Кеңістікті кәсіби ұйымдастырушы Айгүл Манапова үйдегі дүниені ретке келтіру процесін үш кезеңге бөлуді ұсынады: қоқыстарды лақтыру, заттарды сұрыптау және сақтау орындарын ұйымдастыру. Бұл тәсіл бір бөлмелі пәтер үшін де, екі қабатты зәулім үй үшін де бірдей универсал көмектеседі.
– 3 жыл бұрын ішкі кеңістікті дұрыс ұйымдастырғаннан кейін өз үйіме ғашық болдым. Сосын «Жинақы өмірдің таңғажайып құпиясы» кітабын оқып, үйімді ретке келтірдім, тіпті осындай мамандық бар екенін білдім, сөйтіп курстардан өттім. Бұрын маған үйім ұнамайтын, тіпті талай рет көшкім келді, бірақ бар болғаны кеңістікті сауатты ұйымдастыруым қажет екен. Біреуге гардеробты ретке келтіру үшін 2 сағат жеткілікті болуы мүмкін, ал енді біреуге 10 сағат та жетпейді, – дейді Айгүл Манапова.
Үйіңізді ретке келтіруге, оны күтіп ұстауға 5Q лайфхактары да көмектеседі.
1. Мари Кондо әдісі
Керек емес заттар мен киімдерден құтылу қиын болуы мүмкін. Бірақ жапон тазалық сарапшысының қарапайым сұрағы олардың тағдырын біржола шешуге көмектеседі: «Бұл нәрсе маған пайда мен қуаныш әкеле ме?». Егер жауап «жоқ» болса, одан құтылу соншалық қиын емес.
2. Капсула гардероб
Киімді тазалап, сұрыптағаннан кейін, оларды стильге, жағдайға және түске байланысты біріктіріп, комбинациялар жасауға болады. Мысалы, 3 төменгі x 4 үстіңгі киім = 12 образ және әрбір опцияға пиджак қоссаңыз, 24 вариация аласыз.
20 күн ішінде айналдырып киюге болатын образды тіпті 8 киімнен құрастыруға болады. Оларды аксессуарлар, шарфтар, зергерлік бұйымдар, түрлі аяқкиім, сөмкелер және әртүрлі аксессуармен түрлендіруге болады. Сондай-ақ гардеробтағы заттарды түрі бойынша сұрыптау оңайырақ: үстіңгі, астыңғы, ішкиім, шұлық, үй киімдері. Эстетика үшін бәрін түс бойынша сұрыптауға және гардеробта қандай түстер көбірек екенін түсінуге болады, келесі шопингте нені өзгерту керек екенін де байқайсыз.
3. Ықшам орналастыру
Жылжымалы сөрелерге киімдерді орап, бір қатарға қою ыңғайлы, ал шкафтың сөрелеріне футболкаларды, жемпірлерді және джинстарды сұрыптай отырып, біркелкі бумалар қалыптастыру тиімді. Үлкен заттарды (жүннен тоқылған жемпірлер, қалың киімдер) немесе сирек киілетін киімдерді сөренің артқы жағына жіберуге болады. Міне, киімдердің мыжылып қалмауы үшін және ең аз орын алатындай етіп бүктеудің жақсы үлгісі – осы.
4. Маусымдық аяқкиім
Аяқкиімді «қазір қажет» және «кезегін күтеді» принципі бойынша сұрыптап, әртүрлі шкафта сақтау жеңілірек. Әрине, қазір киетін аяқкиім үшін ең жақын, оңай ала салатын шкафты таңдайсыз. Өкшесі бар аяқкиімді өкшесінен ілуге болатын дөңгелек бөренеге, ал ұзын етіктерді киім ілгіштері бар ілгіштерге іліп қоюға болады. Дәліздің өлшеміне байланысты әрбір аяқкиімге арналған ұяшықтарды салуға болады.
5. Көзге көрінетін тұстардағы минимализм
«Remodelista. Жайлы үй» кітабының авторы Джулия Карлсон асүй құралдарын асүй тартпасында сақтауға, пышақтарды магнит тақтаға жабыстыруға және мультипісіргіш, тостер, гриль сияқты басқа да жабдықтарды асүй шкафының ең үлкен бөлігіне салуға кеңес береді. Көзге көрінетін тұста максимум графин су, жемістер мен гүл салынған ваза тұруы керек.
Егер бұл нұсқа тым минималистік болып көрінсе, асүйге лайық «натюрморт», ағаштан жасалған науаларды немесе ағаш ыдыстарды қоюға болады. Әрі ыңғайлы, әрі эстетикалық. Мұндайға мысал ретінде YouTube блогері Екатерина Гурьянованың арнасын тамашалауға болады.
