ГлавнаяБлог

Тайм-менджменттің бәріне қолайлы 7 алтын техникасы

Эмоциялық "кәсіби күюден" сақтайтын, жұмыс өнімділігін арттыратын техникалар

Барлық адамға ортақ, тәулігіне бірдей бір ғана уақыт – 24 сағат бар. Бірақ оны әркім әрқалай қолданады. Біреудің мұрнына су жетпей жатса, бірі айды аспанға шығарарып, тау қопарады. Бұны бір ғана сөйлеммен түсіндіруге болады: мәселе адамның уақытты басқара білуінде — тайм-менеджментте.

Тайм-менеджмент — уақытты саналы түрде бақылау мен ұйымдастыра білу әдісі. Оның көмегімен мақсатыңыз бен міндетіңізге уақытында қол жеткізе аласыз, өнімділігіңізді, тиімділікті арттырасыз. Ол тек бәріне үлгеру үшін қолданылмайды. Мақсаты — үйілген істің арасынан ең маңыздыны бөліп алып, тек соларды орындауға уақыт, энергия арнау.

Кейінгі рет қашан жоспарлаған ісіңізді уақытында орындай алмағаныңызды еске түсіріп көріңізші. Бір тәулікте неге 30 емес, 24 сағат қана деп өкінген сәтіңіз болды ма? Бұл жағдай таныс болса, міндетті түрде тайм-менеджментке көңіл бөліңіз, техникаларын пайдаланып көріңіз.

Тайм-менеджменттің басты принциптері

Уақытты ұйымдастыру процесі сағат механизмі сияқты жүруі үшін бірнеше маңызды қағидаларды ұстану қажет.

  • Мақсат қою. Мақсат пен нәтижені нақты тұжырымдаңыз – бұл жарты жолды жүріп өткенмен тең.
  • Басымдылық. Не нәрсе сізді мақсатыңызға тезірек жақындататынын түсінуіңіз керек.
  • Жоспарлау. Күнге жоспар құрып, оны қатаң түрде орындаңыз.
  • Тәжірибеге талдау. Жоспар белгілі бір жағдайларда қалай әрекет ететініңізге негізделген. Соған қарай әрдайым талдау жүргізіп отырыңыз.
  • Демалыс. Сарқылған энергияны толықтырып отыру керек, сондықтан демалысты жоспарға қосуды ұмытпаңыз.
  • Мотивация. Әдетте, бұл — алға қойған мақсаттың нәтижесі. Қызықсыз немесе қиын тапсырмаларды орындаған кезде өзіңізге шағын сыйақылар беруіңізге болады. Сондай-ақ жазалау әдісі бар — егер іс жасалмаса, қандайда бір жағымды нәрседен өзіңізді тыясыз.
  • Көмекші сервистерді пайдалану. Бұл әртүрлі сайт, компьютердегі немесе смартфондағы қолданбалар болуы мүмкін.

Тайм-менеджмент техникалары

Pomodoro

Бұл техника фокусын жылдам тайдырып, басқа нәрсеге көңілі бөлініп кете беретін адамдарға жақсы көмектеседі.

Pomodoro былай жұмыс істейді: таймерді 25 минутқа қосасыз. Бірден жұмысқа кірісесіз. 25 минут өткен соң 5 минут демаласыз — осылай жалғастыра беру керек. Төрт цикл сайын жарты сағат үзіліс жасайсыз.

Бұл техника өте танымал. Соған орай  Pomodoro-ның смартфон мен компьютерге арналған түрлі қолданбасы бар.

pomodoro timer

90/30 тәсілі

Бұл тәсілді әйгілі Тони Шварц, Buffer сервисінің негізін қалаушылардың бірі Лео Видрич, әдебиет сыншысы Бенджамин Че Кай Вай және кәсіпкер Томас Оппонг қолданады.

Оның мәні мынадай: 90 минут бойы қызу жұмыс істейсіз, содан кейін жарты сағат демаласыз — осылай циклді қайталау керек. Алғашқы 90 минутты сол күні орындауыңыз керек ең маңызды тапсырмаға арнаңыз, ал келесі сегменттерді маңызына қарай бөлесіз.

«Канбан»

Қандай жұмыс істеп жатқаныңды, не істегеніңді және жоспарда қандай іс тұрғанын бақылауға тиімді жапон әдісі. «Канбан» жұмыс процесін визуализациялайды.

канбан

Тақтаға стикерлерді үш бағанға бөліп жабыстыру керек (немесе Trello сияқты менеджерге тіркелуіңіз қажет): «Орындау керек», «Орындалды», «Орындалып жатыр». Күн тәртібіңізде тұрған істерді осы бағандарға бөліп қойыңыз.

 «1-3-5» ережесі

Жұмыс уақыты әрдайым шектеулі, «1-3-5» ережесі оны барынша ұтымды қолдануға мүмкіндік береді.

Бір күнде бір ғана үлкен, үш орта және бес кіші тапсырманы орындауға болады. Барлығы — тоғыз іс, одан артық та, кем де емес. Ереже бәріне үлгеруге жәрдемдеседі, шамадан тыс жұмыс істеп «кәсіби күюден» сақтайды.

 «10 минут» тәсілі

Қандайда бір істі орындауыңыз керек, бірақ кірісіп кетуіңіз қиын болып отыр ма? Онда өзіңізге: «Бұны тек 10 минут жасаймын, содан кейін демаламын» деп айтыңыз. Көп жағдайда іске бір кірісіп алсаңыз, тоқтамай жалғастырып кетесіз.

Running Out of Time

 «Бақаны жеп қою»

Бұл тәсілді — Eat That Frog — әйгілі оратор, бірнеше кітаптың авторы Брайан Трейси ойлап тапқан. Ол «бақа» деп өзіңе ұнамайтын, бірақ жасалуы қиын, міндетті түрде орындауың керек істерді айтады. Әр күннің басында бірінші сондай жұмысты – «бір бақаны» жеп қойыңыз. Сонда арқаңыздағы ауыр жүк жеңілдей түседі, күні бойы көңіліңіз көтеріңкі болады.

Хронометраж

Қолға дәптер алып, барлық әрекетіңізді және оған қанша уақыт жұмсағаныңызды жазыңыз. Дәлдік 5-10 минут арасында болсын. Жұмыс барысын, кездесулерді, тынығу сәтін, тіпті Instagram-да отырған уақытыңызды – түгел қалдырмай жазып отырыңыз. 1-2 апта бойы тек жазыңыз. Содан кейін дәптерді парақтап шығыңыз. «Хронофагтарыңыз» бірден бадырайып көрініп, өзіңіз-ақ қорытынды жасай бастайсыз.