ГлавнаяБлог

Күзді қалай дұрыс жоспарлау қажет?

Егер 2022 жылға ғаламат жоспар құрып, бірақ кейбіріне қол жеткізу әлі де мүмкін болмай жатса, білек сыбанатын сәт туды

Күз – аптап ыстық пен демалыстың аяқталғанын, ұзақ түндердің қысқарғанын хабарлайтын жаршы ғана емес, бір жылдық жоспарды иіретін тиімді кезең. Сізде әлі бір толық мезгіл әрі қосымша бір ай бар. Біз оны тиімді өткізуіңізге көмектесетін кеңес әзірледік.

1. Күн тәртібіңізді ретке келтіріңіз

Бұл – ең бірінші қадам. Еңбек демалысынан, жазғы каникулдан оралғандар, оқуға бет бұрғандар бұны амалсыз орындайды. Бірақ фрилансерлерге, қашықтан жұмыс істейтіндерге, үйде отырған аналарға не істемек керек? Кімге де болсын әуелі ұйқы режимін ретке келтіру қажет.

Дедлайны қызып тұрған, істелуі міндетті істерді күннің алғашқы бөлігіне жоспарлап, кешкі уақытты «үкі» режимінде жұмыс істеуге емес, демалысқа, сананы, бойды босаңсытуға арнаңыз. Бұл ағзадағы кортизол деңгейін ретке келтіруге жәрдемдеседі, стресті азайтады. Ал стресс – тек энергия шығыны.

Ереже қарапайым: күнделікті бір уақытта ұйқыға жату, 7-8 сағат тынығу. Плюс – күннің екінші бөлігінде ешқандай кофеин тұтынбау қажет, жатар алдында жарықты азайтыңыз (әсіресе, гаджет экранына барынша үңілмеңіз) және белсенді дене жаттығуын жасамаңыз. Кешкі серуен, таза ауа жұту тек пайдалы болмақ.

2. Медициналық check-up

Күзді жоспарлау дегенде ойыңызға бірден түрлі планер, Кайдзен тәрізді тиімді жоспар тәсілдері, кестелер елестеген болар. Олар қаншалықты маңызды болса да, күз басталғандағы маңызды шаруаңыз ағзаңызға көңіл бөлуден басталуы қажет. Қыркүйектің өзінде ЖРВИ саны жаз мезгілімен салыстырғанда айтарлықтай өседі. Иммунитет төмендейді, бұған аденовирус, риносинцициаль вирус, тұмау және парагрипп сияқты маусымдық вирустық аурулар және әрине коронавирус та жағаласуы мүмкін.

Медициналық чекапты терапевтке барудан бастауыңыз керек. Ол тексерістің «алтын стандартын» тағайындап береді — клиникалық және биохимиялық қан анализі, жалпы зәр мен нәжіс талдамалары, функционалдық, ультрадыбыстық және радиологиялық диагностика (олар әдетте мыналарды қамтиды: ЭКГ, қалқанша бездің, жамбас және құрсақ мүшелерінің ультрадыбыстық зерттеуі, кеуде қуысының рентгенографиясы және тағы басқалары), — дейді отбасы дәрігері Гүлзат Қопанова.

Check-up аясында тіс дәрігеріне де, гинекологқа да көріну қажет. Талдаулар мен зерттеулердің нәтижелері дәрігерге барлық өмірлік маңызды жүйенің жұмысы туралы ақпарат береді. Олар қабыну процестерінің болуын немесе болмауын көрсетеді, инсульт немесе инфаркт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларының ықтимал қаупін анықтайды. Кейбір зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, метаболизмнің күйін, ағзадағы дәрумендер мен минералдардың тепе-теңдігін талдауға болады.

Дәрігерге қаралу ретінің чек-парағын мына жерден жүктеп алыңыз.

3. Артық заттан арылып, керегін іріктеңіз

КонМаридің «Мына зат маған қуаныш сыйлай ма, жоқ па?» деген әйгілі сұрағын қоя отырып, үйіңіздегі көпе-көрінеу заттың бәріне ревизия жасап шығыңыз. Сізді «қуантпайтын» артық дүниенің барлығымен қоштасыңыз. Бұл тек үйіңізді ғана емес, жан дүниеңізді, санаңызды босатпақ. Солай жаңа кезеңге, құлшынысқа еркін өте аласыз. Сеніңіз.

Керек-жарақпен қамдануды да ескеріңіз. Жылы киімдеріңізді сайлаңыз, бұрыннан барын ретке келтіріңіз. Күздің түнерген, бұлтты күндерін көңілді сәтке айналдыру үшін шопингке шығыңыз. Ол кезде де КонМаридің сауалына жауап табуды ұмытпағайсыз.

