Харуки Муракамидің ең танымал туындысы «Норвег орманы» 1987 жылы жазылған. Кітап атауы – The Beatles тобының Norwegian Wood әні. Роман бас кейіпкердің ұшақта отырғанынан басталады. Оқиға өткенді еске алу арқылы баяндалады. Торю – Токиода университетте оқып жүрген жас жігіт, сүйкімді ойшыл қыз Наоканы жақсы көреді. Тек екеуінің арасында біраз жыл бұрын қаза тапқан Кизукидің елесі тұр. Торю студенттер жатақханасындағы бұйығы тірлікке бейімделіп алған, ал Наока өмірде қиындық пен міндетке төзуге болмайды дейді. Наока өз жүрегінің дертіне бата түскен сайын, Торю еркін де ерке Мидориді ұнатып қалады. Жас жігіттің сезімі өскенін сипаттай отырып, «Норвег орманы» оқырманды өз жанындағы балаң махаббат естеліктеріне жетелейтіндей.
«Бұл шығарманы аударуға қорқақтадым»
Ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған – Дәурен Берікқажы. Ол осыған дейін тек фильмдерді қазақшалап жүрген. «Норвег орманы» – прозадағы аударған алғашқы кітабы. Steppe&World Publishing баспасы 2 жыл бұрын аударма жасауды ұсынған. Аудармашы алғашында 10бетін аударып, үзіліс жасаған. Кейіннен 4,5 ай бас алмай Муракамидің кітабын қазақшалаған.
«Бұл шығарманы аударуға қорқақтадым. Жұмыстың реті де келіңкіремеді. Мораль тұрғысынан да дайын болмаған сияқтымын. Басқа аудармашылар аударып жатқан шығар деп ойладым. «Сіз аудармадыңыз ба?» деп өкініш білдірген замандастарым болды. Таң қалдым. Әдетте бәрі орысша оқып алады да, қазақшасын аса қажет етпейді ғой. «Қазақша аударылса, керемет болар еді, неге тастап кеттіңіз?» деді. Мұның бәрі қанша дегенмен әсер етті. Тәуекелге бел буып, қайтадан аударып шықтым», – деді аудармашы.
Дәурен Берікқажы Муракамидің әңгімелерін аударғысы келгенін айтады.
«Бірлі-жарым аудармалары «Қазақ әдебиетінде» жарияланды. Темірхан Медетбек ағамыздан бастап, кейінгі буын жас ақын-жазушылар аздап аударды. Бір жағынан қорқақсоқтағаным сол. Романды аудару былай тұрсын, қазір оны оқуға да уақыт жоқ. Аударма өзім үшін де сынақ болды», – деді ол.
Аудармашы анайы сөздерді қалай аударды?
«Норвег орманында» эротикалық сөздерді аудару қиынға түскен. Адам анатомиясына қатысты сөздерді қазақшалар кезде медициналық сөздіктердің аудармасына көңілі толмаған. Жазыла бермейтін тақырыпты қазақшалауға «Жүз жылдық жалғыздық» романы мен Ишанбай Қарақұловтың шығармалары көмектескен.
«Ер мен әйелдің мүшелерін бөлшек-бөлшегімен айту керек болды. Қазақта ондай сөздер болмаған деп ойламаймын. Осы кезге дейін «ұят» деп айтпадық. Кеңес одағының қатаң тәртібі себеп болған шығар, орыс тілінің өктемдігі де бар. Қазір орысша қолдану қалыпты болып, қазақшасы ұятсыздау көрінеді. Сондықтан аудармасын іздеу қиынға түсті. Шынын айтқанда, ол туралы әдебиет жоқ. Сөздіктегі қазақшасын сол күйінде бере салсам оқырман күлетінін білдім», – дейді Дәурен Берікқажыұлы.
Ол мұндай әдебиеттің қажет екенін, орысша айтып жүрген эротикалық сөздерді неге ұялмай қазақша қолданбасқа дейді.
«Жалпы адамға тән нәрсенің бәрін бізге қажет, қажет емес деп айтудың өзі дұрыс емес. Бұл да мәдениеттің бөлшегі. Оны неғұрлым айналымға енгізсек, соғұрлым жақсы болады. Мураками барлығын жаңалаңаштайды демеймін, әрқайсысын өз деңгейінде көрсетеді. Одан өз өміріңді көресің. Өзің айтуға ұялатын нәрсені кітаптан оқисың да, осылай да жазуға болады екен ғой дейсің», – деді ол.
«Романдағы депрессивті көңіл-күй қазақ қоғамынан да байқалады»
Аудармашы Харуки Муракамидің «Норвег орманын» өмірді түсіну үшін оқу керек дейді. Дәурен Берікқажының бұл туындыға бір сөйлеммен берер бағасы – барынша шынайы, өмірдің өзінен алынған кітап.