Жуынатын бөлмеге келетін болсақ, банкалар мен бөтелкелер барлық көлденең бетте бос тұрмауы керек. Барлық косметика мен тұрмыстық химияны жәшіктерге, органайзерлерге және шкафтарға салған жөн: жууға, тазалауға, аяқкиімді тазалауға, күтуге, ваннаға түсуге арналған және тағы басқалары деп бөлу керек.
6. Заттарға арналған контейнерлер
Контейнерлерді әуелі үйдегі ең проблемалы орындар үшін пайдалану керек. Сондай-ақ жиі және сирек қолданылатын дәрі-дәрмектерді бөлек ыдыстарда сақтау ыңғайлы. Алғашқы медициналық көмек жинағын да бөлек контейнерге салыңыз. Әдетте ас үйдегі үстіңгі сөрелер дәрі-дәрмектерді сақтауға тиімді. Жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді арнайы жинау орындарында апарып, кәдеге жарату үшін тапсырған дұрыс.
7. Баланың керек-жарақтарына арналған орын
Үйде бала болса, оның заттары барлық жерде болады. Оларға әр бөлмеде жәшік немесе сөре арнау оңайырақ. Мысалы, асүйде – альбомдар мен қарындаштар салынған сөре, қонақ бөлмеде – ойыншықтары бар қорап және тағы басқа. Бұл қағида балаға тәртіпке дұрыс көзқарасты үйретуге көмектеседі. Болашақта ол да өз үйіндегі, кеңседегі, оқу орнындағы кеңістікті сауатты ұйымдастыра алады.
Нагиса Тацуми «Тазалықтың балаларға арналған таңғажайып құпиясы» кітабында жазғандай: «Балалардың проблемасы олардың қаламауында емес, олар мұны қалай жасау керегін әлі білмейді».
8. Қақпақтар бөлек, ыдыстар бөлек
Үлкен болуына байланысты ыдыс-аяққа асүйден қолайлы ыңғайлы орын табу қашанда оңай емес. Біреу асүй шкафының қуыстары мен пештің төменгі сөрелерін қолданып кетеді, біреулер кей ыдысы мен табаларды іліп қояды. Бірақ қақпақтар мен кәстрөлдерді уақытша бөлек қойса, дұрысырақ болар еді. Қақпақтарды сөрелердің ортасын бөлгіштерге немесе шкаф қуыстарына тігінен қойсаңыз болады – бәрі қиялыңызға байланысты. Ал кәстрөлдер мен басқа өлшемді ыдыстарды «матрешка» схемасы бойынша бір-біріне кигізу керек.
9. Стикерлер
Бір заттың орнын жақында ғана ауыстырсаңыз, қайда қалғанын ұмытып, бәрін қопарып кетпеуіңізге стикерлер көмектеседі. Киім қыстырғыштардың, жарманың, дәрі-дәрмектердің және тағы басқа ұсақ заттардың қайда екенін ұмытпайсыз. Егер сізден басқа адам үйге тазалық жүргізсе, онда заттардың орнын шатастырмайды. Ең бастысы, бұл стикерлер, белгілер көзге көрінбеуі керек. Жабық есіктің ар жағында деген сияқты мекендерден орын тапқаны жөн. Бұл эстетика тұрғысынан дұрыс.
10. Ұсақ заттарға арналған органайзер
Бұл есіктің жанындағы орындық немесе сөре болуы мүмкін, оған кіргенде немесе шыққанда телефонды, кілттерді, түбіртектерді ұмытып кетпеу үшін қоюға болады. Кәрзеңке, қорап немесе шағын заттарға арналған контейнер: тиындар, қағаз қыстырғыштар, резеңке таспалар, тағы басқалары үшін пайдалы болады.
Біз сондай-ақ үйдегі кеңістікті дұрыс ұйымдастыру саласындағы мамандар тәжірибесін, кеңесін бөлісетін әдебиеттер тізімін ұсынамыз:
- Никки Бойд, «Менің мінсіз үйім»
- Алсу Мұхамедшина, «Тәртіп уақыты»
- Кассандра Аарссен, «Тазалау емес, өмір сүру уақыты»
- Анна Семёнова, «Дом в радость»
- Кортни Ковер, “333-жоба. Гардеробта және өмірде заттарды ретке келтіруге арналған сәнді челлендж”
- Нагиса Тацуми, «Тазалықтың балаларға арналған таңғажайып құпиясы»
Add comment