ГлавнаяБлог

Мұнайдан UX/UI дизайнына ауысу: мамандық өзгертуге қалай тәуекел ету керек?

Зинура 2017 жылы IT саласына ауысып, ірі компаниялармен, стартаптармен және мемлекеттік корпорациялармен жұмыс істеді. Жаңа мамандықты меңгеріп, фрилансерлікке ауысар алдында мұнай-газ саласындағы мемлекеттік компанияда жоғары жалақысы бар лауазымды тастап, әдеттегі табысынан айырылды. Сол табысына жетіп, одан әрі еселеу үшін оған бірнеше ай бойы оқып, бірнеше жұмыс орнын ауыстыру қажет болды. Кейіпкеріміздің жеке тәжірибесі туралы 5Q материалынан толығырақ оқыңыз.

Зинура 5 жыл бойы Codebusters (1Fit), DAR, Alabs (Egov, mgov), Avrora холдингі және тағы басқа компаниялармен жұмыс істеді. DAMU, Ұлттық банк, Қазақстан кәсіпкерлер форумы, ҚТЖ-да да штаттан тыс жобаларды басқарды, тіпті ҚБТУ магистранттарына UX/UI үйретті. Оның мансабындағы жаңа кезең оңай болған жоқ, бәрін тастағысы келген сәттері болған. Бірақ Зинура «Өмір комфорт аймағы біткен жерден басталады» деген ұранмен алға ұмтылды.

UX/UI дизайнері кім?

UX және UI — дизайнның екі түрлі саласы. Көбіне екі саладағы тапсырмалар бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан оларды бір маман орындайды. Оның жұмысы — қолданбаны немесе сайтты пайдалануды интуитив, ыңғайлы және қолайлы ету.

UX (User Experience) пайдаланушы тәжірибесінің дизайны дегенді білдіреді. Оның сапасы арқылы пайдаланушы сайтқа не үшін келгенін, не іздегенін қаншалықты жылдам алатынын анықтайды. Ыңғайлы және функционал интерфейсті құру бірнеше кезеңді қамтиды: domain research, sitemap, information architecture, userflow, CJM, usability testing және тағы басқалары. Бұл процестердің барлығы өніммен өзара әрекеттесу тәжірибесін жақсартуға бағытталған.

UI (user interface) немесе пайдаланушы интерфейсі — сайттың дизайны туралы: түстердің үйлесімі, қаріптер, белгішелер және түймелер. Өнім көрер көзге жағымды болуы үшін мақсатты аудиторияның қызығушылықтары мен әдеттері, тенденциялар және тағы басқалары ескеріледі.

Жасым 30-да еді, өзімді бақытты сезінбедім

Мамандығымды өзгерткенге дейін мұнай-газ саласында мансабым болды, мемлекеттік компанияда тұрақты, салмақты қызмет атқардым. Халықаралық қатынастар, менеджмент және мұнай-газ саласында білім алдым. Ақшам да болды, көп саяхаттадым, бірақ кейін өзіме ұнамайтын жұмысқа орала бердім. Бір кезде бұдан әрі бұлай өмір сүру мүмкін емес екенін түсіндім – үнемі қашып жүре алмаймын.

Содан кейін не істерімді білмей жұмысымды тастап, басқа қалаға көшіп кеттім.

Бірде Instagram-да қандайда бір байқауда деректерімді қалдырып, графикалық дизайн бойынша 3 айлық курсты жеңіп алдым, бірақ бұл сала маған мүлде таныс емес еді. Дегенмен бірдеңе ұттым деген ойдың өзі маған мотивация берді. Курс қатты ұнады, Оқудың арқасында бала кезімде сурет салуды ұнататынымды есіме түсірдім. Содан кейін иллюстрациялар жасау, уеб-дизайн және тағы басқалары бойынша курстардан өттім.