4. Үйіңізді комфорт мекенге айналдырыңыз

Лев Толстойдың «Үйінде бақытты болған адам бақытты» деген сөзі есіңізде болар. Үйіңізге тек тазалық жүргізіп қана қоймай, оны нағыз тынығатын мекенге айналдырыңыз. Отбасы мүшелеріне көңіл бөліңіз. Бәлкім, қазір жаздың шуақты күндерімен сабақтасқан қыркүйек — жылы кезең болғанымен, қазан бастала сала жаңбырлы, желді күндері денеңіз ғана емес, жан дүниеңіз жылуды аңсары анық. Бұған тек физикалық тұрғыдан ғана емес, мораль жағынан да әзір болыңыз.

Сыйлық әзірлеңіз, үй ішін сәндеңіз. Отбасы мүшелерімен бірге күз мезгіліне орай фильмдер мен кітаптар тізімін құрыңыз. Соған сай әр уикендті қызығырақ өткізіңіз.

5. Күзге жеке жоспар құрыңыз

Бұл – енді нағыз жоспар. Жыл басында құрған жоспарыңызды қайта қолға алыңыз. Анализ жасаңыз, артта үш мезгіл қалды. Сол кезеңнен не түйдіңіз. Қаңтарда жасалған жоспар ішінен ең маңыздылары іріктеліп қалған болар. Бәлкім, ағылшын тілін жетілдіремін деген мақсат әлі сол күйінде тұр ма? Күнделікті дене жаттығуын жасаймын, қаржылай жағдайымды түзеймін деген жоспар болған шығар. Ең бірінші ереже – өткен күнге өкінбеңіз. Дизмораль күй мақсатқа жетуге жақсы көмектеспейді.

Дұрысы, құндылықтарға мән беріңіз. Содан кейін қадам-қадаммен жүруге бейімделіңіз.

1-қадам. Барлық істі, тапсырманы тізіп шығыңыз 

Сіз үшін не маңызды екенін түсініп алу қажет. Өтіп бара жатқан жылға көз жүгіртіп, маңыздысын іріктеп алыңыз. Ол үшін миыңызда жүрген барлық жұмысты, қалауыңызды тізіп жазып шығыңыз. Олардың орындалуы қаншалықты мүмкін-мүмкін емес — бәрін жазыңыз. Әдетте бүкілін жазған кезде сол істің шешімі де ойға келеді. 

Әр ойды стикерге жазып, тақтаға жабыстырып шығуға болады. Бұл миыңыздағы жалпы картинаны көруге ыңғайлы. Кейіннен компьютерге, смартфонға ауыстыра бересіз.

2-қадам. Маңызына қарай бөліңіз

Тақтада тұрған стикерлерді немесе дәптердегі тізімді маңызына іріктеп шығыңыз. Бұл іс кімге бақыт сыйлайды? Сізге, қоғамға, белгілі бір адамға?  Пайдасыз істі ұмытуға болады. Сонда бәрі жеңілдей түседі.

Іріктелгендерді «қалаймын» және «орындауым керек» деген екі пунктіге бөліңіз. «Мені бақытты ететін істер» және «басқаға немесе қоғамға пайдалы істер» деп тағы екі бөлікке бөлуге болады. Сонда барлық тапсырманың ішінде өзіңізге де ұнамайтын және басқаға да пайда әкелмейтін істер анықталады.

3-қадам. Әр салаға бөліңіз

Өмір тек отбасыдан немесе жұмыстан ғана тұрмайды. Сол себепті салаларға тең көңіл бөлген жөн. Бұл өмірдегі жалпы баланс үшін, тек бір бағытта «күйіп» кетпеу үшін қажет. Жоғарыдағы іріктелген тізім енді отбасы, жұмыс, жеке даму, спорт, қоғамдық жұмыстар деген сияқты салаларға бөлінуі керек. Сол кезде қай бағытқа аз көңіл бөлетініңізді, неден ақсап тұрғаныңызды байқайсыз.

4-қадам. Дедлайндарды анықтаңыз 

Ойда жүрген істерді нақтылап алдық, салаларға бөлдік. Енді орындауға кірісуіміз керек. Ол үшін кесте құрамыз. Онда орындауыңыз қажет істер, оның жоспары мен аяқталғаны жазылады.

Кестені «Орындауым керек», «Орындалып жатыр», «Орындалды» және «Бүгін» деп төрт бағанға бөлу керек. Осы төрт бағанға бір айда жүзеге асуы керек іс жазылады. Нақты уақытқа жоспарланған немесе процесс басталған іс болса, онда ол «орындалып жатыр» бағанына түседі. Дәл бүгін сол іске қатысты нақты бір жұмыс болса, оны «бүгін» бағанына орналастырып, тек соны орындауға әдеттену керек. Ал жоба толық біткенде «орындалғандардың» арасына түсіресіз. 

Ауқымды жоспар бөліктерге бөлінгенде аз көрініп, орындау жеңілдей түседі. Бастысы — жігеріңізді жоғалтпай, мақсатқа қадам басу, үнемі әрекетте болу және тағы бір бақытты жылды қорытындылау.