ГлавнаяБлог

Екі жыл бұрын Naiza промоушені DAR құрамына кірді. Осы аралықта не өзгерді?

Баспасөз мәслихатында 11 маусымда Almaty Arena-да өтетін ауқымды мерейтой Naiza40 турнирі туралы хабарланды. ММА-дың мемлекетке экономикалық пайдасы, DAR аралас жекпе-жек өнерін дамытуды балалар мен жасөспірімдер спортын қолдаумен қалай үйлестіре алатыны және жобаның дүниеге қалай келгені туралы 5Q материалынан толығырақ оқыңыз.

Naiza промоушені DAR құрамына қалай кірді?

DAR компаниясының бағытының бірі ретінде DAR Team мен қазақстандық MMA Naiza промоушені 2012-2013 жылдары жұмысын бір мезгілде бастады. Бірақ DAR Team әуесқойлар арасындағы қоян-қолтық ұрысты дамытумен айналысты, Алматыда үйірмелер ашып, жасөспірімдерге жарыстар өткізді. Naiza аралас жекпе-жек өнерін де дамытқан, оның ішінде панкратион, грэпплинг және ММА бар.

«Ол жылдары Қазақстан көрермендері қазақ спортшылары жоқ UFC жекпе-жегінің видеоларын көретін. Сол себепті де жігіттеріміздің UFC-ге шыққанын қаладық. Бірақ елде спортшыларымыз өзін көрсете алатындай дәрежедегі промоушеннің болмауы мәселе еді. Ол кезде тек Alash Pride болды және өңірдегі жігіттер өзін-өзі қалыптастыра алатын клубтар жеткіліксіз болды. Сондықтан жастар көшедегі төбелесті емес, спортпен айналысуды таңдауы үшін осы жобаны қолға алдық. Олар «Төбелескің келсе, рингте» деген атауды ойлап тапты, – дейді Нұрбек Қарабала.

Ұйымдастырушылар жобаның қарқынды дамып жатқанын байқап, одан әрі өсуі үшін өмірлік философиясы мен құндылықтары ұқсас бизнес серіктестер қажет екенін түсінген.

«Бастапқыда біз тек табыс табуды мақсат еткен жоқпыз. Біздің басты міндетіміз – жас ұрпақтың дамуына, ел экономикасының дамуына үлес қосу. DAR сияқты серіктес тапқанымыздың арқасында 40-қа жуық ивент өткізе алдық. Бар болғаны 13 ивенттің өзіне 200-ге жуық жауынгер қатысты», — деді Нұрбек Қарабала.

2014 жылдан бері DAR TEAM бірнеше спорт үйірмесін ашты, оларға 400-ден астам бала қатысты. Кейінгі 2 жылда компания тек гранттар бойынша оқытуға 40 миллион теңгеден астам инвестиция салған. Бұған 3 мезгіл тамақтану, жатын орын, жаттығу, құрал-жабдық сатып алу және спортшыларға қосымша білім беру курстары кіреді.

Биыл қандай ірі турнирлер және шетелде нендей ивенттер өтеді?

Жыл соңына дейін Naiza тағы бірнеше шара өткізуді көздеп отыр. Оның ішінде 11 маусымда Алматыда, шілдеде Ақтауда, тамызда Ақтөбеде үлкен шара өтеді. 2020 жылға дейін турнирлер маусымына 3-4 рет қана өткізілетін.

«Былтыр БАӘ-де, Түркияда, Қырғызстанда және Өзбекстанда турнирлер өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Бірақ пандемия бұл жоспардың барлығын бұзды. Осыған қарамастан бірнеше жабық турнир өткізіп, оларды онлайн көрсете алдық. Биылғы геосаяси оқиғаларға байланысты да жоспарлар түзетіліп жатыр», – деді Нұрбек Қарабала.

Оның айтуынша, компанияға шетелде іс-шаралар өткізу қызық. Мысалы, Өзбекстанға шығуға мүмкіндік бар. Бірақ компания әуелі елімізде орнығып, Қазақстан халқының кем дегенде 50%-ын мойындатқысы келеді.

Бүгінде бізде 30 миллионға жуық көрермен бар. Онлайн турнирлерді 2,5 миллион адам тамашалайды. 2020 жылы Fight matrix-та 40-орында болсақ, бүгінде 20-орындамыз. Жыл соңына дейін әлемдегі 350 промоушеннің ішінде ТОП-10 қатарына кіруді мақсат етеміз. Одан кейін шетелге шығуға болады, — деп сендірді спорт директоры.

2021 жылы DAR Team және Naiza 10 ивент өткізді. Әр турнирге шамамен 60 миллион теңге жұмсалды. Бұл сомаға: спортшылардың ұшаққа билеті мен жатын орнының шығыны, гонорары (20 миллион теңге) кіреді. Бұған қоса, шығындар халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға арналған гранттарға, сондай-ақ балалар мен жастарды оқытуға жұмсалады.

