ГлавнаяБлог

Шахмат, Cash Flow, Го: интеллектуал ойындар кәсіпкерге қажет дағдыны қалай дамытады?

Интеллектуал ойындар стратегиялық ойлауды дамытады, қаржы сауаттылығын және инвестиция құюды үйретеді. 5Q бизнесте, оқуда және өмірде ойлауды дамытуға арналған үш ойынды таңдады.

Го икемді болуды (және стратегиялық жоспарлауды) үйретеді

Түрлі есеп бойынша, Го (немесе «вэйци») үстел ойыны 2-5 мың жыл бұрын ежелгі Қытайда ойлап табылған. 19-ғасырға дейін оны Шығыс Азия халқы ойнады, ойын содан кейін ғана әлемде танымал бола бастады. Го — Дүниежүзілік ақыл-ой ойындарының бес негізгі пәнінің бірі. Ойында екі қарсылас болады, әрқайсының мақсаты – ойын тақтасының көп бөлігіне түсті тасын барынша көбірек орналастыру.

«Го стратегиялық жоспарлауды үйретеді. Шахматпен салыстырғанда тақтаның өлшемі үлкен және вариатив болуымен ерекшеленеді, ойыншыны құбылмалы жағдайда икемді болуға бейімдейді. Бұл — ойынның артықшылығы мен қадір-қасиеті. Гоның негізгі нәтижесі – ойын дағдыларын бизнеске беруі», — дейді Ресей Го ойын федерациясы президиумының мүшесі Михаил Емельянов.

Михаил Емельянов университетті бітіргеннен кейін Қытайға Го тілін үйренуге барған. Ол ірі компанияларда стратегия бойынша сарапшы болып қызмет еткен, Го ойыны туралы бірнеше кітап жазған.

Біз кез келген ойында өмірдегі сияқты ұтамыз немесе бәрін жоғалтамыз деп ойлаймыз. Го ойынында жеңілген тараптың шығыны әрдайым аз болады. Үлкенірек бөлікті тартып алуға тырыспастан, минимал есеппен жеңуге дайын адам жеңімпаз болады. Бизнесмен де дәл осылай әрекет етеді — пайда мен шығынды жабу үшін минимумды алады. Ол абсолют жеңімпаз болуға тырыспайды, бірақ салыстырмалы түрде тұрақты табысқа дайын. Сондай-ақ заманауи әлемде тек бәсекелестік емес, серіктестікке дайын адамдар жеңеді, — деп түсіндіреді Михаил Емельянов.

Маманның айтуынша, Го тек ірі бизнеске ғана емес, шағын және орта бизнеске де пайдалы.

«Бүгінде стратегияны іс жүзінде үйрететін университеттер аз. Олар көбіне тек ойлауды, идея тудыруды ғана үйретеді, бірақ мен олардың ойды әрекетпен ұштастыра отырып, жеңіске жетуге үйрететін курсын естімеппін. Сирек кездесетін ерекше жағдайларды қоспағанда», — дейді Михаил Емельянов.

Қазақстанда да Го федерациясы бар. Оның клубтары Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды ​​қалаларында жұмыс істейді. Алматыда Го ойынын AlmaU университетінде және Dostyk Plaza сауда үйінде ойнауға болады. Go club оңтүстік астанада да жұмыс істейді.

Cash Flow — қаржы сауаттылығының симуляторы

Cash Flow ойынын америкалық инвестор және кәсіпкер Роберт Кийосаки «Бай әке, кедей әке» бестселлер кітабын шығарғаннан кейін құрастырды. Ойынның мақсаты — ойыншыларға пассив кіріс әкелетін инвестициялар құю. Ай сайынғы кірісті белгілі бір мөлшерге дейін арттырған адам жеңімпаз атанады. Бірінші ойыннан айырмашылығы — Cash Flow қаржы сауаттылығын үйретуге арналған.

Cash Flow сізге ақшаны басқаруды, ақша ағындарын әртараптандыруды, тәуекел дәрежесін өлшеуді үйретеді. Бұл — кез келген адамға, тіпті қаржы сауаттылығы ең төменгі деңгейдегі адамға да келетін әмбебап ойын. Адамдардың оны қай салада ойнайтыны маңызды емес. Тәжірибемнен байқағаным – ойында көбіне сатушылар өзін жақсы сезінеді, — дейді қаржы сауаттылығы жөніндегі сарапшы Жанар Таланова.

Жанар Cash Flow туралы 2007 жылы RFCA -да жұмыс істеп жүргенде білген. Ойын «Қаржы нарығы қалай жұмыс істейді?», «Ол қандай құралдар мен мүмкіндіктер ұсынады?» деген сияқты бастапқы білімді береді.

«Жүргізуші ретінде ойыншыларды бақылаймын. Қаржы сауаттылығы бойынша кеңесші ретіндегі тәжірибем ойыншылардың қатесін көруіме мүмкіндік береді: адамдардың ойында ақшаға қалай қарайтыны, олардың сөздері және ойы арқылы психологиялық көзқарастарын байқауға болады. Ойыннан кейін не нәрсеге көңіл бөлу керегі туралы ұсыныстар беремін. «Бай болған жоқпыз, бастайтын ештеңе жоқ» сияқты сөздер немесе ойыншы басқа біреудің әрекетін қайталауды шешіп, қанша ақша бар екенін талдамай-ақ мәміле жасайтын жағдайлар маған триггер ретінде әсер етеді. Кейін түсіндім, бұл — өмірге тән стратегия: алдымен істе, содан кейін ойлан», – дейді Жанара Таланова.

Баяндамашының қатысуымен ойнау әдетте ақылы, бірақ Cash Flow-ды ойнауға компанияңыз демеуші бола алады.

Шахмат және логикалық ойлау

2001 жылы шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаровтың «Шахмат — өмір үлгісі» атты кітабы жарық көрді. Кітапта гроссмейстер тек ойында емес, күнделікті шешімдерде де артықшылық туғызатын стратегиялық ойлаудың құпияларын сипаттады.

«Көптеген бизнесмен шахмат ойнағысы келеді. Интеллектуал ойын ми жұмысын жақсартып, логиканы, стратегиялық ойлауды дамытады. Ойлануға, сараптауға, бірнеше қадамды алдын ала есептеуге бейімдейді», — дейді спорт шеберіне үміткер, ФИДЕ ұлттық төрешісі Шыңғыс Нұрғалымов.

Сарапшы бүгінде Қазақстанда шахмат және басқа да зияткерлік ойындар қайтадан танымал бола бастағанына сенімді.

«Қазір КСРО-дағыдай клубтар жоқ. Жеке шахмат мектептері көбіне балаларға арналған. Ересектерге арнап кешкі клубтар ашып, сабақ беруді жоспарлап отырмын. Жоғары буынның да шахматқа сұранысы артып келе жатқанын байқаймын. 90-жылдардың ұрпағы өсті, бірақ олардың жастық шағында үйірмелер аз болды, олар осы олқылықтың орнын толтыруға тырысады. Олар цикл сабақтарынан кейін тезірек және анық ойлана бастағанын айтады», — дейді Шыңғыс Нұрғалымов.