ГлавнаяБлог

Naiza 40. DAR Team үміті кімдер?

Аралас жекпе-жек кешінде DAR Team командасының файтерлері де октагонға шығады. 5Q Media назарларыңызға DAR командасының болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшыларын ұсынады.

Сора Рахмонова, Елжан Әлиасқар және Гамлет Асланов. Үш жауынгер де кәсіби ММА-ге жаңадан қадам басқан. Тәжірибесі аз демесеңіз, кез келген қарсыласты алып жығуға дайын. Әуесқойда аралас жекпе-жектің әліппесін үйреніп, жаңа белестерді бағындыру үшін кәсіпқойда бағын сынап жүр.

Спортшыларымыздың кәсіпқой ММА-дегі мансабына кішігірім шолу жасап, азды-кем сұхбат дайындадық.

Сора Рахмонова

Рекорды: 2-1

Сора Рахмонова Алматы төрінде түрік спортшысы Курт Илькнурмен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек түрік файтері үшін дебют болмақ.

Сора октагондағы төртінші айқасына шыққалы отыр. Ол кейінгі кездесуін Naiza 36 турнирінде өзбек спортшысы Холила Собироваға қарсы өткізіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жеткен еді.

Қазір Сораның рекорды – 2-1. Екі мәрте жеңіске жетіп, бір рет қарсыласына есе жіберді.

1. Спортқа келуіңізге не түрткі болды?

— Бұрын базарда анама көмектесетін едім. Ол кезде Шавкат (Сора мен Шавкат Рахмоновтар – ағайынды — авт.) жаттығып жүрді. Бокстан бапкері базарға келіп, мені жаттығуға шақырды. Бір себебі — осы.

2. Спорттағы ұстазым деп кімді айта аласыз?

— Спортта жүрген соң ұстаздарым өте көп. Қазіргі таңда Әзиз Разыев, Эдуард Базров, Вариев Абдулмажит, Рахат Исхаков, Саидов Зафар, Рашид Тагаев.

3. Спортшы болмасаңыз, кім болар едіңіз?

— Әскери адам болар ма едім деп ойлаймын. Ал бала кезгі арманым – дәрігер болу.

4. Спорттағы мақсатыңыз қандай?

— Үлкен мақсаттарым бар. Бірақ қазір айтуға әлі ерте деп ойлаймын.

5. Жетістікке жету жолында қандай қиындықтар кездесті?

— Өте көп қиындық кездесті. Психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да қиындық бар. Бұрын ММА қыздарға арналмаған дейтін көп еді, қазір оған көзқарас оң жаққа өзгеріп келеді.

6. Жетістікке жету жолындағы еңбек пен сәттіліктің пайызы

— Өз басым, көп еңбектену қажет деп санаймын. Еңбек, еңбек және тағы да еңбек.

7. Спортшыға қажет үш қабілет

— Ең бірінші тәртіп қажет. Одан кейін мінез, оның ішінде намыс болу керек және ақыл қажет.

Елжан Әлиасқар

Рекорды: 2-1

Кештің тағы бір жекпе-жегінде Елжан Әлиасқар жұдырықтасады. Оның қарсыласы – ресейлік Григорий Попов.

Елжан Әлиасқар Naiza лигасындағы жолын былтыр бастады. Алғашқы жекпе-жегінде Сәмбет Найманбаевқа есе жіберді. Дегенмен артынша екі айқасында да жеңіске жетті. Былтыр күзде Naiza 35 турнирінде ресейлік қарсыласы Руфани Валиевті 15 секундта жеңіп, турнирдің үздік нокауты иесі атанды.

Бұл жолы Елжан Әлиасқар тәжірибелі файтермен кездеседі. 38 жастағы Григорий Попов былтыр Naiza лигасымен келісімшартқа отырып, алғашқы айқасында Сержан Сапарғалиевті нокаутпен жеңген еді.

1. Ең бірінші айналысқан спорт – таеквондо. Спортқа келуіме өзіндік ұстанымым, ер-жігіт болып шыңдалып өсуім себеп болған шығар. Өзімді және отбасымды қорғай алатындай азамат болғым келді.

2. Спорттағы алғашқы ұстазым – Нұрлан Сатыбалдиев. Ал ММА-де Марат Ахметовті ұстазым дей аламын.

3. Кәсіби спортшы болмай тұрып, заңгер мамандығын таңдаған едім. Мүмкін заңгер болар ма едім?! Ойланбаппын.

4. Спорттағы мақсатым: ең бірінші, ата-анам, жақындарым менімен мақтанатындай мықты азамат болу! Екінші, қазағымның көк туын әлемдік деңгейде желбірету!

5. Өмірде қиындық көп кезедседі. Ең бастысы, ешнәрсеге мойымай, сабырмен қарап, шыдамдылық таныту.

6. Жетістікке жету үшін 1% талант, 99% еңбек қажет!

7. Сабыр, төзім, мақсат! Спортшыға тән қабілет.

Гамлет Асланов

Рекорды: 3-0

Naiza 29 турнирінде Гамлет Асланов отандасы Ахмед Тавлиевті техникалық нокаутпен жеңді. Артынша өзбекстандық Феруз Ишонкулов және Улугбек Абдулхаевпен кездесіп, екі қарсыласынан басым түсті.

Гамлеттің кейінгі жекпе-жегі жанкүйерлердің есінде қалғаны анық. Үш раундқа жоспарланған айқас алғашқы раундта аяқталды. Қазақстандық файтер қарсыласын тіземен ұрып, сұлатып түсірді. Жойқын соққыдан есеңгіреген өзбек спортшысының есін дәрігерлер ұзақ жинады.

1. Спортқа келуіме әкем себеп болды. Әкем каратэден Еуропа чемпионы. Оның жетпеген жетістігіне мен жетсем деймін.

2. Спорттағы ұстазым деп Әзиз, Вадим, Эдуард және Башир ағайларымды айтар едім.

3. Спортшы болмасам, бизнеске кетер едім. Өйткені бала кезден мейрамхана бизнесінде жұмыс істеп көргенім бар.

4. Әкем мақтан тұтатындай әлемдік деңгейдегі жетістікке жетсем деймін.

5. Спортта түрлі жағдай болады. Бірде жарақат, енді бірде басқа нәрсе кедергі болуы мүмкін. Бастысы — тоқтамай, соңына дейін күресу қажет.