«Жақсы көру, сүю, ұнатып қалу деген сөздердің ара-жігін білсек те, өмірдегі адамның қайсысы екенін білмейміз. Осы романда бас кейіпкер біреуді ұнатса, енді біреуді жақсы көреді. Біреудің мінезі, біреудің өткірлігі ұнайды. Романды оқи отырып өз өмірімізге де анализ жасаймыз. Тіпті, өмірімдегі, балалармен қарым-қатынасымдағы дүниелерді көрдім. Басқа призмамен қарауға әсер етті. Сондықтан осы кітап қолына тиген кез келген адам өз өміріне басқа призмамен қарай алады», – деді ол.
Аудармашының айтуынша, «Норвег орманында» суреттелген жапон қоғамындағы алпысыншы-жетпісінші жылдардағы депрессивті көңіл-күй қазіргі қазақ қоғамында байқалады. Автор одан шығу жолын көрсетеді.
«Біздің қоғам сол кездегі депрессивті көңіл-күйді енді бастан өткеріп жатқандай әсер қалдырды. Белгілі бір дәрежеде Жапонияның жолымен келе жатқандаймыз, өйткені адамзаттың жолы біреу ғана. Біз сәл кешеуілдеп жатқан секілдіміз», – деді Дәурен Берікқажыұлы.
Шығарманы аударуға жүрексінген аудармашы соңында кітаптан шығу қиынға соққанын айтады.
«Аудармашы шығарманың бір кейіпкері сияқты сюжеттің ішіне кіріп кетеді. Бірге жылайсың, бірге күлесің. Ең ақырында ол кітаптан шыға алмай қаласың. Шыққың келмейді де. Осы кітапқа кіру қаншалықты қиын болса, шығу соншалықты қиынға соқты. Кітаптың ішінде біраз өмір сүрдім. Оқығанда өте шығасың, ал аударғанда әр сөйлемнің көңіл-күйін дәл беруің керек. Жан дүниеңнен, жүрегіңнен өткізгеннен кейін қоштасу ауыр», – деді ол.
«Муракамидің кейіпкерлері жалған сөйлегенді жақтырмайды»
Steppe & World Publishing баспасы әлемге әйгілі отыздан астам туындыны қазақшалады. Баспаның негізін қалаушы және басшысы Раиса Қадыр әр кітап жарық көргенде қуаныш кернеп, толқып, жаңадан бөпелі болғандай сезімде болатынын айтады. Бүгін де солай.
Баспа үш жыл бұрын автордың агентімен байланысып, романды қазақшалауға рұқсат алған. Аудармашы табуға біршама уақыт кеткен. Өзіндік стилистикасы, тілі бар Муракамидің шығармаларын аудару оңай емес дейді ол.
«Дәурен ағаны күттік. Мураками екеуі тандем болды. Аударма шынымен де өте жеңіл, өте әдемі шықты. Оқыған кезде жұтып қоясыз. Мураками Жапонияда ғана емес, әлемде танымал, культ болған жазушы. Жапонияның Нобель сыйлығын алған қаламгерлері бар, бірақ Мураками сияқты танымал болған жоқ. Автор шынайылық, өзіндік стилімен ішкі мұң мен махаббатын, ностальгиясын, жапондардың ішкі сана-сезімін өте әдемі келтірген. Өте өткір шығарма, әрі жеңіл оқылады. Ол өзі шынайы, шыншыл қаламгер. Кейіпкерлері жалған сөйлегенді жақтырмайды», – деді Раиса Қадыр кітаптың тұсаукесерінде.
Steppe&World баспасы Харуки Муракамидің «Жағалаудағы Кафка», Барак Обаманың биографиясы, балалар әдебиетінен Клайв Стэйплз Льюистің «Нарния шежіресі» кітаптарын қазақшалайды.
«Әр кітапты асықпай шығамыз. Қойып қоямыз, пісіреміз. Бір илеп, содан кейін ашытамыз, қайтадан илейміз. Сол сияқты кітапты біраз күтіп сапалы дүние шығарамыз», –деді баспагер.
Таланттар мен дилетанттардың қақтығысы
Баспаның бас редакторы Назгүл Қожабек Дәурен Берікқажыұлындай аударманың нюанстарын, ана тілді де, мына тілді де білетін адам өте аз екенін айта кетті.
«Баспамыздан шығатын кітаптың аудармашысы болуға келіскені біз үшін үлкен мәртебе. Дәурен аға аударады дегенді естігенде қуандым. Одан басқа кім аудара алады деп едім», – дейді ол.
Редактор Муракамидің кейіпкерлері музыканы көп тыңдайтындықтан оның шығармаларын оқыған адам ең алдымен өзіне 80-жылдардағы Америкадағы музыканы ашатынын айтады.
«Музыканттардың, жалпы өмірдегі таланттар мен дилетанттардың арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ адамзатпен үнемі келе жатқан қақтығыс көрініс тапқан. Адамдардың мінез-құлқының арасындағы қақтығыстар. Таланты бар болса да еңбекқорлығы жоқ адам мен таланты жоқ, бірақ табанды адамдардың арасында кім жетістікке жетіп жатады? Талантты пайдалана білу де керек. Кітаптан түйгенім осы», – деді ол.
Add comment