ГлавнаяБлог

​​Tesla-ға жұмысқа тұру жолы қандай?

Илон Маск идеяларымен әлемді үнемі таң қалдырып келеді. Бірақ ғарышқа ұшу үшін де, жүргізушісіз, өзі жүретін көлікті құрастыру үшін де білікті мамандар қажет. Бүгінгі материалымызда Tesla компаниясына қалай жұмысқа тұруға болатыны жайлы ақпарат бөлісеміз. 

“Сіздің қайда туғаныңыз, қайда оқығаныңыз немесе қай салада жұмыс істегеніңіз маңызды емес. Егер сіз сапалы жұмыс істей алсаңыз, онда тұрақты энергетика мен өндірістің жарқын болашағы үшін бізге қосылыңыз”.

Tesla-ның сайтында осылай жазылған.

Компанияда үш бағыттағы жұмыс бар: өндіріс, байланыс және жасанды интеллектпен жұмыс. Илон Маск компаниясындағы бос орындарды Twitter-де жазып тұрады. Былтыр жасанды интеллектпен жұмыс істейтін маман іздеді. “Ғылыми дәреже талап етілмейді. Ең бастысы – AI-ді терең түсіну және нейрон желілерімен тиімді жұмыс істеу мүмкіндігі. Бұл саланы керемет біліп, бірақ жоғары сыныпты аяқтамасаңыз да, маған бәрібір”, — деп жазды Маск. 

Бір сөзбен айтқанда, ол AI саласының жілігін шағып, майын ішетін маман іздейді. Дегенмен Tesla көліктеріндегі автопилот жүйесі Python көмегімен жазылады. C++ және C программалау тілдерін білу де артық етпейді. Қандай білім алғаныңыз маңызды болмаса да, үміткер жұмысқа қабылданар сәтте білімі мен білігін көрсету үшін қиын сынақтан өтуі керек.

Бос жұмыс орындары жарияланған сайтынан 17 түрлі бағыттағы жұмыс табуға болады. Олардың көбі – автопилот және робот, инжинеринг және ақпараттық технологиялар, энергия және тағы басқа. Сайтына кірсеңіз, сізге қажет елдегі бос жұмыс орнын табу мүмкіндігі бар.

Tesla-да студенттер мен жоғары білімі бар мамандар жазғы және күзгі тағылымдамадан өте алады. Мұнда да түрлі сала бойынша таңдау бар. 

Шетел студенттерінің халықаралық компанияда жұмыс істеуге рұқсаты болуы керек. Студент аптасына кемінде 40 сағат жұмыс істей алуға тиіс. Кейбірі академиялық үлгеріміне байланысты толық емес жұмыс күнімен шектеледі. Оған қатысушы кемінде 3 ай толық толық жұмыс күнін өтеуі керек.

Тағылымдаманың көбі Кремний алқабында (АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Франциско шығанағы аймағының оңтүстік бөлігі, компаниялар мен халықаралық жоғары технологиялық корпорациялардың, соның ішінде Apple, Facebook және Google-дың штаб-пәтері орналасқан) болады. Оның кейбірін қашықтан да өтуге болады. Tesla тағылымдамада таланты мен білігін көрсете білген маманға жалақысы жоғары әрі карьерасы өсетін қызметке орналастыруға кепіл болатынын хабарлаған.

“Біздің компанияға келсеңіз, кофе тасып, қағаз көшірмесін жасап жүрмейсіз. Оның орнына Tesla-ның миссиясын орындауға үлес қосып, жетістікке жетуіне маңызды шешімдер қабылдауға атсалысасыз”, — делінген хабарламада. Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтардың жағдайы ескерілетінін жазған. Бұл туралы әңгімелесу кезінде ескертілуі керек.

Компаниядағы бос жұмыс орындары мен тағылымдаманың тізімін мына сілтемеден көріп, өтініш бере аласыз. Қосымша ақпаратты accommodationrequest@tesla.com поштасына жазып, сұрауыңызға болады.