Түркиядағы тағылымдама

Бұл – жергілікті билік органдарының халықаралық тағылымдамасы. Оны 2012 жылдан бері Түркия муниципалитеттер одағы ұйымдастырып келеді. Қатысушының барлық шығынын да осы ұйым өтейді.

Тағылымдаманың мақсаты – тәжірибе арқылы және Түркияның бірнеше қаласына сапар барысында қатысушыларға жергілікті өзін-өзі басқару нұсқаулығын оқыту.

Кімдер қатыса алады?

Шетелдің және Түркияның жоғары курс студенттері мен ЖОО-ны бітіргеніне кемінде бір жыл болған түлектер қатыса алады. Олар ағылшын тілін білуі керек, IELTS тестінің нәтижесі талап етілмейді. Сосын мамандығы мына бағыттарда болуы керек:

  • заң
  • экономика
  • қалалық/ аймақтық жоспарлау
  • әлеуметтану
  • статистика
  • коммуникация
  • саясаттану
  • халықаралық қатынастар
  • әкімшілік ғылымдар
  • тағы басқа іргелес салалар.

Тағылымдама 2022 жылдың 21-27 тамызы аралығында өтеді. Өтініш толтыру дедлайны: 2022 жылдың 10 маусымы. Өтінішті мына сілтемеге өтіп, толтыра аласыз.

Ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған бағдарлама

Fulbright (FLTA ) шет тілдері оқытушысы ассистентінің бағдарламасы (2023-2024 оқу жылына) Қазақстандағы ағылшын тілі оқытушыларының білігін арттыруға және АҚШ қоғамы мен мәдениеті туралы білімін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама 9 айға созылады.

FLTA қатысушысы АҚШ университетінде немесе колледжінде, қауымдастықтарда, сабақтан тыс іс-шараларда қазақ тілін үйретіп, ақпарат-насихат жобаларды іске асыра алады.

Бағдарламаның артықшылығы:

  • ай сайын стипендия;
  • жазатайым оқиғалардан және аурудан сақтандыру ақысы;
  • жол шығыны өтеледі;
  • оқу ақысын төлеуден босатылады.

Бағдарламаға кім қатыса алады?

  • Тек Қазақстанның азаматтары қатысуға құқылы. Ол Қазақстанда тұруға тиіс. Басқа елдің азаматы қатыса алмайды.
  • Үміткер ағылшын тілінің мұғалімі немесе сол мамандықта оқитын болуы керек.
  • Үміткерде 2022 жылдың шілдесіне дейін бакалавр дәрежесі болуы керек.
  • АҚШ-та оқыған немесе сонда тәжірибе алмасқан адамдар қатыса алмайды.

Іріктеу критерийлері:

  • Үміткер қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек.
  • Ағылшын тілін меңгергені жөнінде TOEFL немесе IELTS тестінің нәтижесі қажет. GRE немесе GMAT нәтижесі талап етілмейді. Үміткер TOEFL немесе IELTS тестін тапсырмай-ақ өтініш бере алады. Олар іріктеу процесі кезінде тесті тегін тапсырады.
  • Үміткер іріктеу кезінде Қазақстанда тұруға тиіс.

Дедлайн: 2022 жыл 31 маусым сағат 23.59-ға дейін.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты мына жерден оқи аласыз. Онлайн-өтінішті мына сілтемеге жіберу керек.

Data Science бағытында оқытатын тегін курс

Kaspi Lab ЖОО студенттеріне тегін Data Science курсын өткізеді. Іріктеуден өтіп, курсты үздік бітірген студенттер Kaspi.kz командасында ақысы төленетін тағылымдамадан өтіп, ары қарай жұмысқа тұра алады.

Курс бағдарламасында:

  • MS Excel-дегі статистика функциялары;
  • SQL, Hadoop, Kafka негіздері;
  • Python, SAS Base-де бағдарлама жазу
  • Деректерді талдау, визуал жасау;
  • Machine Learning (NLP, CV).

Тіркеліп, тестілеуден өту үшін мына сілтемеге өтіңіз.

Дедлайн: Курсқа тіркелу 6 мамырға дейін жалғасады.

8-11 мамыр аралығында тестілеу өтеді. Іріктеу нәтижесі 13 мамырда белгілі болады. Дәрістер 15 мамырда басталады.

АҚШ-та магистратура оқуға арналған бағдарлама

Fulbright шетелдік студенттерге арналған бағдарламасы (2023-2024 оқу жылына) АҚШ-та оқып, магистр дәрежесін алуға мүмкіндік береді. Онда медицина ғылымынан басқа барлық сала бойынша білім алуға болады.

Кімдер қатыса алады?

  • Өтініш беруші Қазақстан азаматы болуы және сонда тұруы керек;
  • Үміткер университет бітірген соң саласы бойынша кемінде 2 жыл кәсіби тәжірибеден өтуі керек. Бакалавриаттың 3-4-курс студенттерінің өтініші қабылданбайды.
  • Үміткер АҚШ-тың жоғары оқу орнында бұрын оқымаған болуы керек.
  • Талапкердің Батыс Еуропа, Аустралия, Жаңа Зеландия және Канада университеттерінде магистр дәрежесі болмауы керек.

