ГлавнаяБлог

Фантазияны дамытудың тиімді тәсілдері

Әдетте ерекше дүние көріп қалсақ, «адамның қиялына шек жоқ» деп таңғалып жатамыз. Мәселен адамзат баласы тікұшақты инелікке қарап ойлап тапқан. Ол үшін айрықша қабілетті, тума талант болудың керегі де шамалы. Бар болғаны фантазияны дамыту қажет. Бір қызығы, қиялды ұштау қымбат ақыны да талап етпейді. Қарапайым жаттығуларды күнделікті жасау арқылы шыңдауға әбден болады.

Кітап және фильм арқылы дамыту

Айтқандай, фантазияны дамытудың тегін жолы жетерлік. Мысалы теледидар қарап отырып, әрі сүйікті фильміңізді тамашалап, әрі қиялыңызды дамыта аласыз. Ол үшін теледидардан фильм не мультфильм қосыңыз, бірақ даусын өшіріп тастауыңыз керек.

Сөйтіп экранда болып жатқан нәрсені қарап отырып, кейіпкерлердің эмоциясы, сөйлегені, іс-әрекеттеріне қарай не айтып жатуы мүмкін деп ойланыңыз. Ойлап қана қоймай, дыбыстаңыз. Сюжеттер құрастырыңыз. Өзіңіз бұрын көрген фильм болса, мүлдем жаңа оқиғалармен қиыстырып көріңіз. Болмаса, фильм не қойылымдағы кейіпкерлердің бірінің рөлін өзіңіз ойша ойнап көрсеңіз болады. Бір эпизодты алып, сол жерде сіз не істер едіңіз, бір тығырыққа тірелсе сіз қалай шығар едіңіз — ойланыңыз. Соңы немен аяқталатынын қиялыңыздың еркіне беріңіз. Жаңа кейіпкерлер пайда бола ма, бар адамдар жоқ болып кете ме — сіз ғана шешесіз.

Адамның шығармашылық тұлғасын аша түсуге кітаптардың да көмегі зор. Әсіресе, суреті жоқ кітаптарды көбірек оқыңыз. Оқи отырып, кейіпкерлерді, олардың қимыл-әрекеттерін, ойын, көз алдында тұруы мүмкін заттарды сипаттауды әдетке айналдырыңыз. Бұл — миға керемет жаттығу.

Шығармашылықпен айналысу

Ғылымда адамның оң және сол жақ ми сыңарларының жұмысы жайлы екіұшты пікір бар. Яғни кей ғалымдар оң жақ ми сыңары шығармашылық қабілетті дамытады, сол жағы математикалық, жаратылыстану бағытты күшейтеді дейді. Десе де, кейінгі жылдары бұған келіспей, аңызға балап зерттеу жүргізгендер де бар. Қалай десек те, мидың ұдайы дамытып отыру қажет екені анық. Ол да құдды фитнеске барып бұлшықет шығарғандай жаттығу арқылы келетін нәрсе. Сондықтан фантазиясын дамытқысы келген адам бірінші кезекте шығармашылыққа ден қоюы керек.

«Бес нүкте» деген әдіс бар. Ол үшін бір параққа бес жерге бес нүкте салыңыз. Әрқайсысы әр жерде болсын. Сөйтіп оларды қосыңыз. Бірақ маңызды тұсы — қосқанда бір сурет яки бейне шығуға тиіс. Бір қарағанда оңай, бірақ миды қозғайтын әдіс. Бірнеше рет қайталаңыз. Сурет салудың фантазияны дамытуда пайдасы ұшан-теңіз. Жай ғана сурет салып қоймай, белгілі бір құбылыс не процесті қағазға түсіріп көрсеңіз болады. Айталық, таңертең ұйқыдан тұрғанда ойға сап еткен идеяны сурет қылып қалай салар едіңіз? Болмаса, қазір ғарышқа кетіп қалсаңыз, ол жерде не болуы мүмкін? Өзге ғаламшарға тап болсаңыз, айналаңызда не болар еді? Аңыздағы кейіпкерлердің түрін өзінше салып көріңіз. Абстракт дүниелерді салған соң, суретіңіз де сондай абстракт болып шығуы мүмкін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, қиялдап көру ғана. Әдемі бояулар қосып, сәндеңіз.

Одан бөлек, өлең шығару, өзіңізге арналған киім үлгілерін әзірлеу, киім тігу, тоқу, сабын жасау және т.б. әдістер толып жатыр. Кейінгі кездері көпшілік бизнеске айналдырған резин-арт секілді бағыттарды да миды жаттықтыратын әдіс деп қарастыруға болады.

Баламен бірге қиялдау

Байқасақ, балалардың көбіне ойы ұшқыр келеді. Қиялына қанат бітірсе, түрлі мүмкін емес нәрселерді тізіп кетеді. Мұндайда баланың қанатын «қимай», керісінше фантазиясының дамуына үлес қосқан дұрыс.

Ересектерге де армандап тұру керек. Күйбең тіршіліктің қамымен жүргенде қиялдауды кейінгі қалдырып не тіпті ұмытып кетуге болмайды. Бұл ми жұмысына әсер бергеннен бөлек, ойға алған істің орындалу ықтималын арттырады. Айталық, үй алғыңыз келеді. Олай болса, қай жерден, қандай үй аласыз? Ол үйдің ауласы қандай болады, бақша болса не өсіресіз? Әлде теңіздің жағасында тұрғыңыз келе ме? Интерьерді үтір-нүктесіне дейін ойластырып шығыңыз. Жиһаздың түрі тұрмақ, қай жерде тұратынын да шешіңіз. Бұл сізге жағымды эмоция сыйлайды.

