Өтінімдер otbasybank.kz платформасында қабылданады. Ол үшін сіз «Отбасы Банкінің» клиенті болуыңыз керек және аутентификация кодын алу үшін қолыңызда ұялы телефоныңыз болуы қажет. Қосымша құжаттар мен анықтамалар талап етілмейді. Жүйе үміткердің деректерін тексеріп, өтініш қалыптастырады.
Бағдарламаға қатысу үшін жергілікті органда тұрғын үй кезегінде тұру қажет. Өтінім бере алатын санаттар:
- көпбалалы отбасы;
- мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;
- толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).
«Отбасы Банкі» мәлім еткендей, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2021 жылы өтінім берген, алайда баспана алмаған азаматтар биыл өтінімді қайта беруі қажет. Олардың былтырғы өтінімі күшін жойған.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім беру туралы нұсқаулық
- Оtbasybank.kz сайтына кіріңіз;
- Авторизовациядан өтіңіз
- Телефоныңыз бен аутентификация кодын пайдаланып тұлғаңызды растаңыз;
- Өтініш беріңіз және күтіңіз.
Өтініш бергенде қосымша анықтамалар мен құжаттарды тіркеу қажет емес. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдері автоматты түрде қалыптастырылады. Жергілікті әкімдікте тұрғын үйге кезекке тұру күні және қабылдау санаты тізімдерге бөлу кезінде ескеріледі. Байқау нәтижесі Оtbasybank.kz порталында жарияланады.
Биыл жоғарыда аталған үш санаттың ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі.
2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам отбасыға несие беруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде «Отбасы банкіне» 51 миллиард теңге көлемінде қаражат түсті. Биыл лимиттерді бағдарламаға қатысушылар арасында бөлу кезінде басымдық былтырғыдай, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі, – деп мәлімдеген болатын «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы «ең арзан» ипотека болып саналады. Оған қатысу талаптарының бірі: азаматтардың кірісі тексеріледі. Кейінгі алты айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек (2022 жылы КМ 37 389 теңге, сәйкесінше бір отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 115 905 теңгеден аспауға тиіс).
Несие сомасының 10% тең бастапқы жарна болған жағдайда, жылдық 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген заем беріледі. Несие мерзімі 18 жылға дейін.
Бағдарламаға қатысушы жергілікті әкімдіктер арқылы салынған тұрғын үйді немесе бастапқы және екінші нарықтағы кез келген пәтерді сатып ала алады. Сонымен қатар жеке үй сатып алуға да рұқсат етіледі.
Несиенің ең жоғары сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың маңындағы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырауда 15 миллион теңгеге дейін және басқа өңірлерде 10 миллион теңгеге дейін. Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуға тиіс.
Бір мезгілде бірнеше бағдарламаға қатысуға бола ма?
«Бақытты отбасы» мен «Алматы жастарына» өтініш беріп қойдыңыз дейік, екеуінің де қорытындысы бойынша төлем қабілеттілігін растауға шақырса, өзіңіз қалаған бағдарламамен баспана ала аласыз. Егер бірінші боп «Алматы жастары» бағдарламасымен жауап оң шықса, сіз екі аптаның ішінде төлем қабілеттілігін растап үлгеруіңіз керек. Өтіп тұрсаңыз, растаған дұрыс. Себебі «Бақытты отбасы» бағдарламасымен негізгі тізімге ену-енбеуіңізді ешкім білмейді.
Егер «Бақытты отбасы» бағдарламасының негізгі тізіміне енсеңіз, «Алматы жастары» бойынша берген өтінішті жоя саласыз.
Өтінішіңізді жойғаныңыз үшін басқа бағдарламаға қатыстырмай қоймайды. Екі бағдарламада да алғашқы салым – 10%. Заем мөлшері, яғни банк арқылы алуға болатын сома – «Алматы жастары» бойынша 18 миллион теңге, «Бақытты отбасы» бағдарламасында 15 миллион теңге.Қацтарымсыз сертификат, яғни 1,5 миллион теңге тек «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушыларына беріледі, – деп түсіндірді «Отбасы банк» кеңесшісі Мадина Болатханқызы.
«Бақытты отбасы» бағдарламасымен не сатып алуға болады?
- жаңадан салынған пәтер;
- екінші нарықтағы пәтер;
- жеке тұрғын үй.
Кіріс қандай болуы керек?
Жоғарыда атап өткеніміздей, отбасының табысы оның әр мүшесіне бөлгенде 115 905 теңгеден аспауы керек. Несиені тек негізгі табысыңыз болса ғана ала аласыз. Негізгі кіріс – еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс. Егер сіздің негізгі табысыңыз жеткіліксіз болса, қосымша кірісті есептеуге қосуға болады.
Негізгі табыс:
- еңбекақы;
- жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс;
- өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс;
- тұрғын үй төлемдері;
- шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда).
Қосымша кіріс
- зейнетақы және зейнетақы жарналары (базалық табысыңыз болса).
- экологиялық төлемдер.
Басқа жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.
Мысалы, отбасында алты адам болса, онда бағдарламаға қатысу үшін ең жоғары табыс: 6 адам х 115 905,90 теңге = 695 435,40 теңге болады.
- 2 адам: айына 231 811,80 теңгеден аспайды;
- 3 адам: айына 347 717,70 теңгеден аспайды;
- 4 адам: айына 463 623,60 теңгеден аспайды;
- 5 адам: айына 579 529,50 теңгеден аспайды;
- 6 адам: айына 695 435,40 теңгеден аспайды;
- 7 адам: айына 811 341,30теңгеден аспайды.
Бүгінге дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 14 500 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады. Тағы 326 қатысушының несие алу туралы өтінімі мақұлданды, олар қазір баспана іздестіріп жатыр.
Add comment