Міне, мен өткен курстар:

  • Графикалық дизайннан бастадым — логотиптер, баннерлер және тағы басқалары.
  • Одан әрі қарындаш, гуашь, акварель және акрилмен сурет салудан Ева Майзиктің «Иллюстрация курсына» бардым.
  • Дәстүрлі суретші болу тиімді емес екенін түсіндім, сондықтан TaniDM-ның «Цифрлық портрет» Portrait курсына бардым. Менің жұмысымды мына жерден https://www.behance.net/zinura15zr3394 көруге болады.
  • Skillbox-тың уеб-дизайн курсына жазылдым және кейінірек бөліп төлеу жоспары бойынша «UX мобильді дизайнын» алдым. Маған мобайл қолданбаларды жасау көбірек ұнады.
  • Өзіне сенімді middle деңгейлі дизайнер болған соң, ағылшын тіліндегі Interaction design Foundation (IxDF) курсын сатып алдым.
  • Карантин кезінде Udemy, Coursera курстарынан өттім, NN тобының мақалаларын оқыдым. Youtube желісіндегі көптеген семинарға қатыстым.
  • Жақсы жұмыс берушілер де кәсіби өсуіңізге қызығушылық танытады. Мысалы, мен жұмыс істеген Codebaster маған Bang Bang Education курстарына төледі.
  • Қазір EPAM-да «Think UX: Up to Middle for UX designers» курсын оқып жатырмын. Бұл — халықаралық стандарттағы курс және көптеген зерттеу мен тәжірибелерді қамтиды.
  • ADPList көмегімен тәлімгерлерден дизайнды үйренуді жоспарлап отырмын.

IT-маманы үнемі оқып, білімін жетілдіріп отырады. Онсыз ешқайда бара алмайсыз. Негізі ақылы курстардан өттім, білімге инвестиция салу керек деп ойлаймын. Желіде де көптеген тегін материал бар.

Бастапқыда табысым үш есе төмендеді

Мұнай саласында 2016 жылы 450 мың теңге алсам, IT саласында 2018 жылы 150 мың теңгеден бастадым. Уақыт өте келе табысымды алты есе арттырдым.

IT саласындағы алғашқы жұмысымды hh.kz арқылы таптым. Бұл 2015 жыл еді, ал Қазақстанда IT саласы мұндай ауқымды дамымаған еді. Енді оған кіру әлдеқайда оңай. Шынын айтқанда, бірінші тәжірибем негативке толы болды. Жетістікке жете алмаймын, команда қабылдамай қалар ма деп қатты қорықтым. Солай болды.

Бірінші компаниямен тіл табыса алмасам да, ол арқылы Codebusters (1FIT негізін қалаушылар) бағдарламасына кіре алдым. Оны бастаған көп маман қазір FAANG-те (Facebook (Meta), Amazon, Apple, Netflix және Google) жұмыс істейді. Сонымен қатар alabs-те жұмыс істеп, IT тобына қосылдым.

IT саласында сарафан радио жақсы жұмыс істейді. Алғашқы штаттан тыс тапсырыстар әріптестерімнен келді, бұл процесс әлі күнге дейін жалғасып жатыр. LinkedIn-де осы салада керемет жұмыс істейді. Соның арқасында мобайл қолданбаларды әзірлеу жобасына кірдім.

Жоспарым — табысымды 8-12 есе арттыру. Бірақ бұл үшін ең басындағыдай бос уақытымды қатаң түрде шектеп, өзімді оқуға арнауым керек.

Қайта оқуыма кедергі болған 5 барьер

Барлық адам табиғатынан батыл және өжет емес. Мен де сондаймын. IT-ға ауысу мен үшін өмірімдегі ең қиын сынақ болды. Оқу барысында көптеген қиындыққа тап болдым.

