ГлавнаяБлог

Naiza 42. «Кейінгі 10 жылдықтағы ең керемет жекпе-жек»

Кештің басты жекпе-жегінде Әліби Ыдырыс аса жеңіл салмақтағы Naiza лигасының чемпиондық белбеуін бразилиялық Флавио Да Сильвадан қорғады. Жанкүйерлер тартысқа толы 11 жекпе-жектің куәсі болды. Алматыдағы байрақты бәсеке бұл жолы жабық форматта өтті.

Кеш көркін Қазақстан мен алыс-жақын шетелден келген спортшылар қыздырды. Оның ішінде жанкүйерлер чемпион Әліби Ыдырыс, тәжірибелі Жұман Жұмабек, Санжар Тәжиев сияқты файтерлердің өнерін асыға күтті.

Басты жекпе-жекте қазақстандық файтер Әліби Ыдырыс белбеуін қорғаса, бразилиялық Флавио да Сильва чемпиондыққа ұмтылыс жасап көрді. Бұған дейін жеңіліс дәмін татпаған Әліби Ыдырыс қарымды қарсыласқа қарсы сынақты оңай еңсерді. Бес раундқа жоспарланған жекпе-жекте қазақ файтері қарсыласынан басым екенін айқын көрсетіп, айқастан соң төрешілерге жеңіске лайық екеніне күмән қалдырмады.

Осылайша, Әліби Ыдырыс кезекті мәрте сегізбұрыштан жеңімпаз ретінде шығып қана қоймай, лига тарихына белбеуін екі мәрте қорғаған спортшы ретінде енді.

Naiza лигасының экс-чемпионы Жұман Жұмабеков пен коян-қолтык ұрыстан және жекпе-жектен спорт шебері Отар Нұрбек арасындағы жекпе-жек те Naiza 42 турнирінің көркін кіргізді. Жекпе-жек жойқын соққылармен алмасып, тік тұрып жұдырықтасқан спортшылар екінші раундқа партерге қарай ауысты. Жұман Жұмабеков алдымен қарсыласын бірнеше соққымен есеңгіретіп, артынша қылқындыру әдісімен Отар Нұрбекті жеңілуге мәжбүр етті.

«Бір жыл жекпе-жекке шықпағаным әсер етті. Соққы алмай ояна алмайтыным бар. Мүлде оянбай қалсам, мүлде жаман болар еді. Отарды жақсы білемін. Бірінші раундта екі жойқын соққысы тиді. Екінші раундқа шығарда бұрыштағы көмекшілерім кеңесін айтып жіберді».

Жұман Жұмабеков өзін ұтқан Айжігіт Еркебайұлымен қарымта жекпе-жек өткізгісі келетінін де айтты.

«Болашақта 61 келіге түсе алмай жатсам, 66 келіде күтемін. Спарринг болса да, кездесуге дайынмын. Саған ешқандай өшпенділік жоқ, тек спорт. Белбеу мен қарымта жекпе-жек деген таңдау болса, Айжігітпен жұдырықтасуды таңдар едім».

66 келіге дейін салмақ дәрежесінде қазақстандық Райымбек Орынбай мен әзірбайжандық Эльнар Ибрагимов кездесті. Сарапшылар қос спортшының деңгейі бір екенін айтып, жекпе-жектің тартысқа толы болатынын болжаған.

Үш раундқа созылған жекпе-жек тартысқа да, соққыға да толы болды. Екі спортшы белсенді шабуылдап, жекпе-жектің көркін кіргізді. Айқас соңында төрешілер жеңімпазды ұзақ анықтай алмай, пікірлері қақ жарылды. Төрешілердің басым бөлігі жеңіске Райымбек Орынбай лайық деп таныды.

Өзге жекпе-жектердің нәтижесі:

Әкімжан Хашимов (Қазақстан) — Рахматило Солиев (Өзбекстан): Әкімжан Хашимов төрешілер шешімімен

Бағдат Жұбаныш (Қазақстан) — Султанбек Оразмат уулу (Қырғызстан): Бағдат Жұбаныш

Айбек Бекболатов (Қазақстан) — Ибрагим Смайылхан (Қазақстан): Айбек Бекболатов техникалық нокаутпен

Вероника Борисова (Ресей) — Назик Медербекова (Қырғызстан): Вероника Борисова сабмишнмен

Дастан Амангелді (Қазақстан) — Асылжан Таскет (Қазақстан): Дастан Амангелді төрешілер шешімімен

Амирхон Алихожаев (Өзбекстан) — Санжар Тәжиев (Қазақстан): Амирхон Алихожаев техникалық нокаутпен

Нұрбек Қабдрахманов (Қазақстан) — Хазар Рустамов (Әзірбайжан): Нұрбек Қабдрахманов сабмишнмен

Мохаммадреза Сагеди (Иран) — Абдула Исаев (Ресей): Абдула Исаев техникалық нокаутпен

Турнирден соң Naiza лигасының президенті Нұрбек Қарабала жарысты қорытындылап, ойын айтты.

«Әліби мен Мадруганың айқасы — кейінгі 10 жылдықтағы ең керемет жекпе-жек. Бұдан асып түсетіні жоқ. Екі батыр соңына дейін күресіп, мықты айқас көрсетті.

Санжар Тәжиев жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады. Егер шыдап, соңына дейін күрескенде бұл да бір керемет айқас болатынына күмәнім жоқ.

Бүгін кард жақсы жасалған, 80% жекпе-жек көңілімнен шықты. Қарсыластар деңгейлес, мықты айқас көрсете білді. Өкінішке қарай, Айжігіт пен Еркебайұлының жекпе-жегі өтпеді. Алдағы уақытқа жоспарлаймыз», — деді лига президенті Нұрбек Қарабала.