Грант қандай шығынды өтейді?

  • J-1 визасы;
  • Оқу ақысын және басқа да қосымша алымдар;
  • Медициналық сақтандыру;
  • Ай сайын стипендия;
  • Кітаптар мен керек-жарақтар;
  • Барып-келу әуе билеттері.

Іріктеу критерийлері:

  • Үміткерлердің ағылшын тілі деңгейі жоғары болуы керек.
  • Академиялық тәжірибесі болуы қажет.
  • TOEFL және GRE/GMAT тестерінің нәтижесі қажет.
  • Үміткер көшбасшы екенін, жігерін көрсетуі керек.

Дедлайн: 2022 жыл 20 шілде сағат 00.00-ге дейін.

Бағдарлама туралы толық білу үшін мына сілтемеге өтіңіз. Онлайн-өтінішті мына сілтемеге жіберу керек.

Tesla-ның тағылымдамасы

Tesla компаниясында инженериң және ақпараттық технологиялар, қаржы, HR, дизайн, көлік құралдарына қызмет көрсету, заң және мемлекеттік мәселелер, операциялар және бизнесті қолдау салаларында жоғары білімі бар мамандар мен студенттер жазғы және күзгі тағылымдамадан өте алады.

Оның көбі 2022 жылдың мамыр не маусым айларында басталып, күзге дейін (тамыз, қыркүйек) жалғасады. Кейбірі биыл тамызда не қыркүйекте басталып, желтоқсанға дейін немесе 2023 жылдың көктеміне дейін жалғасады.

Қатысушы тағылымдамада кемінде 3 ай толық жұмыс күнін өтеуі керек.

Тағылымдаманы Tesla-ның әлемдегі кез келген штабынан өтуге болады. Тізімін мына сілтемеден көріп, сол жақтан өтінім толтыра аласыз.

Қосымша сұрақтарыңызды accommodationrequest@tesla.com поштасына жолдаңыз.

BMW Group тағылымдамасы

Шетелдік студенттер BMW компаниясынан да ақысы төленетін тағылымдамадан өте алады. Компанияның ресми сайтында Мюнхенде және Германияның басқа да өңірінде өтуге болатын 400-ден астам тағылымдама жарияланған.

Негізгі талаптар:

  • үміткер университетте оқитын студент болуы шарт немесе бакалавриат пен магистратура, магистратура мен докторантура арасында үзіліс алса да, болады;
  • академиялық үлгерімі жақсы болуы қажет;
  • үміткер ағылшын тілін немесе тағылымдамадан өтетін елдің негізгі тілін жетік меңгеруі керек.

Тағылымдама кем дегенде 6 айға созылады. Одан да ұзақ және жақсы жұмыс істеген үміткердің жұмысқа тұру мүмкіндігі жоғары.

Өтінішті BMW-ның ресми сайтына кіріп, қажет тағылымдаманы таңдап, онлайн толтыруға болады.

Audi компаниясы да тәжірибеден өткісі келетін шетелдік студенттерге мүмкіндік береді. Онда тағылымдамадан өтетін студенттерге айына 1496 еуро сыйақы беріледі. Толық ақпарат пен өтініш толтыру ережесін ресми сайтынан біле аласыз.

Еуропаның жастарға арналған еріктілер бағдарламасы

Жастар ерікті болу арқылы біреуге көмектесіп қана қоймай, өз саласында тәжірибе жинап, шетел көріп, өзге елдің мәдениетімен таныса алады. Дәл осындай мүмкіндікті Еуропа одағының ерікті жастарға арналған бағдарламасы ұсынады. Еріктінің барлық шығынын да сол ұйым өтеп, жәрдемақы да төлейді.

Одақтың сайтында ерікті болғысы келетіндерге арналған түрлі саладағы 1000-нан астам қызмет бар. Әрқайсының талабы және дедлайны әртүрлі.

Ең бастысы – еріктінің жасы 18-ге толған, 30-дан аспаған болуы керек. Сосын бұл бағдарламада IELTS немесе TOEFL тестінің нәтижесі талап етілмейді.

Үміткер ерікті болып тек Еуропа елдеріне бара алады.

Қызметтің мерзімі: 4 – 48 апта аралығында.

Еріктілер бағдарламасына қатысу үшін Еуропа одағының сайтына кіріп, қажет қызметті таңдап, сол сайтта онлайн өтініш толтырсаңыз жеткілікті.

Біріккен ұлттар ұйымының да еріктілерге арналған дәл осындай бағдарламасы бар. Бұл ұйым әлемнің түкпір-түкпірінен 8 мыңнан астам еріктіні шақырып, шығынын өздері өтеп береді. Онда қосылу үшін еріктінің жасы 18-ден асса, жеткілікті. Бағдарламаға өтінішті БҰҰ-ның ресми сайтынан жібере аласыз.