  1. Өміре өзгеріс енгізуге дайын болмауым
    Өміріңізде бір нәрсені өзгерту туралы ой әлі келмесе, бұл сізге шынымен қажет емес дегенді білдіреді. Егер бұл туралы жиі ойласаңыз, онда сіз өзгере бастадыңыз.
  2. Қорқыныш, өзгеруден қорқу
    Қалай жеңуге болады: қабылдамау қорқынышы, белгісіздік, кінәлау және өзгерістер қорқынышы ешқайда кетпейді. Олар бізбен соңына дейін бірге, біз оларды қабылдауымыз керек. Өзіңізге бір сәт әлсіздікке жол беру — қалыпты жағдай.Менің техникам – өзіме демалуға мүмкіндік беріп, қайтадан оқуды жалғастыру.  
  3. Сенімсіздік
    Қалай жеңуге болады: Бастапқыда маған сырттан ешқандай қолдау болған жоқ. Олар маған «Неге мұндай жақсы қызметтен кеттің» деген сияқтыларды айтты. Бірақ нәтижесінде тез жұмыс таптым. Сырттан мақұлдауды күтпеңіз. Өзіңізге сеніңіз, сіздің күш-қуатыңызды дұрыс бағытқа бұру үшін өзіңізге сенім және жақын адамдарыңыздың қолдауы жеткілікті болады.
  4. Жылау дұрыс емес
    Жылау – қалыпты нәрсе. Ол миды жағымсыз эмоциялардан босататын катарсис (ежелгі грекше κάθαρσις — «көтеру, тазарту, емдеу») түріне кіреді. Біз жылағанда психика ғана емес, дене де күйзелістен босатылады.
  5. Қолды бір сермеп, бәрін тастау
    Мұндай азғырулар сізді кері тартады. Мұндай сәттерде мұңайып, тіпті жылауға да болады. Маған адамдардың қиын тағдыры туралы шынайы оқиғаларға негізделген фильмдер көмектесті. Оларды көру өмірімнің әдемі екенін есіме түсіреді. Демалыс пен саяхат серпіліп, жаңа күш алуға көмектеседі.

Нөлден бастайтындарға кеңестер

  • Визуализация жасаңыз, армандаңыз

Сәтті өзгеру үшін сізді қазір не бақытсыз ететінін және болашақта сізді не бақытты ететінін анықтау керек. Армандаған өміріңізді елестетіңіз.

  • Әрекет ету сәті келді

Ұйықтар алдында «Қырсық, ертең тағы да жұмысқа баруым керек, бұлай жалғастырғым келмейді» деп ойласаңыз, онда өзгерудің уақыты туды.

  • Мүмкіндіктерге жауап беріңіз

Зерттеңіз. Интернеттен ақпараттың сан түрін таба аласыз, тегінін де. Тағылымдамалар, сапарлар, Linkedin – мүмкіндік өте көп.

  • Қателік жасау

Қателік жасаңыз, сәтсіз тәжірибеден аман өтіңіз, бұл сізді тек мықты етеді (бұл пункт мен үшін қиын, өйткені қателесуден қатты қорқамын).

  • Қаржы жастығын қамдаңыз

Әрқашан A, B және C жоспарыңыз болсын. Оқып жүргенімде қалайда күн көруім керек болды. Өзім үшін батыл қадам жасадым – көлігімді саттым.

  • Төзімді болыңыз

Жалақыңыз қысқаруы мүмкін және қазіргі уақыттағыдан төменірек позициядан бастауыңыз керек болады. Бірақ IT саласындағы үлкен плюс — мансап жылдам өседі. Егер басқа тұрақты қызметте 2-3 жылдан кейін ғана келесі деңгейге көтерілсеңіз, IT саласында бір жылдан кейін Senior бола аласыз. Жалақыда да солай.

  • Өзіңізді қабылдаңыз және жақсы көріңіз

Кәсіби өсумен қатар ішкі жағынан да өзгересіз. Өзгерген жаңа өзіңізді таныңыз. Жақындарыңыз сізді жақсы көреді және қабылдайды.