Ал енді баламен бірге армандау, қиялдауға келсек, онымен бірге ертегі құрастыру әдісін ұсына аламыз. Бала табиғатынан ертегіні жақсы көреді. Неғұрлым көп ертегі тыңдап өссе, соғұрлым ойы ұшқыр болады. Одан әрмен дамыту үшін балаңыз екеуіңіз бір-бір кейіпкерден ойластырып көріңіздер. Сөйтіп олардың әрекеттерін, түрі мен болмысын сипаттаңыздар. Міндетті түрде бір мәселеге тап болып, одан шығудың жолын қарастыруыңыз керек. Ертегі қалай аяқталады, кейіпкер қалай жеңіске жетеді?

Проблемаларды шешудің басқа жолдарын қарастыру

Біз күнделікті кішігірім не тіпті үлкен мәселелерге тап болып жатамыз. Міне, сондай сәтте қайғырып не өзіңізді тығырықтан шыға алмайтын дәрменсіз көрмеңіз. Керісінше, соның өзінен барынша пайда көріп қалуға тырысқаныңыз абзал. Яғни проблеманы шешудің түрлі әдісін тізіп көріңіз. Болмаса, шешімі табылған мәселенің өзіне ойша қайта оралып, басқаша шешім қабылдағанда қалай болар еді деп саралап көріңіз. Міндетті түрде ойға қонымды болсын деген ереже жоқ. Бізде қиял қосылып тұрған соң, кептелісте тұрғанда автокөлігіңізге қанат бітіру сияқты әдістерді қоса беріңіз.

Бұл жаттығудың маңызды тұсы сол — фантазияны дамыту. Өзіңізді орасан зор күші бар фильм кейіпкері деп ойлаңыз. Осыған ұқсас мынадай ойынды ұсынамыз. Ол үшін сізге бар болғаны елестетіп, қиялдай білу керек. Айталық, адам ұша алса қалай болады? Адам мүлдем ұйықтамайтын болса не болар еді? Аспанның түсі көк емес, жасыл болса ше? Біздің басымыз төртбұрыш формада болса қалай болады? Егер миды келілеп сатып алуға болатын болса ше? Бір қарағанда жындының сандырағына ұқсауы мүмкін. Десе де, арагідік ойнап, қиялды ұштап қойған артық болмайды. Бір затыңыз сынып қалса, оны басқаша қалай қолдануға болатынын ойлап көріңіз. Немесе жөндеу жұмысын өзіңіз істеңіз.

Күнделікті қарапайым жаттығулар жасау

«Миымды дамытам» деп белгілі бір сағат бөліп, оны арнайы жоспарға енгізудің қажеті шамалы. Өйткені сіз қалаған кезіңізде, басқа шаруаларға кедергі жасамай-ақ фантазияңызды іске қоса берсеңіз болады.

Мәселен қоғамдық көлікте кетіп бара жатырсыз. Жұмысқа қарай ма әлде сабақтан келе жатырсыз ба маңызды емес. Автобусқа құр отырмай, жан-жағыңызға қараңыз. Адамдарға көз тастаңыз. Бірақ енді жаттығу жасаймын деп, бедірейіп көз алмай отыруға болмайды. Жай ғана бірер секунд шолып шығыңыз. Сол көзқарастың өзі сіздің қиялыңызды іске қосуға жетіп жатыр. Ол адам немен айналысады деп ойлайсыз, отбасылық өмірі қалай, тағдыры қандай деп ойлайсыз? Бір қарағанда кім болып жұмыс істейтін секілді? Хоббиі қандай болуы мүмкін? Осылай жолда ойланып уақыт өткізуге болады. Болмаса, кейде шаруа істейтін, үйреншікті қолыңызды ауыстырып көріңіз. Мысалы оңақай болсаңыз, бүгін сол қолмен жазып дегендей. Тағы бір қызық тәсіл — заттарға атау беру. Қасықтың атауын сіз ойлап табар болсаңыз, ол қалай аталуы мүмкін еді? Мүлдем қолданыста жоқ сөздерді ойлап табыңыз. Әрі қызық, әрі пайдалы әдіс. Көшеде жүргенде аспанға көз салып жүргейсіз. Әсіресе, бұлттар көшіп жатқанда не әдемі көрініс болғанда. Бала кезде сіз де талай рет бұлттарды бір нәрсеге ұқсатқан боларсыз? Есейдім екен деп ондайды ұмытып кетсеңіз, қайта қалыпқа келтіріңіз. Кейде мысыққа, кейде бір жазуға ұқсап кететін болады. Миыңызға шектеу қоймаңыз. Қиялды іске қосып, абстракт дүниеге болсын ұқсата берсеңіз болады. Барынша шығармашыл адамдармен араласыңыз. Олардың ойы қызық әрі бейстандарт келеді. Идеялар талқылап, пікірін сұраңыз. Бұл да қиялды қозғауға септігін тигізеді. Саяхаттауды әдетке айналдырыңыз. Жаңа локацияның берері мол.