Миф №1: Бәрін қатар істесең, уақытыңды үнемдейсің

Ғылыми зерттеулер кезінде біздің миымыз бір уақытта бірнеше тапсырманы шешуге арналмағаны анықталды – бір сәтте біз тек бір сұрақ туралы ойланамыз. Ал көп істі қатару ештеңеге назар аудармай, бір тапсырмадан екіншісіне жылдам ауысу дегенді білдіреді.

Мысалы, егер сіз бір уақытта телефонмен сөйлессеңіз, поштаны қарасаңыз және фон режимінде лекция тыңдасаңыз, осы айтылған әрекеттердің ешқайсына жөнді ене алмайсыз. Нәтижесінде уақытты босқа өткізген болып шығасыз. Өйткені енді кідіріс жасап, бәрін қайтадан, ретімен жасауыңыз керек.

Миф №2: Тым көп жұмыс тиімділік пен өнімділікті арттырады

Ғалымдар бір уақытта бірнеше істі атқару жұмыс жылдамдығын, жалпы тиімділікті және өнімділікті төмендететінін анықтады. Көп тапсырманы орындауға ұмтылу тек «шығынға» ұшыратады:

  • ресурстардың көп бөлігі тапсырма арасында ауысуға жұмсалады, бұл жұмыс қарқынын бәсеңдетеді;
  • әдеттегі тапсырмаларды шешуге арналған «автопилот» өшіріледі, нәтижесінде қосымша психикалық ресурстар қажет болады, стресс күшейеді.

Мысалы, қызметкер күн сайын құжаттарды сұрыптайды. Ол үшін бұл – «автопилотта» 5-10 минут ішінде орындайтын таныс тапсырма. Бір күні ол құжаттарды сұрыптап, дизайнермен бір уақытта сайттың макетін талқылауды шешеді. Ми үшін бұл – жаңа нәрсе; сұрыптау «автопилотта» жұмысын тоқтатады және қосымша уақытты қажет етеді. Нәтижесі – назары шашыраңқы болып кетті, тиімділік пен өнімділік өзгерген жоқ.

Миф №3: Көп жұмыс назарды дамытады

Біздің миымызда қашан, қалай және қандай ретпен жұмыс істейтінін басқаратын атқарушы функциялар бар. Бақылау процесі екі кезеңнен тұрады:

  1. Мақсатты ауыстыру – басқа тапсырманы орындау туралы шешім қабылданады.
  2. Іске қосу – бір тапсырманы орындау ережелері басқасының ережелерімен ауыстырылады.

Көп жұмыс орындаушы функцияларға теріс әсер етеді. Әдетте бір тапсырмадан екіншісіне өту секундтың оннан бір бөлігін алады. Бірақ егер адам ұзақ уақыт бойы бір нәрседен екіншісіне ауысса, бұл көп уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Үй жинап жүріп сериал көрсеңіз, онша білінбейді. Бірақ бірнеше істі атқарғанда біреуіне назар қойып, екіншісіне ауысып отырғанда сол секундтың өзі біраз нәрсеге әсер етеді.

Ғалымдар эмпирикалық түрде сыныпта бірнеше тапсырманы бір уақытта орындайтын оқушылардың әдетте орташа ұпайы төмен болатынын және оны шешуге көп уақыт жұмсайтынын анықтады.

Осылайша, көп тапсырманы орындаудың айтарлықтай пайдасы жоқ, бірақ оның зияны айқын: зейін, оның өткірлігі төмендейді, уақыт шығындалады, дене ресурстары шектен тыс қолданылады, стресс пайда болады.

Бәрін бірден істеуге құмарлықты қалай басуға болады?

  1. Бірнеше істі қатар жасағыңыз келгенде әуелі оларды бағалаңыз. Содан кейін ең бірінші не нәрсеге назар аудару керегін шешіп, тапсырмаларды ретімен орындаңыз.
  2. 20 минут ережесін қолданыңыз. Бір істен үнемі екіншісіне ауысып отырудың орнына олардың әрқайсына 20 минут бөліңіз. Осы уақыт ішінде мүмкіндігінше бір тапсырмаға назар аударыңыз, содан кейін үзіліс жасап, өзіңізді басқа тапсырмаға арнаңыз.
  3. Электрон поштаны тексеруді, әлеуметтік желіге кіруді, басқа да «алаңдататын» нәрселерді кестеңізге енгізіңіз. Бұл әдетіңізбен күресе алмасаңыз, олар үшін күнтәртібіңізден арнайы уақыт қарастырыңыз.
  4. Назарыңызды алатын факторларды азайтыңыз. Жұмыс істеу үшін тыныш орын табыңыз, телефонды өшіріңіз немесе дыбыссыз режимге қойыңыз.

Қорытындылау. Уақытты үнемдеу, өнімділік пен тиімділікті арттыру, жоғары концентрация – бұның бәрі бірнеше жұмысты қатар істеу мифтері. Сіз ол арқылы тек зейіннің нашарлауын, жұмыс қарқынының баяулауын және психикалық күйзелісті нағыз серік етесіз.