ГлавнаяБлог

Головкин – «Канело» трилогиясы. Сіз білемейтін тарих

Қос боксшы арасындағы бәсекелестік қашан басталды? Тарихқа көз жүгіртейік

Бокс әлемі күткен Головкин — «Канело» трилогиясы аяқталды. Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек 18 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile кешенінде өтті. Мексикалық боксшы екінші рет жеңімпаз атанып, трилогияның нүктесін қойды.

Головкин мен Альварес алғаш 2011 жылы жаттығу лагерінде танысқан. Бұған ғаламтордағы боксшылардың бірге түскен фотосы дәлел. Ол кезде екі боксшы да АҚШ-тағы мансабына енді қадам басып жатқан шағы. Десе де әрқайсысының әр салмақта әлем чемпионы деген атағы бар. 

Тіпті, қос боксшы рингте алғаш сол жылы кездескен екен. Абель Санчестің лагерінде тәжірибелі Головкин мен әлі жас Альварес алты раундтық спарринг өткізген. Бұл жекпе-жек туралы бокс сарапшысы, The Ring журналының шолушысы Даг Фишер естелігінде жазған.

«Абель Санчес боксшылардың қантөгіс айқасын емес, жәй ғана жаттығуды көргісі келген. Сол себепті спарринг басталмай жатып қос боксшыға бұл жайлы түсіндірген. Жекпе-жек алты раундқа созылды. 

Алғашқы кезеңде «Канело» басымдық танытып, көп соққылар жасады. Дегенмен Головкин қорғаныста мығым болды. Екінші кезеңнің аяқталуына аздаған секундтар қалғанда «Канело» ашық шабуылға шыққан. Ұзақ өтпестен бұл шешіміне өкінген де болар. Себебі Головкин оған сол қолымен жойқын жасап, есеңгіретіп тастады. 

Жекпе-жектің соңғы раундында Альварес айқын белсенділік танытты. Артқа шегінер жол жоқ екенін түсінгендей шабуылға шықты. Головкин де қарап қалмай, барынша соққыларын дарытуға тырысты. Осылайша, соңғы кезеңде қос боксшы бірдей дәрежеде жұдырықтасты. Дегенмен бұл жекпе-жек Головкиннің пайдасына шешілгені анық», — деп жазады Даг Фишер спарринг туралы естелігінде. 

21-ге енді толған «Канело» Головкиннің тәжірибесіне қиындықпен болсын тойтарыс бере алды. Дәл осы спаррингтен соң жарты ай өткенде Triple GGG 18 маусым күні Кассим Оуманы нокаутқа түсіріп, WBA чемпиондық белбеуін қорғап қалды. Ал бір күн өткеннен соң Сауль Альварес британиялық Райан Рудсты жеңіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. 

2014 жылы «Канело» HBO телеарнасымен келісімшартқа отырғанда Головкинмен жекпе-жек туралы алғаш рет сөз қозғалды. Араға бір жыл салып WBC Сауль Альварес пен Мигель Котто арасында жекпе-жек өткізуге келісіп, жеңімпазды Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға міндеттеді. Аталған айқаста «Канело» Коттодан басым түскенімен ұзақ уақыт Головкинмен жекпе-жек өткізуге келіспеді. Жеті айдан соң чемпиондық белбеуден бас тартып, WBC белбеуі Головкинге өтті. Осылайша, қос боксшы арасындағы алғашқы ресми жекпе-жек кейінге қалды.

Тек 2017 жылы Головкин мен Альварес жекпе-жек өткізуге келісіп, қыркүйек айында шаршы алаңда қайта кездесті. Бұл жекпе-жекке Головкин төрт бірдей чемпиондық белбеудің иегері ретінде келсе, Сауль Альварес тәжірибе жинақтаған, қарсылас шақ келтірмейтін «құбыжық» дәрежесінде шықты. 

Екі боксшы кездеспей жатып сарапшылар мен жанкүйерлер айқасты «жыл жекпе-жегі» деп атап кетті. Дегенмен көптен күткен «ұлы тойдың» арты дауға ұласты. Головкин жекпе-жекте Альварестен айқын басым болғанына қарамастан төрешілер тең нәтижені тіркеді. Бокс сарпашылары мен жанкүйерлердің басым көпшілігі Головкинді жеңіске жетті деп санап, нәтижені қайта қарауға шақырды. Десе де боксшылар шаршы алаңға кетпей жатып қарымта жекпе-жекті өткізуге келісті. Алайда келер жылы Альварес допинг бақылаудан өте алмай, жарты жылға спорттан шеттетілген. 

Осы жағдайдан кейін Головкин «Канелоны» «таза емес» деп айыптап, алғашқы жекпе-жекте жеңісін «ұрлағанын» мәлімдеді. Қарымта жекпе-жектің келіссөзі ұзақ жүріп, соңында промоутер Оскар Де Ла Хойя айқастың болмайтын түрі бар екенін жеткізді. Дегенмен тараптар бір келісімге келе алды.

Қос боксшы жекпе-жекке екі күн қалғанда ғана бетпе-бет келіп, көз түйістіруден бас тартты. Жанкүйерлер боксшылар арасында бәсекелестік қана емес, өшпенділіктің бар екенін байқады. Ал боксшылар болса айқас алдындағы баспасөз конференцияларында бір-бірінің шамына тиіп, «жанды» жерлерін басып отырды. 

Жекпе-жекте «Канело» шаршы алаңның қақ ортасына жайғасса, Головкин екінші нөмірмен жұмыс істеуге мәжбүр болды. 12 раундқа жоспарланған айқаста екі боксшы да құламай, соңына дейін тік тұрып жұдырықтасты. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша бір төреші жеңісті Головкинге берсе, екеуі Альваресті жеңімпаз деп таныған. Осылайша, «Канело» Головкинді кәсіби рингте жеңген алғашқы боксшы атанды. 



Осы айқастан кейін бокс әлеміне DAZN стриминг жүйесі қосылды. Альвареске 12 жекпе-жекке 285 миллион доллар, ал Головкинге 6 айқас үшін 100 миллион доллар ұсынып, өзінің қарамағына алды. Осыдан кейін жанкүйерлер Головкин мен «Канело» үшінші рет кездесетіні күмән келтірмеді. Алайда трилогияны төрт жыл күтуге тура келді. Әлемдегі коронавирус ахуалы, Альварестің салмақ ауыстыруы секілді себептерге байланысты боксшылар ұзақ уақыт кездеспеді.

Головкин — «Канело» тарихының нүктесі трилогияда қойылды. Қарымта айқастан кейін Головкин төрт боксшыны жеңісе, Альварес сегіз жекпе-жек өткізіп үлгеріп, мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады.

Қос боксшы арасындағы үшінші жекпе-жекте «Канело» төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Ал Головкин кездесуден соң «Альвареспен бәсекелестік соңына жеткенін айтып, енді басқа боксшыларға назарын бұратынын мәлімдеді».