы қарамайды деген сөз. Егер бұл қаржыны трейдиңде оңай табуға болса, онда бәрі осымен айналысар еді. Демек күнде жақсы табысқа жету үшін еңбек, білім, талдау, зерттеу қажет. Мұның артықшылығы мен кемшілігі бар. Артықшылығы: күнде табысың доллармен болады, жаңа білім жинайсың, экономикадан көкжиегің кеңейеді. Ал кемшіл тұсы — бұл жұмыс күйзеліске төзімді болуды талап етеді, эмоция, психология тұрғысында мықты болу қажет. Ал ұзақ мерзімдегі трейдиңде көп талдау жасаудың қажеті жоқ, күнде стресс болмайды. Күнделікті жаратуға қаржы қажет болса, күнде айналысқан дұрыс. Ал егер қомақты қаражатыңыз болса, ұзақ мерзімге жоспарлауға болады. Мысалы, 20-30 жылға инвестиция құйғыңыз келсе, күніне 10 доллармен немесе жылына 100 долларға акция сатып алып отырсаңыз да, жақсы стратегия. Қайсысының табысы көп десеңіз, күнделікті трейдиңде көбірек табуға болады. Дегенмен, болашағыңызға қаржы жинағыңыз келсе, ұзақмерзімді жолды таңдаған дұрыс. Мысалы, өз стратегиям бойынша айтсам, қаржымның көп бөлігі, тіпті 70%-і ұзақ уақытқа инвестицияланған. Трейдиңнен түскен табысты, инвестиция ретінде саламын. 

Түйіні: трейдиң — мамандық, онымен осы жолды таңдаған адам айналысады. Ал инвестиция — өмір салты, онымен барлық адам айналысуы керек. 

Трейдерлер акцияның түсетінін немесе өсетінін қалай біледі? 

  • Жақсы трейдер акцияның түсетінін не өсетінін болжай алады деген — қате түсінік. Оны ешкім болжай алмайды. Жақсы трейдер құлап бара жатқан акцияға реакция білдіріп, содан пайда көреді, өсіп бара жатса, соған да ілесіп, одан да табыс тауып қалады. Жалпы біз сияқты жеке инвесторларды қор нарығында шіркейге теңеуге болады. Өйткені онда 16 триллион доллар қаржы айналып жатыр. Біздің қолымыздағы 2-3 мың доллар ешкімге керек емес. Ірі ойыншылар нарықтағы заңдарды қалыптастырады, біз жай ғана оларға ілесеміз. 

Қолында 500 мың теңгесі бар адамға кеңес. Неден бастау қажет?

  • Ең тиімсіз жолы — неше түрлі видеоларды көріп алып, трейдиң деген осы екен деп, бірден брокерлік шот ашып, қолда бар қаржысына акция сатып алу. Өзім осы жолдан өттім. Мен 870 доллардан бастап, бір аптада 150 доллар табыс тауып, екі айда бар ақшамнан айырылдым. Бұл қауіп-қатерді дұрыс есептемеуден, дұрыс стратегия құрмаудан болады. Дұрысы — ең әуелі демо-шот ашу, солай нарықта не болып жатқанын түсініп, сізге берілген өтірік 2-3 мың долларды жұмсауға болады. Осылай тәжірибе жинап алып, стратегияңызды құрсаңыз болады. 

Трейдиңді кез келген адам үйрене алады, бірақ бұл оңай меңгеруге болады, дегенді білдірмейді. Егер аянбай еңбек етіп, фокусты, дисциплинаны дұрыс ұстанса, әр адам үйреніп кете алады.