Экономикалық және әлеуметтік әсері

DAR Team командасының басқа клубтардан ерекшелігі – мұнда спортшылар спорт менеджменті, шешендік өнер, мобилография, копирайтинг және тіл үйренуден де дайындалады. Компания спортшылардың рингтегі мансабын аяқтағаннан кейін басқа салаларда табыс табуы үшін олардың қосымша білім алуына инвестиция жасайды.

MMA индустриясын дамыта отырып, DAR және Naiza лигасы жаңа мамандықтарды құрып жатыр: олар — матчмейкерлер, катмендер, төрешілер мен комментаторлар, шоу режиссерлары және спорт продюсерлері. Оның үстіне компания экспаттарды қабылдамайды, отандық кадрларды оқытады.

«Бірнеше жыл бұрын еңбек кітапшаларында мұндай мамандықтар болған жоқ. Бір ғана ивентке бізде 200-ден астам адам тартылған, орташа жалақысы — 300 мың теңге. Бұл қандай үлкен, туристік әлеуеті бар өндіріс екенін елестетіп көріңізші», — деді Нұрбек Қарабала.

13 турнир кезінде бір ғана Алматыға мыңнан астам турист келген. Бір шараға орта есеппен 30-ға дейін спортшы келеді, олар кемінде екі адаммен бірге жүреді. Турнирлерге Бразилия, Таиланд, Иран және ТМД елдерінің спортшылары қатысып жүр.

«Әр танымал спортшымен бірге 20 адамға дейін келеді. Олар секунданттар, достары, отбасы, жанкүйерлері және тағы басқалары. Бізде Бразилияның әйгілі спортшысы Лазаро бар еді, оны көруге шетелдік және қазақстандық жанкүйерлер келді. Біртіндеп туристер саны артып келеді», – дейді Нұрбек Қарабала.

Шавкат Рахмоновтың DAR Team-ге қандай қатысы бар?

2020 жылы DAR командасы әуесқойлар лигасынан кәсіпқой дивизионға көшті. Содан кейін басшылық батыл эксперимент жасады. Жаңа команда сол кездегі рейтингі төмен жауынгерлерді қабылдады. Компания мансабы аяқталуға жақын Жұман Жұмабековпен, бұған дейін барлық кейінгі жекпе-жегінде жеңіліп қалған Фанил Рафиковпен келісімшартқа отырды. Команданы аяғы сынған UFC жауынгері Дамир Исмағұлов және тағы басқалары толықтырды.

Олармен бірге команда сапына Шавкат Рахмонов та қосылды. Біз осындай мықты жауынгерлер тәжірибесі мен шеберлігін әуесқойлар құрамасының спортшыларына беруін қаладық, — дейді Нұрбек Қарабала.

Нәтижесінде жауынгерлер позициясын қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа атақтарға ие болды. Мысалы, M1 және Naiza промоушендарының чемпионы болған Асу Алмабаев әлі күнге дейін Brave лигасының титулын сақтап тұр. Оған UFC матчтары да қызығушылық танытып отыр.

DAR Team  қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады?

Компания жыл сайын бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырады. Нұрбек Қарабала популист болып көрінбеуі үшін барлық жобаны тізіп шығуды жөн көрмеді.

«Жаңасын атай аламын, барлығымен мақтанғым келмейді. Біз жаңа 5Q жобасы бойынша жұмыс бастадық, онда спортшылар 5 бағытты дамытады. Бұл интеллектуалдық (IQ), эмоциялық (EQ), физикалық (PQ), рухани (SQ) және цифрлық даму (DQ). Осылайша жауынгерлер жан-жақты дами алады», — деді спорт директоры.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ММА-ды дамытуға не жетпейді?

Бүгінде елімізде ММА үйірмелері белсенді дамып келеді, оларда шетелдіктер жаттығады.

«Еркін күш клубы, мұнда Қазақстаннан ғана емес, шетелден де жаттығады. Сондай-ақ Төбет пен DAR Team — мықты клубтар. Біз бәсекелес емеспіз, өйткені барлығымыз бірлесіп ММА-ды Қазақстанда кеңінен насихаттап жатырмыз. Ол үшін ММА-ды туризм тұрғысынан дамытуды жалғастыру керек», — деді спорт директоры.

Ол ММА-дың спорт ретіндегі қауіптілігі туралы әңгіме шындықтан гөрі миф екенін айтты. ММА кәсіпқойларының жарақат деңгейі басқа спорт түрлерімен бірдей. Мысалы, жарақат алу көрсеткіші 100 жекпе-жекке шаққанда 22,9-дан 28,6-ға дейін жетеді, бұл кәсіпқой бокстағыдай.

Сондай-ақ Нұрбек Қарабала спортты жан-жақты дамыту үшін тек ірі қалаларда емес, өңірлерде де насихаттау қажеттігін баса айтты. Ол жерде тек матчтар ұйымдастырып қоймай, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізгіміз келеді. Біз жауынгерлеріміздің ең алдымен білімді, содан кейін ғана мықты болғанын қалаймыз. ММА-да тек қарақшылар мен бұзақылар төбелеседі деген клишеден арылу керек, – дейді Нұрбек Қарабала.